Қазақстандық оқушылардың көпшілігі дұрыс тамақтанбайды. Осының салдарынан жоғарғы сыныпта оқитын балалардың үштен бірінің салмағы шамадан тыс артып кеткен.
– Сабаққа таңертең барамын. Таңғы асымды үлгерсем үйден ішемін, үлгермесем үзілісте мектеп асханасына барамын. Әдетті түске дейін ол жақта ыстық тамақ пен жаңа піскен тоқаш болады. Бірақ түстен кейін түк қалмайды. Біз алты сабақтан шыққанда асханада тек шырын мен кәмпит қалады. Сондықтан жолдың арғы бетіндегі самса сататын жерге барып тамақтанамын, – дейді оқушы Ернар Қалиев.
Ол дайын күйінде сатылатын фаст-фуд тағамдардың денсаулығына зиян екенін естісе де, «каратэмен айналысатын менің денсаулығыма зиян келтірмеуі керек» деп біледі.
«32 ПАЙЫЗЫНЫҢ САЛМАҒЫ АРТЫҚ»
Қазақ тағамтану институты мен сүт өнімдерін шығаратын компаниялардың бірі биыл көктемде жүргізген зерттеуге қарағанда, Ернар Қалиев секілді тамақтанатын жоғарғы сынып оқушыларының үштен бірі семіздікке шалдыққан.
Зерттеу Алматы қаласы мен Алматы облысының 50 мектебіндегі 5-9 сынып оқушылары арасында өткен. Сұрау салынған 7500 оқушының арасындағы
жоғарғы сыныпта оқитын балалардың 31,8 пайызының артық салмағы бары, оның 17,6 пайызы семіздікке шалдыққаны анықталған.
Мамандардың пікірінше, жоғарғы сынып оқушыларының тең жартысы фаст-фуд өнімдері мен газдалған сусынға құмар.
– Сауалнамаға қатысқан балалардың 50 пайыздан көбі тәтті газдалған сусындар ішіп, фаст-фуд тамақ жейтіндерін айтты. Оқушылардың 13,6 пайызы фаст-фудтты күнделікті тұтынатын болып шықты, – дейді сүт өнімдерін шығаратын компанияның бас директоры Давид Манзини.
Сауалнамаға қатысқан балалардың 80 пайызы сүт өнімдері мен жеміс-жидектердің пайдалы екенін біледі, бірақ олардың тек 26 пайызы ғана осы тағамдарды тұрақты тұтынады.
– Жастардың пайдалы, табиғи тамақтың орнына фаст-фудты тұтынуының басты себебі – соңғысының зияны жайлы аз білетіндігінде. Фаст-фуд ағзаға пайда бермейді, ал газдалған сусын ағзадағы бар минералдардың жойылуына әсер етеді, – дейді тағамтану академиясының вице-президенті Юрий Синявский.
«МЕКТЕПТЕРДЕ МҰНДАЙ ЗИЯНДЫ ТАҒАМДАР ЖОҚ»
Алматы қаласы білім басқармасының жалпы орта білім беру бөлімінің бас маманы Тахиржан Салижанов «жоғарыда сөз болған зиянды өнімдер мектептерде жоқ» екенін айтады.
– Мектептерде энергетикалық және газдалған сусындар, майға қуырылған өнімдер бұған дейін болған емес, қазір де жоқ. Бұл – санитарлық нормалар мен ережелер бойынша қатаң тыйым салынған өнімдер, – деді маман.
Тахиржан Салижанов мектеп асханаларын жиі тексеріп тұратындарын, ата-
аналар немесе қоғамдық ұйымдар тексеру жүргізгісі келсе ертіп баруға дайын екендерін мәлімдеді.
Ол үкіметтің 2007 жылғы тамыз айындағы арнайы қаулысы бойынша алкогольді өнімдер мектеп территориясынан 100 метр алыс жерде сатылуы тиіс екенін де айтты.
Бірақ «Ұлағатты жанұя» қоғамдық қорының жетекшісі Марианна Гурина «мектептерде тыйым салынған өнімдердің бар-жоғын анықтау мүмкін емес» екенін айтады.
– Бір де бір мектеп сіз бен бізді өз асханасына кіргізбейді. Кіргізген күннің өзінде білім департаментінің рұқсатымен, алдын ала ескерту жасалып келіп, тексеруге болады, – дейді ол.
Мектеп тағамының сапасы 26 қарашада Алматыда өткен, тағамтану академиясы мен сүт өнімдері компаниясы зерттеуінің қорытындысы жарияланған жиында айтылды. Мамандар «мектепте және мектеп маңында газдалған сусын мен фаст-фуд сатуды тоқтату керек» дейді. Олар балаларға құрамында пайдалы заттар мол, көптеген аурулардың алдын алуға сеп болатын сүт тағамдарын жиі беру керек екенін айтады.
2007 жылдан бері Алматы қаласындағы бастауыш сынып (1-4 сыныптар) оқушыларына ғана күніне бір мәрте тегін ыстық тамақ беріледі. Ал жоғарғы сынып оқушылары тамақтарын үйден әкеледі, мектеп асханасынан не дүкеннен сатып алады.
Азаттық тілшісі мектептерде оқушыларға берілетін тағамның сапасы жайлы бұған дейін де жазған еді.