Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздегі дүкен сөрелеріне 9 мың тоннадан астам жеміс-жидек өнімдерін жеткізген. ҚР инвестициялар және даму министрлігінің хабарлауынша, «Жасыл өнімге – жасыл жол» акциясы аясында күнгейліктер басқа облыстарға 26 автокеруен ұйымдастырған. Ел аумағындағы жолдарда қосымша тексерістер жүргізуден қорғалған 603 жүк көлігімен 9 257 тонна жеміс-жидек тасымалданды. Еске салсақ, алғашқы автокеруен осы жылдың 2 шілдесінде Сарыағаш ауданынан шыққан еді. Бұл акцияны өткізудегі басты мақсат – Оңтүстік өңірдің көкөністерін басқа облыстарға тасымалдағанда кедергілерді жою және оңайлату болды. Оның үстіне жол үстінде жүк көліктерін тексеру мен тоқтату азайтылды.
Ақпарат көзі: «Оңтүстік Рабат» газеті