Қазір білмеймін, бұрынырақ журналистика факультетіне баспасөз бетінде жария көрген бірлі-жарым еңбегің болмаса емтихан түгілі құжатыңды да қабылдамайтын. Ауылдан «ақын боламын, журналист боламын» деп желпініп келген желөкпелердің бірі – мен байғұсқа тап келген осы бір кедергі көңілімді құрдымға айдап, қайда бет бұрарымды білмей дал болып қалғанмын.
Алматыда жалғыз таныс, жақын туыс жиен ағам Әбіл Бекеевтің үйінде тоқтаған болатынмын. Ол кісі жағдайымды біліп, басқа мамандықтар бойынша да оқуға түсуге болатындығын, ол мамандықтардың да өз артықшылықтарын айтып ақыл берді. Бірақ, менің басқаға зауқым жоқ. Ауылға айтып кеттім емес пе журналист боламын деп!
– Ауылға қайтамын, күзде – армия! Содан кейін документімді қабылдамай көрсін!..
Осы кезде жеңгем Роза сөзге араласып:
– Сен мектепте көркемөнерпаздар үйірмесіне қатысып жүр ме едің? – деп сұрады.
– Иә, ән де айтамын, өлең де оқимын. Баян, мандолин, домбыра аспаптарының қайсысында болса да ойнай беремін. Мектепте үйірме ұйымдастырдым…
– Олай болса, сен Мәдениет институтына түссейші? Ленинградқа!..
Жеңгем Роза Жансаева Мәскеу мәдениет институтын бітіріп келген жас маман, Алматы қыздар педагогикалық институты кітапхана факультетінің деканы еді сол жылдары. Ол кісі Мәскеу, Ленинград мәдениет институтына қазақ дарынды жастарын іріктеу жүріп жатқандығынан хабардар екен. «Дүниежүзілік мәдениет орталығы Ленинградта оқығаның дұрыс қой», деп ақыл айтты жеңгем. Ақылы көңіліме қонды. Ағам, жеңгем үшеуміз ойласа келе режиссер мамандығын таңдадық.
Мектепте бір актілі пьесалар қойып, скетч, интермедиялар орындап жүргенім болмаса театр, режиссура туралы білетінім мардымсыз еді… Иә, әрине, кинорежиссерларды білемін. Радж Капур, Сергей Бондарчук.
Жеңгеме рахмет – кітап, журналдар әкеліп беріп «көзімді аша» бастады. Алдымнан бейтаныс дүние, түсініксіз терминдер шықты.
Бір-екі күн өтпей жеңгем көкеме:
– Мына баланы аз да болса театрмен таныстыру керек, консультация алу қажет! – деді.
– Е, қазақ театрында танысым бар, хабарласып, ертең соған жолықтырайын! – деді көкем.
Шынымен-ақ, ертеңіне таңертең көкемнің машинасымен қазақ театрының алдындағы алаңнан бір-ақ шықтық.
Коммунистік даңғылында орналасқан М.Әуезов театрының ғимараты әлі «бояуы кеппеген» жаңа болатын. Сырты қызғыш таспен қапталған сәнді театр үйі, оның маңдайшасындағы әдемі қыздың бейне-барельефі, алаңдағы гүлдер мен жас шырша ағаштарының иісі, анау таудан соққан салқын самал – бәрі-бәрі бір-біріне жарасып, сән-салтанат құрып тұрғандай көрінді маған. Осындай ғажайып ортада театр баспалдақтарынан басталатын тарам-тарам саябақтардың бірінде сымбатты бір жігіт қарсы алды бізді.
Әбіл көкеммен қатарлас, бойшаңдықтары мен ақсарылықтары да ұқсап тұрған сияқты. Бірақ мына бейтаныс ағайдың шашы бұйра екен. Шаштараздан жаңа шыққандай құлақтарының айналасын мұнтаздап қырып, шаштарын артқа қарай тарап қойған. Үстінде жеңі қысқа, ашық бояулы жұқа көйлек, қыры қылтанақ қиярдай ақсарғыш шалбар, аяғында шаң тайғанап кетердей жап-жалтыр, тап-таза жазғы туфли, қолында ықшамды портфель.
– Ассалаумалейкүм, Реке! – деп қол алысып амандасты көкем.
– Аман-саусыз ба, Әбеке! – деді ашаң жүзді сырбаз жігіт.
Бұл ағаларым бір-бірімен «сіз» деп сөйлеседі екен. (Кейін түсіндім бұл ерекше сыйластықтың, мәдениеттіліктің мәнері екен).
– Реке, уақытыңызды алғаныма кешіріңіз! Кімнің болса да уақыты тар екенін білемін… – деп Әбіл көкем қипақтай бастап еді,
– О, не дегеніңіз, Әбеке! – деген жігіттің даусы ерекше саңқ ете қалды. – Сізбен кездесуге уақыт әруақытта табылады… Сіз айтқан талапты жігітіміз осы ғой?! – деп маған бет бұрды. Жайбарақат күлімсіреп тұрған қоңырқай көздерінен мейірім шуағы төгіліп тұрады екен. Сосынғы мезетте сен оған өмір-бақи бірге жүрген туысыңдай бауыр басып қалады екенсің.
– Танысып қояйық: Райымбек Сейітметов! – деген ол саусақтары сүйрік қолын созды.
Қысқаша мән-жайды сұрасқан соң Райымбек аға мені ертіп алды. Сөйтіп, театрдың артқы бұрышында өздері кіріп-шығатын арнайы есік арқылы театрға кірдік. Театр іші жым-жырт, тек ғимараттың басқа қанатынан еміс-еміс дауыстар естіліп қалады. Ұзын дәліздермен жүріп отырып біз бір-екі қабат жоғары көтерілген соң үлкен бір бөлмеге келіп кірдік. «Репетиция залы» деді.
…Рекең әдеттегідей менен өмірбаяндық немесе қабілетіме байланысты мағлұматтарды сұрап жатпады, бірден ақыл-кеңесін бастады.
– Режиссерлік бөлімге түсу үшін тарих, әдебиет, жазбаша шығарма сияқты пәндерден басқа ең бастысы – творчестволық емтихан тапсыруың керек! – деп бастады ол кісі сөзін. – Мәселен, көркемсөз оқуың керек болады: проза, поэзия, сықақ. Жай оқу емес, әрбір шығарманың образын сахнада аша білу, оны орындау талап етіледі. Мысалы, сатира жағынан Крыловтың «Қарға мен түлкі» шығармасын алғаның дұрыс. Өйткені, Крыловты бәрі біледі. Оның үстіне сен қазақша оқысаң да тіл түсінбейтіндер сенің орындау қабілетіңді дұрыс бағалай алады. Ал поэзиядан, әрине, Жамбылдың «Ленинградтық өренім» өлеңін оқып бергенің орынды. Ленинградтықтарға Жамбыл шығармасы әрі таныс, әрі ыстық.
Райымбек аға данышпан екен. Айтып отырған екі шығарма менің өзіме де әбден таныс – мектепте жаттаған едік қой! Шырт ұйқымнан оятып алып «ал, айт!» десе айтып беруге дайынмын.
– Ал енді осы екі шығарманы орындап көрейікші? – деді Рекең мені залдың ортасына тұрғызып қойып.
Жаттанды болып ауыз үйреніп қалған «Қарға мен түлкіні», сосын, «Ленинградтық өренім» шығармаларын автоматтан атқандай әп-сәтте сартылдатып айтып шықтым. Тіпті, өз екпінімді өзім баса алмай қалдым ба, қалай?!
Райымбек аға аз уақыт үнсіз тұрып қалды. Ойша айтар сөздерін екшеп тұрған сияқты. Кенет көзінде күлкі ойнап:
– Дұрыс! Жап-жақсы! – деді кәдімгідей тәнті болып, – жақсы жаттап алыпсың, дауыс ырғағың да, дикцияң да анық, бірақ…
Рекең менің қарсы алдыма жақын келіп, екі алақанын екі жаққа жайып тастап «бірақтың» мәнін түсіндіре бастады.
– Мектепте оқыдыңдар ғой! Көркем шығарма белгілі бір жанрда жазылады. Сатира, трагедия, комедия, драма дегендей. Олардың оқылуы да, орындалуы да, адамның қабылдауы да, бағалауы да әртүрлі болады. Шығарманың қан тамыры – жанрының айғақтығы. Соған байланысты характер, образдар сомдалады. Мысалы, сен «Қарға мен түлкіні» орындағанда тебіреніп тұрып, көзіңе жас алып, ызаланып оқымайсың ғой?!
Керісінше, «Ленинградтық өренімді» әзіл-күлкі, әжуа-мысқыл ретінде оқу тіпті мүмкін емес. Солай ғой? Өйткені, жанрлық ерекшелік, жанр болмысы мұндай ауытқуларға тіпті, қиыспайды. Автордың идеясы мен орындаушының көңіл-күйі етене қабысып жатуы керек. Сен қайбір шығарманы сахнада орындағанда әрбір сөздің мәніне, сөйлем жолдарының нүкте-үтірлеріне дейін мұқият зерттеп, оларды қандай бір формада болмасын тыңдаушыға жеткізуің керек. Сондай-ақ, шығарма оқиғасын көз алдыңа елестетіп, тіпті, сол оқиғаның басы-қасында қатысушы ретінде, өз басыңнан өткендей күйде әрекет етсең тыңдарман, көрермен саған сенеді. Мысалы, қарға байғұс аңқау, мақтанқұмар, ал түлкі қу, ақылды, ол сұмның бар мақсаты қарғаның аузындағы ірімшігін қағып алу.
Ал сен алма-кезек біресе қарғаның кейпіне кіріп, біресе түлкінің айлакерлік әрекетін жасап көр… Иә, қиынның қиыны бұл актерлік өнер деген!.. «Ленинградтық өренім» өлеңіне келетін болсақ, мұндағы жағдай тіпті, басқа. Бұл – эпика. Ұлы Отан соғысы туралы эпикалық шығарма. Бұл шығармада жеке адамның образы жоқ, керісінше бүкіл ленинградтықтардың батыр да өршіл жиынтық образы көз алдыңа келеді. Сен орындаушы ретінде осыны көз алдыңа елестетуің керек… Фашистердің қаланы қоршап алғанына талай айлар болды. Бірақ, қаланы ала алмайды. Мыңдаған тонна бомбалар тастайды, үзіліссіз артиллериямен атқылайды. Қала халқы аш, қыстың қақаған суығы қысып тұр бір жағынан, сырттан көмек жетпейді… Міне, осындай қиын кезеңде Жамбыл атамыз «Ленинградтық өренім» деп ұрандатып өлеңін жолдайды оларға. Қала тұрғындары таңертең көшеге шықса үй-үйдің қабырғаларына Жамбыл атаның домбыра ұстаған суреті мен өлеңін орыс тілінде үлкен-үлкен плакат етіп іліп тастапты. Жұрт жапа-тармағай оқып, іштей толқып, рухтанып көздеріне күңірене жас алыпты. Ал әскерлер болса окоптарынан көтеріліп, шабуылға шықты деседі… Көрдің бе, өлеңді оқу үстінде қандай оқиғалар мен эмоциялық толқу күйлерін басыңнан кешіруің керек болады? Жалпы, өлең оқу – тақпақтату емес. Бізде сондай қалыптасып қалған әдет бар: өлең оқыса – тақпақтату, ырғақтату керек. Сенің мақсатың – әрбір өлең сөздері, жолдарының мәнін, автордың негізгі ойын тыңдаушыға жеткізу… Осы айтқандарымды есіңде сақтарсың, Ореке! – деп Райымбек аға сәл ғана үзіліс жасады. Мен болсам ол кісінің «Ореке» деп қолпаштағанына әжептәуір қомданып қалдым. Аз ғана үнсіздік кезінде Рекең менен көзін алмай, бетіме жымиып қарап тұрған күйінде қалған еді. Ол сол күйін өзгертпей жайшылық мәнерде, даусын кей-кейде жеңіл ғана екпіндетіп, бірақ қарапайым ғана сөздермен махаббат, достық, адамгершілік туралы әңгімелеп бергендей болды. Сырттай жай әңгіме сияқты естілгенімен жан дүниеңді әсерге бөлейтін әңгіме еді! Сөздері бұрыннан маған таныс сияқты – бәрі түсінікті, көңілге қонымды, сезімге тебіреніс бергендей!..
– …Творчестволық емтиханның негізгі кезеңі этюд! – деді Райымбек аға сабағын әрі жалғап. – Этюд – ол да бас-аяғы түгел мөлтек көркем шығарма. Мысалы, поэзияда бір шумақтан, тіпті, екі жолдан тұратын өлеңдерді этюдтер дейді. Этюд бір сәттің, бір ойдың, бір оқиғаның жалт еткен көрінісі іспетті. Көркемсуретте де, музыкада да этюд формасындағы шығармалар көп. Сол сияқты театр өнерінде актер шеберлігін игеруде этюдтер маңызды орын алады. Олар актерлік мамандықтың әліппесі, оны кәсіптік деңгейде игерудің тиімді тәсілі. Этюдтерді кез келген тақырыпта ойлап табуға болады. «Жайлауда», «Серуенде», «Космоста», «Базарда», «Кинода» деген сияқты солай кете береді. Актер, режиссер кез келген осы сияқты тақырыптар бойынша қиялдай білуі, этюдтер құрастыра білулері және ол үшін фантазиясы күшті болулары керек. Сол фантазиясынан туған оқиғаларды көз алдына келтіріп және оларды логикалы жүйеде тізіп, көрермен алдында өз әрекеті арқылы көрсете алуы талап етіледі.
Актер: «егер де мен мынандай жағдайға түссем не істер едім?» деген сұрақ арқылы қиялына түрткі салу арқылы әрекет етеді. Орыстың ұлы актері әрі режиссері Станиславский деген кісі театр өнерінде үлкен реформа жасаған. Ол – «Станиславскийдің жүйесі – система Станиславского» деп аталады. Қазіргі заманда бүкіл дүниежүзі театрлары осымен жұмыс істейді. Станиславскийдің «егер де» түйінді сөзден тұратын методы актер шеберлігінің шынайылық кілті. Ал енді емтихан тапсыру үшін бір этюд ойлап табайық? Ол «Орманда» деп аталсын… Сен орманда болғансың ба?.. Жоқ. Иә, біздің жақта орман өспейді. Бірақ, сен бәрібір өз фантазияңды «іске қосып», орман туралы естігеніңді, оқығаныңды, кинодан көргеніңді жинақтап көз алдыңа елестетесің және өзіңе сұрақ қоясың: «егер де мен орманға жеміс-жидек теруге барсам?», «егер де мен бұрын көрмеген құстарды, жан-жануарларды кездестірсем?», «егер де мен жолдан адасып қалсам… – не істер едім?» деген сұрақтарды қоясың өзіңе. Осы сұрақтарға жауапты әрекет ету арқылы іздейсің…
Райымбек аға сол күні… күн емес-ау, сол екі-үш сағат аралығында маған бұған дейін беймәлім болып келген өнерпаздықтың ғажайып құпияларын ашып бергендей, олардың мәнін түсінудің кілтін қолыма ұстатқандай болды. Осы алған дәрісімнің арқасында Алматыда тапсырған емтиханнан сүрінбей «беспен» өтіп, сосын, Ленинградқа аттандым емес пе!
…Рекеңді еске алғанда ол кісінің тұла бойы адамгершілік тұлғасына тәнтілікпен таңғаламын. Әйтпесе, сонау 1965 жылы мектепті жаңа бітірген он жеті жасар бала, танымайтын, білмейтін маған Райымбек ағаның мейірімі неге түсе қалды? Қаншама уақытын бөліп, қаншама ақылын айтып?! Оның үстіне сол кезде-ақ есімі жұрт аузында, тұлғасы қалыңның қиялында болған шоқ жұлдыздардың бірі емес пе еді ол! Онымен кездесудің өзі жастарға таңсық болатын. Міне, өнердің өнегелі төріне төрлете бастаған дара тұлға менің де тағдырыма жол сілтеген екен-ау!
Жалпы, Райымбек Сейітметовтің шығармашылық аурасы терең табиғилығымен, әсем өрілген сезім, жүйрік ой шынайылығымен, сондай-ақ, ең негізгісі, санқырлылығымен ерекшеленеді. Айталық, орындаушылық өнерін сараптай келе оның әмбебеп актер екенін көреміз. Оның орындаушылық диапазоны жанрлық шарттылықтармен шектелмейді. Ол орындаған рөлінің әлеуметтік-психологиялық кілтін дәл таба біледі, образдың ішкі характерін де, сыртқы характерлік ерекшеліктерін де тек кейіпкерінің басынан кешіп отырған объективтік ортасына сәйкес әрекеттері арқылы сомдай білді. Рөл үстінде оның көзінен әсіре ойнампаздықты, іс-қимылынан логикасыздықты, даусынан даурықпалықты, астарсыз айқайды әсте кездестірген емеспіз. Өйткені, ол реалистік бағыттағы өнер иесі еді.
Жалпы, қайбір шығармашыл тұлға болмасын оның еңбегінің маңызы қоғамның көзқарасына, үкіметтің бағалауына байланысты айғақталады. Осыған орай рухани саладағы үрдістер әр заманда әртүрлі саяси-әлеуметтік мәртебеге ие болады. Айталық, театр өнері кеңестік кезеңде халықты тек, «көңілдендіру» түрі, жолы ретінде қаралған жоқ, әрбір сахналық қойылым қоғам өміріндегі маңызы зор инновациялық күш, жаңалыққа бастаушы құрал ретінде қаралды, ал режиссер тұлғасы жауапты мемлекеттік саяси қызметкер деңгейінде бағаланды. Әрбір талапты жас режиссермен жеке-дара жұмыс жасалды. Режиссура кадрларын дайындау, біліктілігін арттыру бағытында жүйелі саясат жүргізілді. Соның арқасында «режиссер-басқарушы, ұйымдастырушы, қоюшы, автор» деген қағидаға сай келер, республика жұртшылығына танымал режиссерлық корпус қалыптасты. Лек басында, әрине, Әзаға – Әзірбайжан Мәмбетов тұрды. Райымбек Сейітметов сол «ұлы топтың» бірі емес, ерек шапқан ерен жүйрігі еді! Оның режиссурасы түптеп келгенде халықтық, қоғамдық идеяны көксеген көркем образды, бояуы қанық полотнолар галереясын түзеді.
Сейітметовтің биік азаматтық ұстанымы қойылымдарының жанрлық, стильдік үрдістегі ерекшеліктерінен анық байқалады.
Рекең драма, трагедия, комедия, мюзикл сияқты жанрларда елеулі дүниелерді сахналады. Бұл қойылымдар әртүрлі формадағы шығармалар негізінде әртүрлі екпін-ырғақ, әртүрлі бағалау деңгейінде орындалғанымен оларға ортақ нәрсе – авторлық идея мен режиссерлық үстеме мақсаттың органикалық бірлігінде, сахналық шынайылығында.
Райымбек Сейітметов реалистік-романтикалық үрдістегі ақынжанды актер, кемеңгер режиссер. Оның қойылымдарына әрдайым поэтикалық нақыштардың тәнділігі көпшілік көрермендердің жан дүниесіне жол салып жататын.
Шынтуайтында Райымбек Сейітметов қазақ поэзия театрын құрған, негізін қалаған бірден-бір көрнекті қайраткер емес пе еді?!
…Сонымен, Мәдениет министрлігінің жолдамасын жан қалтама салып алып, пойыздатып, Мәскеу арқылы, үш күн дегенде, тамыздың ең соңғы күні Ленинградқа жеттім. Институтымды тауып алып, деканға кіргенімде ол кісі маған ұрса жөнелді:
– Күнтізбеге қарашы, бүгін қай күн?! Ертең оқу басталайын деп отыр!..
Мен кешігіп келіппін. Қабылдау бір ай бұрын бітіп, студенттерді тіркеу өтіп кеткен.
Қатты қобалжып, жыларман болып тұрғанымда декан біреуді шақыртты. Шақыртқаны орта бойлы, аппақ шашты ақсақал кісі екен. Кейін білдім – режиссура кафедрасының меңгерушісі екен.
– Мына бала Қазақстаннан келді. Кешігіп келіпті. Мәдениет министрлігі жолдаманы кеш берген болса керек. Алыстан келді ғой, қосымша комиссия құрып творчестволық емтихан қабылдаңыз. Бала далада қалып қоймасын…
Кафедра меңгерушісі жылы жүзді, жұмсақ мінезді адам екен. У-шусыз тез арада комиссиясын жинап, Студенттік театр залында емтихан ұйымдастырды. Мұндай емтихан кезінде кез келген мұғалім, студент залға кіріп, көріп, тіпті, талқылау кезінде өз ойларын айтуға мүмкін екен.
Меңгеруші мені сахнаға шақырып, залдағыларға қысқаша таныстырып өтті.
Зал лық толы адам! Иә, бұл жерде бәрі бір-бірін қолтықтап, демеп, қолдап жүретін сияқты. Әйтпесе, мені танымайтын осынша қауым неғып отыр залда?! Қобалжып, саса бастадым.
– Ал қандай шығарманы оқисыз? – деді меңгеруші.
– Крыловтан «Қарға мен түлкіні», Жамбылдың «Ленинградтық өренім» шығармасын…
– Жарайды. Сахна сыртына барып жиналып, дайындалып келіңіз!..
Сахна сыртына шықтым. Залда жиналған адамдардың көптігі маған қатты әсер етті. Тізелерім қалтырап, дегбірсіз бір күш мені билеп алып өз-өзіме келтірер емес! Райымбек ағаның айтқан сөздері есіме түсті:
«Кез келген адам үшін жұрт алдына шығып сөйлеу, өнер көрсету қиынның-қиыны десе болады. Актер мамандығының басты проблемасы, қиындығы да осы – көрермен алдындағы психологиялық жалғыздығы». Сондықтан сен сахнаға шыққанда көрермендермен ісің болмасын, ойнайтын рөліңе, айтатын сөзіңе байланысты «егер де мен осы жағдайда пәлендей бір алдыма қойған мақсатыма жету үшін не істеуім керек?» деген сұрақ қойып, соған жетудің амалын ойластырып, әрекет ет!
Мен сабама түсіп сахнада орындаған шығармалардың оқиға орталарында жүргендей күй кештім, соған сенуге тырыстым. Шығармаларды қазақша оқысам да, залда отырғандар қол соғып қошемет көрсетті…
– Келесі сынақ, этюд! – деді меңгеруші. – Сіз режиссер ретінде «Орманда» деген тақырыпта этюд ойлап табасыз. Ал оны екінші курс студенті Марина орындайды!
Залда отырғандардың арасынан бір қыз сахнаға шықты, Маринасы осы болса керек.
– Бар зейінім сізде! – деді қыз қасыма келіп. Маған кәдімгідей режиссер ретінде сенім артып қарап тұр.
Райымбек ағаның этюд дайындау үстінде айтқан әңгімелері, берген тапсырма-бағыттарын есіме түсірдім тағы да:
– Егер де сен орманға қыдырып шықсаң, егер де уақыт көктем кезі болса, жүріп келе жатқан жалғыз аяқ жолдың екі жағында әртүрлі гүлдер гүлдеп тұрса, әдемі көбелектер ұшып жүрсе, егер де кенеттен, аяқ астынан бір құс «пырр» етіп ұша жөнелсе, егер де биік ағаштардың бұтақтарымен ақ тиіндер жүгіріп жүрсе, кенеттен алдыңнан қоян жүгіріп өтсе, сен оның артынан қуамын деп жолыңнан адасып қалсаң, егер де жол іздеп жүріп орман түкпірінен аюдың ақырған дауысын естісең..? Қайтер едің?!
Мені аса ыждағатпен тыңдаған Марина:
– Сен Станиславскийдің методын қайдан білесің? – деп сұрады таңданған түрмен.
– Сейітметов үйретті! – дедім мен.
Этюдті қыз жақсы орындап шықты. Менің айтқан, ұсынған оқиғаны әртүрлі әрекеттермен жұртқа жеткізе білді Марина. Бұл мен үшін ғажайып бір құбылыс еді.
Емтихан қабылдаушы профессор мені мақтады: «Фантазияң бай екен, бұл – режиссер үшін ең маңызды қасиет!», деді.
Сөйтіп, оқу жылының басына үлгере алмай келген мен институтқа қабылдандым.
Міне, Райымбек аға Сейітметовтің осы бір ғана ұлағатты сабағы менің тағдырыма игі септігін тигізген үлкен жақсылығы еді.
Оқу бітіріп келгеннен кейінгі жылдар, әрине, Рекеңнің талай-талай шығармашылық жеңістеріне бірге қуанып, тіпті, Мәдениет министрлігі орталық аппаратында аз да болса қызметтес болып, қатар жүрген бақытты кездер болған.
Орынбасар Исахов,
мәдениеттанушы.
АЛМАТЫ.