Бір гектар алма бақтан 50 тоннаға дейін өнім жиналып жатыр. Бұл соңғы технологияларды қолданып егілген баудың жемісі. Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары еліміздегі көкөніс, бау-бақша өнімдеріне деген сұраныстың басым бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Олар енді бау егудің осындай озық әдісіне көше бастапты. Оңтүстік Қазақстан облысында алма, алмұрт пен жүзімді жаппай жинау науқаны басталды. Биыл диқандар мол өнім жинаймыз деп шамалап отыр. Өйткені жемістің көбі қарқынды баудан жиналады. Нарық заманына бейімделген шаруаның барлығы қазір аз аумақтан көп өнім алатын озық әдіске көше бастаған. Марина Оразаева, Қазақ жеміс-жидек және жүзім ҒЗИ аға ғылыми қызметкері -Классикалық әдіспен егілген бауда бір гектарға 250 түпке дейін ғана көшет отырғызылады. Ал қарқынды бауда бір гектарға 3000 түп алма отырғыза аласыз. 5 есеге дейін көп өнім береді. Бауды міндетті түрде тамшылатып суғару керек. Бар минералды тыңайтқыш тамырына ысырапсыз, тез жетеді. Ал тығыз орналасқан көшеттің бойы аласа болып өседі. Мұның да тиімділігі бар. Қанафия Серғазиев, Қазақ жеміс-жидек және жүзім ҒЗИ аға ғылыми қызметкері -Шығарылған шығынның 60 пайызы алманы жинауға жұмсалады. Қарқынды баудың бойы 2-2,5 метр болғандықтан, алманы жинау мүмкіндігі әлдеқайда артады. Осы арқылы көп экономия жасаймыз. 2012 жылы облыста 250 гектар аумақта ғана қарқынды бау отырғызылған болатын. Тың әдісті жергілікті диқандар жатсынбай қабылдады. Пайдалы тұсын жақсы түсінді. Кеңес Алпысбаев, Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы -Биылдың өзінде 600 гектарға егіп, қарқынды баудың көлемі жалпы 1200 гектардан асып отыр. Оның егіс көлемін алдағы уақытта арттырып, 2020 жылға дейінгі бау шаруашылығын дамыту жоспарына сәйкес 2020 жылы 20 мың гектарға дейін көбейтпекшіміз. Диқандар алғашқы кезде қарқынды бауға керекті көшеттерді Еуропадан алып келген болатын. 160 гектар жерге жүзім, 300 гектардай алқапқа алма, өрік, шабдалы мен алмұрт еккен «Аманкелді» шаруашылығы көшеттерді тәлімбақта өсіріп, диқандарға жерсіндірілген өзіміздің сорттарды ұсына бастады. Әбдез Рахманұлы, тілші -ОҚО ауа райы жүзімнің асханалық сортын өсіруге өте ыңғайлы. Аспанның ашық болып тұратын мезгілі көп, күн ыстық. Осындай жағдайда өскен жүзімнің тайфи сортының құрамындағы қанттың үлесі 27 пайызға жетеді. Дәрумені көп, ағзаға пайдалы. Егер дұрыс бапталған жүзім болса, бір сағының салмағы 5 келіден асады.
Қарқынды баққа диқандардың қызығып жатқаны, екінші жылы өнім бере бастайды және 4-5 жылда өзін-өзі ақтайды.
Ақпарат көзі: khabar.kz
http://zhebe.com/