«Азаттық» радиосына орысша сұхбат берген әлем азаматы Олжас Сүлейменов Қазақ Елінің толық тәуелсіз болғанынан қорқатындығын мәлімдепті. Олжас Сүлейменовтің қазақ тәуелсіздігіне және қазақ тіліне қатысты солақай сөйлегені бір бұл емес. Ол жайында «Түркістан» газетінде менің «Қазақ ұлт па, жоқ,тайпалар одағы ма?» («Түркістан», №51, 23 желтоқсан, 2004 жыл), «Олжас Сүлейменов тағы да орыс тілінің жоқтаушысы» («Түркістан», № 8, 24 ақпан, 2005 жыл), «Империяны аңсау құлдық сананың жемісі емес пе?» («Түркістан», 20 қараша, 2008 жыл) атты мақалаларым жарық көріпті. Аталған мақалаларда әлем бас иген ұлы тұлғаның ұлттың сойылын емес, империалистердің сойылын соғатыны жайында қынжыла баяндағанмын.
Олжекең сол баяғы қалпында. Өз ұлтының ұлт болып тұтасып, жеке ел болуына күмәнмен қарайды, абсолюттік бостандықтан қорқады. Дәл осындай идеяны қырғыз халқының ұлы перзенті Шыңғыс Айтматов та айтқан еді. Егер елі үміт артқан тұлғалары елінің тәуелсіз болуынан қорқатын болса, қарапайым халықтың алға, ертеңгі күніне деген сенімі азаяры даусыз.
Қазақ тәуелсіздік ала салысымен, өзінің ұлт көш басшыларынан жігерлендіретін, рухтандыратын күш-қуатты күтті. Бірақ, Ахаң — Ахмет Байтұрсынов рас айтады, «тіл тәуелсіз болмай, сана тәуелсіз болмайды екен». Сөз жоқ, Олжас Сүлейменов біртуар ақын, мың жылда бір туатын талант. Алайда, 80-нің сеңгіріне шықса да, ана тілі ретінде ұлы орыс тілін есептеп келген тұлға тарих сахнасында Қазақ деген тәуелсіз елдің жеке көш түзеуі мүмкін емес деген идеядан өмірі бас тартқан емес. Ол неге өз халқының тәуелсіздігінен қорқады? Неге өз ұлтын жігерлендірудің орнына, оның жігерінің құм болуына әрекет етеді? Неге ұлы тұлғаны бостандыққа ұмтылған, алайда, қол жеткізе алмай отырған талай жауынгер ұлттың тағдыры толғантпайды? Көкіректе сауал көп, жауап жоқ.
Есенгул Капкызы
http://turkystan.kz/