АЛТЫНОРДА
Новости

 Өндірісті өзіміз дамыттық

Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты – 1958 жылдан бері биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласы бойынша бұрынғы КСРО-дағы, қазір еліміздегі маңызды ғылыми орталықтардың бірі болып саналады. Мұнда биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы ғылыми зерттеулер жүргізіледі, диагностикалық және алдын алу препараттарын, оның ішінде аса қауіпті ауруларға қарсы препараттарды дайындайды. Институттың көптеген инфекциялық ауруларға қарсы вакцина өндірісінің технологиясын әзірлеу тәжірибесі мол. Тұмау пандемиясына қарсы күресудің Ұлттық жоспарын орындау аясында бірінші рет Қазақстан жағдайына бейімделген бірегей отандық, құс тұмауына қарсы «Қазақстан – 15» инактивтендірілген вакцина жасалды.


Айтпақшы, Қазақстан Қытай, Ресей, АҚШ, Англия, Франция және Вьетнам секілді елдермен қатар алғашқылардың бірі болып құс тұмауына қарсы өз вак­цинасын жасады. Ол құс шаруа­шы­лықтарында кеңінен пайдалануда. Институт қабырғасында тұңғыш рет отандық денсаулық сақтау саласы үшін A/H5 N1 Kazfluvac® (жоғары патогенді құс тұмауына қарсы) және A/H1N1 Refluvac® (жоғары патогенді шошқа тұмауына қарсы) вакциналарды әзірлеу технологиясы жасалды. Kazfluvac® және Refluvac® инак­тив­тендірілген вакциналарын клиникаға дейінгі сынақтан өткізу Денсаулық сақ­тау министрлігінің дәрілік заттарды, ме­дициналық мақсаттағы бұйымдарды

және медицина техникасын сараптау ұлттық орталығы, Ресей Федерациясының тұмау ғылыми-зерттеу институты және Ресейдің Федералдық Медиктік-биоло­гиялық агенттігінің Токсикология инс­титуты базасында сәтті аяқталды. Клиникаға дейінгі сынақтар нәтижесі A/H5 N1 тұмауға қарсы Kazfluvac® вак­цинасы мен A/H1N1 тұмауға қарсы Refluvac®вакцинасының қауіпсіздігі мен иммуногенділігі бойынша Дүниежүзі­лік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) талаптарына сәйкес екендігін көрсетті. Өзінің иммунобиологиялық қасиет­тері бойынша вакциналар бірқатар шетел­дік препараттардан озық тұр. Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты жоғары ғылыми нә­тижелерінің арқасында шетелге вакци­на жеткізуші ретінде Кедендік одақтың реестріне енгізілді. Қазіргі кезде шошқа және құс тұма­уына қарсы отандық вакциналар Ден­саулық сақтау министрлігінде тіркеуден өтуде. Жаңа препараттарды клиникалық сынақтан өткізу Санкт-Петербор және Мәскеуде өтті, вакциналар 300-ден астам еріктілерде сыналды. Вакциналардың жағымсыз кері әсерлері табылған жоқ және олар халықаралық стандарттарға сәйкес деп бағаланды. Сынақтар қазақ­стандық өнімнің әлемдік тұрғыда мо­йын­далуы үшін әдейі шетелде өткізілді.

Ғылыми-зерттеу институты отан­дық вакцинаны жаппай шығару өндірісі үшін Қазақстанға өз зауыты керек екенді­гін атап көрсетті. Ол зауыт Жамбыл облы­сында соғылады және 2014 жылы пай­далануға беріледі. GMP халықаралық стандартына жауап беретін зауыт құ­ры­лысына кететін шығын 3-4 жылда өте­леді деп күтілуде. «Әлемде GMP стандартына сәйкес келетін, тұмауға қарсы вакцина өндіретін алты ел ғана бар. Эпидемия бас­талатындай жағдай болса, бұл елдер алдымен өз мемлекеттерінің қажеттілі­­гін өтейді. Сонда Қазақстанды кім есіне ала­ды? Бұл – ұлттық қауіпсіздік сауалы. Әр ел табиғатта орын алатын кез келген патогендерден өздері қорғана алу ке­рек» – деп санайды Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтында. Жасақтаушылар тұмауға қарсы отандық вакциналармен шетелдік нарыққа шығуды міндет етіп отыр, өйт­кені бірқатар шетелдік мемлекеттер пре­паратқа қызығушылық танытуда. Бұдан бөлек, БҚПҒЗИ 2011 жылы Швейцария­да маусымдық тұмауға қарсы вакцина жасауға Бүкілдүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының тендерін ұтты. Мау­сымдық тұмауға қарсы отандық үшва­лентті сплит-вакцина өндірісінің тех­нологиясы жасалып қойды, вакцина клиникаға дейінгі сынақтан сәтті өтті. Еріктілерді клиникалық сынақтан өткізу 2014 жылға жоспарланған. Биология­лық қауіпсіздік проблемаларының ҒЗИ-ның ұжымы қол жеткізген жетістігімен тоқ­талып қалуды міндет етіп отырған жоқ. Институтта векторлық технологияны пай­далану арқылы туберкулезге қарсы вакцина жасау жұмыстары жүргізілуде, ал келесі жылы полиомиелит пен В гепа­титіне қарсы вакцина жасау бойынша жұмыстарды қолға алу жоспарлануда.

Абылай САНСЫЗБАЙ,
БҚПҒЗИ-ның бас директоры,
ҰҒА-ның корреспондент мүшесі

http://www.aikyn.kz