ОҚО-да сүтті бағыттағы мал шаруашылығы Украин технологиясы бойынша дамитын болады. Бұл туралы Украин делегациясының Оңтүстік Қазақстанға жасаған сапары кезінде белгілі болды. Аталған елдің «Dairy Global Experts», «АгроКлимат Украина», сондай-ақ, Украинаның Голштинский қауымдастығы мен Сүт өндірушілер қауымдастығы сынды ірі ұйымдарынан келген мамандар оңтүстікқазақстандық сала жетекшілерімен тәжірибе алмасып, жаңа технологияны қолданысқа енгізудің тетіктерін қарастырды. Мұнан бөлек, кездесуде тауарлы-сүт фермаларының бірыңғай орталығы мен шаруаларды жергілікті асыл тұқымды ірі қаралармен қамтамасыз ететін кешеннің жұмысын жүйелеуге бағытталған кеңес беру орталығын ашу мәселесі де қаралды. Сондай-ақ, ұжымдық үлгідегі отбасылық шаруашылықтарда сүтті бағытты дамытудың механизмдері талқыланды. Іс-шара барысында делегаттар «Максимум» АИО-ның ұйымдастыруымен өткен кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығындағы семинар кеңеске қатысты. ОҚО-да сүтті бағыттағы мал шаруашылығын дамыту тақырыбына арналған жиында украиндық мамандар тауарлы-сүт фермаларын құру мен оны дамытудың қыр-сырымен бөлісті. Жиын соңында сүт шаруашылығы саласындағы әлеуетті жобаларды жүзеге асыру бойынша «Максимум» АИО және «ҚазАгроҚаржы» АҚ компанияларымен бірлесіп жұмыс жасау жолдары талқыланды.
http://ontustik.gov.kz/