АЛТЫНОРДА
Новости

ОҚО-да перзентхананың жоқтығынан әйелдер жолда босанып жатыр

ОҚО-да перзентхананың жоқтығынан әйелдер жолда босанып жатырОңтүстік Қазақстан облысының Жылға ауылындағы аяғы ауыр келіншектердің күні қараң болып тұр. Ондағы жүкті әйелдер өз басын қауіпке тігіп, жолда босанып қалып жатыр.

Өйткені ауылдағы жалғыз перзентхананы жауып тастаған. Осыдан бір ай бұрын Фарида Сарыбаева сан соғып қала жаздады. Айы-күні жеткен келіншекті толғағы қысқан.

Ақырында жол үстінде күйеуі мен оның досы көлікте босандырып алыпты. Ал нәрестенің кіндігін көліктің жүк салғышындағы зарарсыздандырылмаған пышақпен кесе салған.

«Айдалада сол машинадан ішім қатты ауырып, сыртқа түсіп кеттім машинадан. Сол кезде суым жарылып кетті. Содан кейін күйеуім машинаға салды. Сөйтіп, машинаның ішінде босанып қалдым», — дейді Жылға ауылының тұрғыны Фарида Сарыбаева.

Осы оқиғадан соң ол сәбиіне суық тигізіп алыпты. Өзінің де жаны қиналып, біраз қан жоғалтқан.

Енді ғана білегін бесікке қойып, баласына көңіл бөлуге мүмкіндік алыпты. Жылғалық келіншектердің басын бұлай қауіпке тігуіне басты себеп — ауылдағы перзентхана жұмысын тоқтатуы.

Жылғаның жырына айналған перзентханада кезінде дүние есігін жаңадан ашқан талай шарананың шырылдаған дауысы естіліп жататын. Мұнда жергілікті жұрттың айтуынша, күніне кемінде 5 нәрестенің кіндігі кесілген деседі.

Бірақ соңғы үш жылдан бері есігі тарс жабылып, құлып салынған. Жергілікті тұрғындардың да бар уайымы осы болып отыр. Аяғы ауыр келіншектер тек аудан орталығына барып босануы керек. Сол үшін айналма жолмен алпыс шақырымды артта қалдыруына тура келеді.

Алайда, ойлы-қырлы жермен жүріп өтудің өзі қиямет. Ал 10 мыңға жуық халқы бар Жылғаның перзентханасы 2011 жылы жабылып қалған. Сонан бері жолда босанып қалудың төрт жағдайы тіркеліпті.

«Үшеуі шетінеген жоқ, сол біреуі шетінеген деп естідік. Бірақ бәрібір де жағдай керек. Ең құрығанда, барлық халық осы жерде босанбаса да, алғашқы жәрдем түнделетіп келетіні бар, Шеңгелдіден, Қойауылдан алыс жерлерден келетіні бар. Соларға алғашқы көмек көрсетсе, балалардың жағдайы болар ма еді», — дейді Жылға ауылының тұрғыны Сәуле Шегебаева.

Мамандардың айтуынша, ескі перзентханада ешқандай ана мен бала өлімі болмаған. Оның үстіне елді мекенде туу көрсеткіші жоғарылап келеді. Былтыр бұл ауылда 266 бала туылса, биылғы екі жарым айда 56 сәби дүние есігін ашыпты.

Қалай десек те, жылғалық келіншектердің көретін азабы әзірге азаймайтын секілді. Ал келіндерінің болашағына алаңдаған кей аналар ескілікке салынып, өз үйлерінде босандырып алатын болыпты.

«Мен Сарыағашқа апарып туғызбаймын келінді, біріншіден. Анық Құдай беретін болса, мен осы жерден акушерканы алып, Сарыағашқа апармай, үйде босандырамын», — дейді тұрғындардың бірі.

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасындағылар мұндай қиындықтың барын біледі. Бірақ министрліктің өкімін ешкім бұза алмайды дейді олар.»Дегенмен, бәрі бақылауда» деп сендіруде.

«Жылға ауылында қазір 103 жүкті әйел тіркелген. Оның ішінде тәуекел факторы жоғары, яғни денсаулығы қауіптірек 20-25 шақты келіншек бар. Олардың барлығы менің өзімнің жеке қадағалауымда», — дейді ОҚО Денсаулық сақтау басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Айгүл Сапарғалиева.

tv7.kz

news.nur.kz

Толығырақ: http://alashainasy.kz/society/oko-da-perzenthananyin-joktyigyinan-ayelder-jolda-bosanyip-jatyir-65432/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі