АЛТЫНОРДА
Новости

ОҚУШЫНЫ ШАТАСТЫРМАЙТЫН ОҚУЛЫҚ ЖАЗЫЛАДЫ

f822b8a4c250434b5d4323c159d79951Тарих пәні бойынша мектеп оқушылары мен студенттерді шатастырмайтын оқулық жазылады. Яғни алдағы уақытта «Әлем тарихы», «Орта Азиялық мемлекеттер тарихы» және тарихтың салалары бойынша жаңа оқулықтар жазыла бастамақ.
Қазіргі күні аталған оқулықтар авторларының тізімі жинақталуда екен. Бұл жөнінде Ұлттық тарихты реформалау барысында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырған брифингте Мемлекет тарихы институтының директоры Бүркітбай Аяған мәлімдеді.

Ол қазіргі таңда тарихшылар үшін мемлекет тарапынан тиісті жағдайдың жасалып отырғанын айтады. «Басқа кезеңдермен са­лыс­тырғанда, ғалымдарға мем­лекет қолдау көрсетіп отыр. Біз – тарихшы ғалымдар оны жақсы түсініп отырмыз. Ендігі жерде ғалымдарға ешкім де идео­ло­гия­лық шектеулер қоймайды. Кері­сінше, оларға түбегейлі толық зерт­теулер жүргізуге жағдай жа­салады» деді.
Институт жетекшісі айтқан деректерге жүгінсек, еліміздегі 59 жоғары оқу орнында Қазақстан тарихы кафедралары жұмыс істеп келеді. 4 мемлекеттік, 9 акцио­нер­лік, 9 жеке жоғары оқу орын­дарында Қазақстан тарихы кафедралары жаңадан ашылып, жұмысқа кіріскен. «Тарих» ма­мандығы бойынша жоғары білім беретін кадрларды даярлауға мем­лекеттік тапсырыс көбейіпті. Тарих саласындағы PhD доктор­ларын даярлауға да артық грант беріліпті. Жас тарихшылар да жамағаттан қалмай, өздерінің қауымдастығын құрып үлгеріпті.
«29 шілде күні «Республикалық жас тарихшылар қауымдастығы» тіркеуден өтті. Қазіргі кезде қай ғылым саласында да жастар азайып кетті. Бірақ соңғы кезде жастар арасында тарихқа деген қызығушылық арта бастады. Қауымдастықтың міндеті жас ға­лымдарға жол беру, мұқтаждарын мемлекет алдында айта отыру. Олар­дың күш-қуатын пайдала­нып, жаңа буын тарихшыларды тәрбиелеу. Біз жастарға көп үміт артамыз. Жастар арасында жақсы ғалымдар көп», дейді институт директоры. Расында да, жас ға­лымдар қолға алатын жұмыс аз емес екен. Мәселен, Білім және ғылым министрінің бұйрығына сәйкес, зерттеу әдістемесі мен ме­тодологиясын жаңғырту мін­деттері жүктелген оқу-әдістемелік орталықтар ашылған. Айталық, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде азиялық номадтық өркениетті зерттеу ор­талығының жұмысы жолға қойыл­ды. 38 адамнан тұратын орталықты тарих ғылымдарының докторы Талас Омарбеков басқарады. Ал тарих ғылымдарының докторы Ж.Таймағамбетовке «Геоар­хео­логия» халықаралық ғылыми зерт­ханасына жетекшілік ету жүктелді. Бұл зертханада 88 адам еңбек етеді. Олардың арасында АҚШ, Жапония, Германия мен Ресейдің жетекші ғалымдары бар. Сонымен қатар популяциялық генетика бойынша зертхана құру жобасы да жасалған. Алдағы уақытта «Ұлт тарихының өзекті мәселелері» атты ғылыми журнал жарық көрмек.  Ұлт тарихын қайта зерделеу туралы мәселе көтерілгелі бері тарихшыларымыз шетел мұра­ғат­тарын бетке алған-ды. Ғалым­дардың жинаған маңызды құжат­тары жыл соңына қарай БАҚ пен қоғам назарына ұсынылады.
Қазақ тарихы мен Қазақстан тарихының қай кезеңі де әлі де зерттеуді қажет ететін, елді елең еткізетін маңызды деректерге толы. Мәселен, Кеңес Одағының батыры атанған Әлия мен Мән­шүктің өмірлеріне қатысты біз білмейтін деректер айтыла бас­тады.
«Мәншүк соғысқа өз еркімен сұранып аттанды. Неге? Себебі оның әкесі халық жауы ретінде ұсталып, атылып кеткен. Мәншүк әкесінің ұсталғанын білген. Оның соғысқа тіленіп кетуі «әкемді орыс жерінен аман алып шыға­мын ба?» деген арманымен бай­ла­нысты болуы мүмкін. Біз Мән­шүк­тің ерлігін айтамыз да, шық­қан тегін айтпаймыз. Себебі ол жағы әлі ашылмаған» деген Б.Аяған репрес­сияға ұшыраған­дардың балаларының ҰОС кезін­де со­ғысқа өз еріктерімен сұра­нып бару үрдісі болғанын айтты.
Ол сонымен бірге Әлияның Молдағұлова атануы әкесінің ауқатты қазақ болуына байла­нысты деген ақтөбелік тарихшы­лардың пайымдауын қолдай­тынын біл­дірді. «Әлия қалайша Ленин­град­қа барды? Әлияның әкесі ауқатты болған. Бай-кулак ретінде ұсталып кеткен. Ал анасын атып тастаған. Әлия нағашы ағасының қолында өсіп, сол кісі­нің фамилиясын ал­ған. Фами­лия­сын бай тұқымы деп қудалан­басын деген сақтықтан ауыстыруы мүмкін» дейді Бүркітбай Аяған. Бұл біз білетін қос батыр қы­зымызға қатысты ғана деректер. Ал тарих қойнауының тереңінде қозғаусыз жатқан қаншама дүние жатыр. Енді соны зерттеу, зер­делеу, тәуелсіз елдің көзқарасымен пайымдау – тарихшылардың міндеті.

 

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана

http://www.aikyn.kz/news/view/27251