Әзірбайжанның діни ұйымдармен байланыс жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы Мубараз Гурбанлидың «Қабірстандар архитектуралық сәулеті жөнінен елдің бас қалаларымен иық тіресе бастады» деген пікірі елдің зиялы қауымын елең еткізді.
Апта соңында Парламент алдында сөз сөйлеп, қабір басына ескерткіштерді қою мәселесі бұдан былай заңмен реттелетінін, бұл жөнінде арнайы заң жобасы да әзірленіп жатқанын ескертті. Кейін ол журналистермен кездескен кезде қабір басына белгі қою бәсекелестікке айналып кеткенін, мұны заңмен реттейтін кез жеткенін айтты.
– Егер біз заңмен реттей алсақ, ескерткіш-белгілер бір-бірінен ерекшеленбеуі керек. Мұндай жағдайда қазіргідей, аспанмен таласқан зәулім күмбездер мен мүсін орнатуға жол берілмейді. Қабір орны да арнайы тіркеу бойынша анықталады. Заң қабылданса, біз бұл мәселені шеше аламыз, – дейді ол.
Бакудегі бауырларымыз марқұмдарға қойылар құлпытаcтарды «еуропалық стандартпен» біріздендіруге талпынып жатқанда біздің Үкімет Астана қаласында жаңадан бой көтерген «Ұлттық пантеон» инфрақұрылысына 1 млрд теңге бөлді. Байқауға қатысу үшін 7 компания, соның ішінде осы сияқты нысандарды жобалауда тәжірибесі бар 3 шетелдік (АҚШ, Италия, Иран) және 4 қазақстандық компания шақырылды» деген хабар тарады. Бөлінгелі отырған қаржы аспанмен бой тіреген асып кесенелерге жұмсала ма, әлде хабарда көрсетілгендей, оның инфрақұрылымына жұмсала ма, бізге ол жағы белгісіз. Бірақ осы тақырыпқа пікір білдіргендердің басым көпшілігі «Ұлттық қабірстанға қаржы бөлуді бастамастан бұрын, қабір басына қойылатын белгілерді біріздендіретін заң жобасын талқылау қажет, Кеңсай тәрізді «өлілер қалашығындағы» жер телімдерінің аспандап кеткен бәсін төмендетер еді» деген ойды алға тартады. Себебі қабірстандардың инфрақұрылымы ғана емес, архитектурасы біздің ел үшін ғана өзекті болып тұр. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Мұхаммед: «Адамның денесі қойылған қабірдің төмпешігі бір қарыстан жоғары болмасын» деген. Бұл неліктен? Келешекте бұл жерге адамдар қайтадан жерленеді. Келешекте бұрынғы қабір де қайтадан жерге айналып кетуі керек. Біздің алдымызда қаншама ислам ғұламалары мен әулие адамдар өтті. Олардың көбінің басына ерекше белгі қойылған жоқ. Өйткені Пайғамбарымыз (с.ғ.с.)-нің өзінің хадис-шарифінде: «Аспаннан жауған жауын да, қар да, соққан жел де, өсіп жатқан өсімдіктердің барлығы да қабірдің астында жатқан адамның күнәсін жеңілдетеді» деген.
Алматы ислам институтының оқу бөлімінің меңгерушісі Тайыржан Юлдашев өлім келген уақытта оған төрт түрлі міндет парыз екенін айтады. Ол жуу, кебіндеу, жаназа оқу, жерлеу. Ал қабір басын мүсінмен айшықтау, қымбат тастармен суретпен әшекейлеу – жат ағымдардан келген түсінік. Оның пайымдауынша, Шариғат бойынша басы артық шығынға жол жоқ. Қабірдің айналасын қоршап қоюға ғана рұқсат.
– Бұдан өлген адамға артында қалғандардан тек дұға ғана сауап. Айналамызда көмек-жәрдемге мұқтаж адамдар көп бола тұра, осындай басы артық шығын тірілерге де күнә. Мұндай шығыннан аруақ та «көзім тіріде балаларыма басы артық шығынның күнәсінің ауырлығы жөнінде жеткізіп айта алмадым-ау » деп қиналатын көрінеді, – дейді Тайыржан Юлдашев.
Ата-бабаларымыз жерленген қорымның кіре берісіне «Біз де сіздей болғанбыз, Сіз де біздей боласыз» деп жазған сөздері көзден таса болғалы да біраз болды. Есесіне, құны 50-100 мың АҚШ долларына бағаланған мәрмәрмен қапталып, алтынға малып алған асқақ күмбездер ауылға да жетті.
Дін тақырыбын тереңдеп зерттеп жүрген журналист ағамыз Марат Тоқашбаев түбі, тегі бір әзірбайжан бауырларымыздың осы мәселені көтеруінің өзі бізге ой салуы керектігін айтады. Бүгін ана дүниеге аттанған марқұмның іздеушісі бала, немере, одан қалса шөберемен ғана шектеледі. Немене немесе туажат үшін ол бейтаныс адам. Қазір тіпті Кеңсайда өзі тұрмақ, әйелі, баласы, немересі мен шөбересіне дейін жер алып, қоршап қойған жер телімдері жетеді.
– Біздің бәсекеге қабілеттілігіміз, әзірге қабір басына қойған белгілермен де толығып тұр. Әлемде ғана емес, мұсылман әлемінде де қабірге қойылған ескерткіштердің биіктігі мен бағасының қымбаттығы жөнінен алдына қара салмаған ел біз ғанамыз. Меккеде пайғамбарымыздың сахабаларының басына қойылған кірпіштей ғана белгі бізге ой салар емес. Тіпті көрші өзбек пен қырғыз, түрікмен елінде де мұндай дарақылық соншалықты тамырланған жоқ.
Қазір Кеңсайда осыдан жарты ғасыр бұрын жерленген қабірлер құлпытасы құлап, жермен-жексен болып жатыр. Алтынмен апталып, мәрмәрмен қапталған күмбездер де ертең соның кебін кешеді. Сондықтан Астанадағы қабірстанды қаржыландырмас бұрын, қабір басына белгі қою, марқұмдарды жерлеу мәселесін заңмен реттеп алған жөн. Болмаса, күні ертең аруақтар қалашығы да әсем Астанамызбен бәсекелесіп, иық тіресіп шыға келеді, – дейді Марат Тоқашбаев.
Сонымен… Айтқымыз келгені, заманға сай жаңа кәсіп қарыштап келеді. Оған жүгініп жатқандар да жоқ емес. Анықтауымызша, Алматыда осындай өлікке қызмет көрсететін ондаған мекеме бар. Біреуіне хабарластық. Жіңішке үнді орыс әйел: «Келіңіз, көріңіз!» – деді. Қызмет құнымен таныстық. Табыт – 10-200 мың, темір қоршаулар – 10-20 мың, катафалк қызметі – 20-300 мың, мәйітті тоңазытқышта сақтау – 5-10 мың, жуындыру – 7 мың, қабіршілер бригадасы – 15-30 мың теңге. Тіпті 30-50 мың АҚШ долларына Кеңсайдан жер де алып береді екен. Түйгеніміз, Алматының күншығысы қабірқалаға айналып кеткен. Бара-бара орын қалмайтын түрі бар. Орталық зиратта орын жоқ. 1-Кеңсай да қабірге толып, 2-Кеңсай жыл санап кеңе- йіп келеді. Алматы облысының бұрынғы әкімі Серік Үмбетов Кеңсайдың басқа жаққа көшірілетінін айтқан еді. Бірақ тым-тырыс. Ал ұзынқұлақтан естуімізше, 3-Кеңсай қорымы ашылады-мыс…