Оқулық сапасы жақсармауының басты себебі неде?
Гүлшат НҰРЫМБЕТОВА, саяси ғылымдар докторы, профессор:
– Бұл тәуелсіздік алғалы күн тәртібінен түспей келе жатқан мәселе. Баяғы Кеңес заманында бүкіл одақ тек бір ғана оқулықпен оқыды. Ешқандай кілтипан болмады. Сапалы еді, жақсы еді, оқушының деңгейіне, ойлау-өрісіне сай еді. Ол мейлі математика, геометрия, тарих болсын, бәрі көкейге қонымды болатын. Алақұла оқулықтар тәуелсіздіктен кейін басталды. Әртүрлі оқулық пайда болды. Мұғалімдердің өзі қай кітапты таңдарын білмей қалды. Бірізділік жоқ. Сонымен қатар сапасы сын көтермейді. Рас, республикалық «Оқулық» деген орталық бар. Орта мектептерге арналған оқулықтарға сол жер жауап беруі тиіс. Ол орталықта даярланған кітаптарға сараптама жүргізіледі. Соған қарамастан сапасы төмен оқулықтар жарық көріп жатады. Менің ойымша, мектепке қатысты оқулықтарды көрінген кісі емес, негізі мұғалімдердің өзі даярлауы тиіс. Жұмысшы тобы құрылса, солар әр сыныптағы оқушылардың ойлау қабілетіне, түсінігіне сай етіп жазып шықса, бәрі орын-орнына келер еді.
Аягүл МИРАЗОВА, №159 мектеп-гимназия директоры, Қазақстанның Еңбек Ері:
– Оқулық сапасы жөнінде әңгіме бола қалса, біз соны жазған авторларға байланысты ғана сын айтамыз. Жоқ. Біз оны кең түрде талқылағанымыз жөн. Неге десең, оқулықты жазатын автор, оқу бағдарламасында не көрсетілді, сол деңгейден аса алмайды. Ал бағдарламаны даярлайтын Ы. Алтынсарин атындағы академия. Меніңше, оқулық сапасын реттеу үшін, ғалымдар мен ұстаздардың біріккен тобы жұмыс істеуі тиіс. Сонда ғана жүйелілік, сабақтастық болады. Оқулық – оқушының бағдаршамы, оның болашағы. Мектепте сапалы білім алсаң, келешегің де жарқын. Мемлекетімізге, Елбасымызға рақмет. Жыл сайын білім саласына қыруар қаржы бөлініп жатыр. Тек соны дұрыс игеріп, сапалы оқулықтар шығаруға күш салған жөн. Яғни ең алдымен, оқу бағдарламасын жөндесек, оқулықтың сапасы да реттеледі деп ойлаймын.
Ұлжалғас ЕСНАЗАРОВА, педагогика ғылымдарының докторы, профессор:
– Мен өзім бірнеше оқулық жаздым және сол оқулық бойынша сабақ беремін. Оқулықтың сапалы болуы үшін оны бастырып алып емес, қолжазба кезінде талқылау керек. Сол жерде не артық, не кем, не жетпейді, қайсысы түсініксіз бәрі есепке алынады. Кемшілік жойылады. Бұл менің өз тәжірибем. Жалпы оқулық жазу барысында мен 9 ұстанымға сүйенемін. Бәрін ретке келтіру қажет бола қоймас, соның ішінде екеуін айта кетейін. Біріншісі ғылыми, екіншісі түсінікті болу. Осы екеуі сабақтасса, онда еңбегің дұрыс болғаны. Тағы бір мәселе, Жапония, Франция, Ұлыбритания, Германияны алатын болсақ, бұл елдерде оқулықты тек сол елдің тілін жетік білетін, сол тілде ойлап, сол тілде жазатын адамдар ғана жазады. Сонда ол толыққанды, сапалы, түсінікті болып шағады. Ал бізде оқулық жазудан дәмелілер көп, әркім өзінің жазған-сызғанын әкеліп тықпалайды. Осыдан келіп сапа төмендейді. Оқушының білімінің кемдігіне әкеліп соғады. Сондықтан оқулық жазуға жүйелі түрде кіріскен жөн.
Дайындаған – Сейсен ӘМІРБЕКҰЛЫ Айтжан МҰРЗАНОВ (фото)
http://www.aikyn.kz/articles/view/47027