Алматыдағы қоғамдық көліктер есеп айырысудың жаңа электрондық жүйесіне көшірілмек. Атауы «Оңай» болғанымен бұл жүйені алып шаһардағы жолаушылар тасымалы саласына енгізу қала шенеуніктері мен тасымалға жауапты кәсіпорындар үшін оңайға соқпайтын сияқты. Бұл туралы «Қамшы» порталы хабарлайды.
Олай дейтініміз, 2008 жылы Алматы автобустарына жолақысын қабылдайтын валидаторлар қойылған тұста да есеп айырысуға арналған cash-карталарын қолданысқа енгізуге талпыныс жасалған болатын. Тіпті, үйреншікті әдетпен жоғары оқу орындары студенттері мен зейнеткерлер арасында осы карталарды тарату жұмыстары басталып та кетіп, көп ұзамай аяқсыз қалды. Бұл жүйенің экономикалық тиімсіздігі мен қарапайым тұрмыстағы қолданысқа қолайсыздығы сол кезде де айтылды.
Биыл күзде жолаушыларды билеттендірудің электронды жүйесі туралы әңгіме қайтадан бас көтергенде тұрғындардың көпшілігі мұны қалаға жаңа әкімнің тағайындалуымен байланыстырды. Алайда, бұл жүйеге көшу Алматы қаласы жолаушылар мен жүк тасымалын дамытудың 2012-2016 жылдарға арналған бағдарламасында жоспарланып қойғанын айтып өткен жөн.
Билеттендірудің бұл жүйесі сынақ түрінде ағымдағы жылдың қазан айынан бастап қолданысқа енді. Бірінші кезекте, «Оңай» карталарын оқитын арнайы құрылғылар коммуналдық меншіктегі автопарктердің автобустарына қойылып, кейін жеке меншік тасымалдаушылардың көліктерін де қамтымақ. Аталған жүйені жүзеге асыру «Алматы қаласының көлік холдингі» ЖШС-ге жүктелді. Жалпы құны 12 миллион АҚШ долларын құрайтын жоба толықтай отандық инвесторлардың есебінен қаржыландырылады және жеті жыл мерзім ішінде өзін-өзі толық ақтайды деп күтілуде.
Енді қала басшылығының бұл жүйені енгізудегі көздегені не деген сұраққа келсек. Мұндағы мақсат ең алдымен осы саладағы қаржы айналымын көлеңкелі нарықтан жарыққа шығару. Сөйтіп, қала бюджетіне түсетін салық көлемін арттыру. Егер бұл жүйе ойдағыдай жүзеге асатын болса, әкімдіктегілер қаладағы жолаушылар легі мен жолаушы тасымалынан түсетін нақты табыстың шынайы көлемін анықтауға да мүмкіндік туатынына сенімді.
Қала басшылығы қанша жерден игі мақсатпен қолға алынып отырған жүйе ретінде көрсетуге тырысқанмен, біршама қиындықтың туындап отырғаны, ондай қолайсыздықтар алдағы уақытта да кездесе беретінін айтып кету керек.
Біріншіден, «Оңай» картасына көшу бұған дейін бір айлық жол жүру билетін қолданып келгендер үшін өте тиімсіз. Себебі, қоғамдық көлікке әр мінген сайын қалтаңыздағы картадан теңге шегеріліп отырады. Бір сөзбен айтқанда, жол жүру билетін пайдаланушыларды айдаладан танитын жеке тасымалдаушылардың аталған «масылдардан» оңай құтылуына керемет мүмкіндік тумақ.
Екіншіден, қоғамдық көлікті тұрақты пайдаланбайтындардың аталған картаны оңайлықпен ала қоймасы анық. Ал, тасымалдаушылар қоғамдық көліктегі қолма-қол төлем жасау мүмкіндігін жоққа шығарып отыр.
Үшіншіден, қоғамдық көліктегі көлеңкелі қаржы айналымымен күресеміз дейтіндер керісінше кондукторы жоқ автобуспен тегін қыдыратын «қояндармен» алысып кетуі мүмкін. Олай дейтініміз «Оңайдың» автобустарға орнатылып жатқан карта оқитын құрылғылары не билет, не чек басып шығаратын мүмкіндіктерге ие емес. Ал, әр аялдамадан бір көрінетін желілік бақылаушылардың жолаушылардың қолындағы картаның пайдалылған, пайдаланылмағанын тексеріп шығуы біздің бүгінгі жағдайымызда тағы да мүмкін емес.
Төртіншіден, әрине, жаңа жүйенің жолаушылар үшін де, жүйені жарнамалауға қызу кірісіп кеткен жергілікті билік үшін де қаржылық тұрғыдан тиімсіздігі алдымыздан шығады. Тиынды теңгеге жалғап жүрген жұртқа төрт жүз теңге де аз ақша емес. Бір үйден бірнеше адам осындай карта алатын болса, отбасылық бюджетке аз шығын келмес. Одан кейін, көріп жүргеніміздей осы жүйені насихаттау жұмыстары қызу жүруде. Аялдамалар мен қоғамдық көлік ішінде арнайы промоутерлер үнпарақтар таратып, жаңа жүйенің қыр-сырын жолаушыларға түсіндіріп жүр. Көше бойындағы алып билбордттарға танымал эстрада жұлдыздарының атынан «Оңай» картасын пайдалануға шақырған үгіт материалдары орналастырылуда. Оның барлығы тегін жүзеге асып жатқаны туралы балабақшадағы сәбиді де иландыра алмайсыз.
Кез-келген жаңа жүйе қоғам сұранысынан туындап, көптің тілегін қанағаттандыра алса ғана өміршең болатыны әмбеге аян. Тиімді-тиімсіз тұстары жан-жақты сарапталмаған, көптің талқысынан өтпеген «Оңай» төлем карталарын аз уақыт ішінде апыл-ғұпыл қолданысқа енгізу идея авторларына шын мәнінде оңайға түспейді дейтініміз де содан.
Дархан Мұқан
«Қамшы» сілтейді