Мұндай да сұмдық болады! Өлген адамға өкініш білдіру орнына, қуанғандарды көріп пе едіңіз? Көрмесеңіз де естігеніңіз анық. Ирак жұрты Саддам Хусейнді не істемеді? Осындай имансыздық Араб елдеріндегі төңкеріс барысында да көрініс берді. Ең соңғысы күні кеше… Ұлыбританияда ондаған адам Маргарет Тэтчердің қайтыс болғанына қуанып, көшеге шықты. Полиция бұрынғы премьер-министрдің өлімін тойлағандарға амалсыздан күш қолданды. Девон графтығына қарасты Брикстон ауданында өткен шерушілердің қолында «Маргарет Тэтчер қайтыс болды. Алақай!» деген ұран болған. Осындай «қуанышқа ортақтасқан» акциялар Шотландияда да ұйымдастырылып, Глазгода жүздеген адам ақбұрқақ атып, әуе шарларын ұшырды. Елге қызмет етуде ерен үлгі, ұлтын ұлықтауда өнеге көрсеткен «Темір ханымға» – Маргарет Тэтчерге әлем жұртты қайғырып жатқанда, бір қауым жұрты қасіретті қазаға қуанышын білдірді. Өкінішті… Олар өлгендер өкпелемейтіндігін білген соң да осындай опасыздыққа барған шығар. Тірісінде тырп етпегендердің өлгеннен кейінгі өлермендігін адам кешіргенімен, Құдай кешірер ме екен? …«Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол…» – дейді Абай. Адам дүниеге келеді, жаманды-жақсылы өмір сүреді. Бәрі Алланың берген жасына байланысты. Ақыры ақыреттің ақ кемесіне мініп, о дүниеге көшеді. Тумақ бар – өлмек бар. Бұл – өмір өз заңы, өзгермейтін заңдылық. Мәңгілік жасайтын пенде жоқ. Жүрегі жараланғандарға басу айту, қайғысына ортақтасу – әлем халқына тән құбылыс. Оның ішінде жүрегі жұмсақ қазақ үшін қайғының қаншалықты қасіретті, ауыр екендігін айтып жеткізу мүмкін емес. «Туғанда дүние есігін ашады өлең. Өлеңмен жер қойнына кірер денең» деген де Абай. Сондықтан жоқтау айтқан жұртты сабырға шақырып, өлген кісінің қайта айналып келмейтіндігіне ортақтаса отырып, «орнында бар оңаларды» айтуды да ұмытпайтын ұлтымыз үшін бір кемшілік көрініс бере бастағандай… Абай атамыз: «Осы біздің қазақтың өлген кісісінде жаманы жоқ, тірі кісісінің жамандаудан аманы жоқ болатұғыны қалай?» дейді. Өкініштісі, өлген кісі түгілі тірі кісінің тілі байланып қалатын пікірлер қаралы жиындарда қайталанып, жиылғандардың жанарын шарасынан шығарып кете жаздайтын жағдайлар ұшырасатын болды. Бұл қарапайым кісінің қазасында айтылса, үндемеуге болар. Алматыда атақтылардың қоштасу рәсімдерінде кейбір зиялыларымыз жақсы сөзімен қатар, жаман сөзді аузына қалай алып қойғанын білмей қалады. Мүмкін, әдейі айта ма… Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ академиялық драма театрындағы жаназада бір атақты ғалым сөз алып: «Бұл кісі де адаспады деп айта алмаймыз. Адасты кезінде. Шалыс басты. Бірақ кемшілігін кеш болса да түсінді» деген секілді жеке пікірін аса бір құштарлықпен, рахаттана жұртқа жеткізді. Тағы да өкініштісі… Әлгі атақты ғалымға ешкім жақ ашпады. «Аға, сіз дұрыс айтпадыңыз» демеді. Бәлкім, қаралы жиынды қақтығысқа ұластырмауды ойлаған болар. Қалай десек те, «Ғайбат еткен адамды тыңдаған адам да бұл күнәға ортақ болады» (Табарани) дегенді ұмытып кеттік. Қаза – қазақ шаңырағын шайқалтатын қасірет. Өлгендер қайтып келмейді. Жаназада олардың жақсы жағын айту – сауап. Ал жамандау… Жаман кісінің ғана қасиетсіз қылығы. Жолдасбек ДУАНАБАЙ |
Предыдущий
Следующий