АЛТЫНОРДА
Новости

 Өнерді қолы ашық азаматтар өлтірмей келеді

Естай ӘЛІКЕЕВ, әнші-композитор


– 21 сәуір күні Абай атында­ғы, Опера және балет теа­трын­да «Әзірге айтарым» атты дәс­түрлі ән кешіңіз өтеді екен. Тыңдармандарыңызға әзірге не айтқыңыз келеді?
– Мен – өнер өлкесіне қа­ра домбырасын арқалап, ұлттық музыкамызды дамытуға өзіндік үлес қоссам деп үлкен үмітпен келген азаматтардың бірімін. Әнсүйер қауымға ең алғаш атымыз эстрадалық әнмен емес, терме-толғау арқылы танылды. Бірақ қазіргі таңда эстрадалық жанрдағы шығармаларымды жұрт көбірек білетін сияқты. Заман талабына сәйкес дом­быраға арналған ән-термелер мен патриоттық туындыларым­ның өзін осы уақытқа дейін әуенмен әрлеп, насихаттап жүр­дім. Олардың бас-аяғын қо­сып, төрт жыл бұрын «Жүрегім – сазды сандығым» атты шы­ғар­машылық кешімді де өт­кізгенмін. Сондықтан Құдайға шүкір, эстрадалық әндерімді бір биік шыңға жеткізбесем де жаңа белеске көтеріп қойдым деп ойлаймын. Бірақ айналам­дағы дос-жаран, жанашыр­ла­рым үнемі «Сен неге дом­бы­раңды ұмытып кеттің? Дәс­түрлі ән кешіңді қашан қолға ала­сың?» деп сұрап, қамшылаумен келеді. Осы тілекті орындап, ұлттық нақыштағы қолтаңбам­ды көрсететін уақыт жеткен тәрізді. Бұл менің діттеген жолым қашық болса да, ашық болса екен деп көптен көздеген жоспарым болатын. Алла та­ғала алдағы уақытта таңдайы­ма қандай сөз саларын бір өзі бі­леді. Осы уақытқа дейін несі­бесіз қалдырмағаны тағы анық. Сол себепті кештің атын «Әзір­ге айтарым…» деп қойдым.

– Әдетте дәстүрлі ән кеш­тері Қазақстан Жазушылар одағында, «Қазақконцерт» за­лында, болмаса «Ғылым орда­сында» тегін ұйымдастыры­лады. Сіз халық билет алып келеді деп абыройыңызға се­ніп отырсыз ба, жоқ демеу­шілеріңіз мықты ма?
– Қазақтың маңдайалды тұлғалары, небір дара дарын­дары өнер көрсеткен сахнаға шығу мен үшін үлкен бақыт деп есептеймін. Талай майталман­дар ән салған киелі шаңырақта концерт қою ұзақ жылғы арма­ным болатын. Сол себепті таң­дауым Абай атындағы Опера және балет театрына түсіп отыр.
Бір қызығы, қазірдің өзінде билеттің біраз бөлігі өтіп кетіпті. Бұл жұртшылықтың төл өнері­не деген шексіз сүйіс­пеншілігін көрсетсе керек. Қай кезең­ді алсақ та біздің ел өнер­пазын мәпелеп ұстап, қадірлеп, бағасын арттыра білген. Дәс­түрлі өнеріміздің небір ала­сапыран уақыттан аман қалғаны дана халқымыздың осы жомарт­тығының арқасы деп біле­мін. Қазіргі кезде де қазақ өн­ерін қолы ашық азаматтар өл­тірмей келеді. Жаны жайсаң, көңілі мырза жігіттер болмаса, ән-күйіміз, жыр-термеміз өр­кендеп, қанат жайып, дамымас еді. Қай әнші кеш ұйымдастырса да, шетелдік дүбірлі додаларға қаты­­сып, бақ сынап келсе де, бар­лы­ғы жеке азаматтардың қаржысымен жүзеге асады. Менің де осы концертімнің шығы­нын жауып, қолтығымнан демеп жатқан абзал ағаларым бар. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Орайы келіп тұрғанда есімдерін аса құрметпен атай кетейін. Ұлт жа­н­а­шыры, кәсіпкер, меценат Болат Әбішұлы қашан болсын өнерлі жастардан көмегін аяған емес. «Бір кісі жаққан отқа мың кісі жылынады» дейді халық даналы­ғы, талай әріптестерім ол кісінің шапағатын көріп жүр. Бәз біреулердің алдынан «Қазір домбыраны керек қылатын адам бар ма? Оны кім тың­дайды?» деген сөз естіп, түңіліп шыққан сәттерде арқамнан қа­ғып, қанат бітірген ағаларыма інілік алғысымды жеткізгім келеді. Жерлес ағам Абы­лай Қа­лиасқаров пен  інім Мұрат Әділ­­хановтың қосқан үлесі бір төбе. Амантай, Жо­март, Серік­хан, Кәрім Абзал­ұлы, Сара Шаях­­метқызы сынды жана­шыр­ла­рым, тұғырлы ті­рек­­­терім де­меушілік жасап, бір жағыма шығысып, көмек қолын созып отыр. Әйт­песе «жалғыз­дың үні, жаяудың шаңы шық­пасы» бел­гілі.

– Алакөл ауданының аза­мат­тары да қарап жатпаған болар…
–Туған жерім Алматы об­лысы, Алакөл ауданының игі-жақсыларына өкпем жоқ. Қа­шан барсам да концертімнің дұрыс өтуіне атсалысып, бірге барған өнер саңлақтарын тік тұрып күтіп алады. Аудан әкімі Жақанбаев Әлібек Әскербек­ұлына ерекше ризашылығымды білдіремін. Бұйыртса, кешімнің қадірлі қонағы болады.

– Бір сұхбатыңызда «Мен концерттің жарнамасын өзгер­тіп, бір репертуарды жұрт жа­лыққанша қайталай беретіндер қатарынан емеспін» деп едіңіз. Көшеде ілінген, БАҚ-та тара­лып жатқан жарнамала­рың­ызға қарасақ, кеш қонақтары аталмапты. Неге?
–Жеке шығармашылық кешім болғаннан кейін өзімнің ғана атым аталғаны дұрыс сияқ­ты. Қатысушылар әзірге құпия болсын. «Анау шығады, мынау шығады» деп әріп­тестерімнің атын жамылғым келмейді. Ха­­­лық аз келсе де, көп келсе де ме­ні тыңдау үшін келгенін дұрыс көремін. Бірақ бұл мүлде ешкім болмайды деген әңгіме емес. Кімдердің қатысатыны кеш үстінде бір-ақ айтылады. Жалпы, ән кеші екі бөлімнен тұрады. Ән, терме, толғау ара­лас орындалады. Оның барлығы осы кешке арнайы жазылған дүниелер деп айта алмаймын. Бұрыннан ән қоржынымда бар туындылар. Осыған дейін эс­тра­далық жанр­да шырқалған дүниелерді енді домбырамен тың­дайсыз­дар. Ең бірінші шық­қан таспам «Тағ­ды­рым, менің кешірші» деп атал­ған. Сол кез­де әр әннің алдына кі­ріс­пе ре­тінде өлеңдер оқыл­ған. Концерт осы үлгіде өтеді…

– Жүргізуші болмай ма, сонда?
– Менің алдыңғы концер­тім­де де жүргізуші болмаған. Орындалатын әндер сахна сыр­тынан хабарланды. Бұл жолы да солай жасаймыз. Жүргізуші жалдап, елдің алдында атақ-даңқымды түгендетіп, өзімді мақтатқым келмейді. Көпшілік­тің уақытын босқа алғанша, оның орнына бір ән болса да орындалсын.

– Жарты жыл ішінде адам танымастай өзгердіңіз. Бір кез­дері тұлғаңыз таудай көрінетін. Сізге қарасақ көз де, көңіл де тоятын. «Жұдырығыңыз қақ­пақ­тай, жауырыныңыз тоқ­пақтай» еді. Шынашақтай күй­ге түскеніңізді концерт алдындағы жаңа имиджіңіз деп қабылдағанымыз дұрыс па?
– Алла адамға денсаулықты аманаттап береді. Ағзалары­мызға артық жүк түсірмей, шүкіршілік етіп, күтіп-баптауға ерекше көңіл бөлуіміз керек. Артық салмақ ауру жинайтынын түсіндім. Бір ғана мысал ай­тайын, кішкентай ұлымның салмағы – 12 келі. Қолыма алып, ойнатайын деп, сәл көтер­сем, бес минутқа жетпей шар­шап қаламын. Бірақ байқасам, бойымдағы 15-20 келі артық салмақты 24 сағат бойы еш қиналмай, ешкімге ренжімей, ауырсынбай көтеріп жүре береді екенмін. Содан ойлана келе, артық еттен арылуға бел будым. Табиғатымнан алған бетімнен қайтпайтын адаммын. Алты айдың ішінде 15 келі жоғалттым.
Жүрген жерімде көрген кісілер шошына қарап, «ауырып қалған жоқсың ба, бұл тегін емес?» деп таңданыстарын жа­сыра алмай жатыр. Көшеде кездескендер де аң-таң. «Дәрі ішіп жүр екен» деп сан-саққа жүгіртіп жатқандар да бар. Шындығына келсем, тек спорт­пен айналыстым. Күндіз-түні жанымды аяған жоқпын. Бірақ денсаулығыма ешқандай қауіп төндірмедім. Көре-көре көз үйреніп кетеді деп ойлаймын. Әрине, қатты азып кеткеннен кейін сахналық киімдерімді қайта тіктіруге тура келді. Бұл шаруаны Берік Исмайылов ағамыз өз қолына алып жатыр. Ал қолөнер шебері Айтмұхамбет Тежекенов пен Түркиядан келген Құмарбек Қия сынды азаматтар домбырамды жасап берді.

– Сіздің жеке өміріңізде де біраз жаңалықтар болды. Оқыр­­­мандарымызбен бөліссеңіз…
– Ұлым ер жетіп, қызым бой жеткен шақта, араға 19 жыл салып, тағы да нәресте сүйдік. Дүниеге Расул, Арлан есімді ұлдарым келді. Бұдан бөлек, үлкен ұлым үйленіп, мені ата атандырды. Немерелі бол­дым. Өкінетінім, осы күнді әкем көре алмай кетті. Адамда арман бітпейді ғой, қасымызда сәл-пәл жүре тұрғанда ғой деген әттеген-айым бар.

– «Балалы үй – базар» деп жатамыз. Бала болғаннан кей­ін бір-бірімен таласып, бір-біріне кішігірім «соғыс» ашып жатады. Сондай сәттерде кімге жақтасып, қайсысының сөзін сөйлейсіз? Ұлдарыңыздың ба, немереңіздің бе?
– Расулым бұйыртса үшке толады. Арлан бірге келді. Немерем енді жасқа шығады. «Немере деген ыстық болады екен, шыбын жаннан тәтті» деп өтірік мәймөңкелей алмаймын. Алдыңғы балаларым туылғанда 20-ға да толмаған жас болдық. Қарап отырсам, сол кезде өзіміз бала екенбіз. Әкелік бақыттың өзін кеш білдім, ал ата болудың қуанышын әлі түсініп, сезініп үлгерген жоқпын. Балаларымды қалай жақсы көрсем, немереме де солай қараймын. Бірін артық, бірін кем санамаймын. Уақыт өте келе, ата болғанымызды мойындайтын шығармыз. Әзір­ге ата образына кіре алмай жүргенім рас.

– Мүмкін, ата атанып, кәрі көрінгіңіз келмей жүрген шы­ғар…
– Күннен-күнге жасарып келе жатқанымыз жоқ, қашсаң да, қашпасаң да қарттықтың ауылы алыс емес. Ертең не боларын кім біледі?! Бұл өмір бір есіктен кіріп, бір есіктен шыққандай ғана алдамшы дүние екенін түсіне бастадық. Таң ат­қанда ашқан есігің, кеш батқан­да жабылады екен. Бабаларыма, әкеме жеткен қарттық маған да жетер. Мені айналып өтіп кетеді дегенге сенбеймін. Күтпесең де, шақырмасаң да мойынсынуға тура келеді. Ұмытып кеткің келсе де ұмытылып кетпейді. Әуелі жүзіңе өрнек салады. Күн сайын күш-қуатың кемиді. Со­сын қара шашың ағарады, жа­ғың жұқарады. Сөйтіп-сөйтіп, уақыт өз дегенін жасайды.

– Сіз «Таңертеңгі сағат он мен үшін түн ортасы» деп әзіл­дейсіз. Көп уақытыңыз ұй­қы­мен өтіп жатыр деп ойламайсыз ба?
– Кеш жатқан соң, кеш тұ­расың. Бірақ аштан өліп, көштен қалып жатпаған сияқтымын. Оның үстіне, адам есейген са­й­ын ұйқы сергіп, азаятын кө­рінеді. Бұрын шынында күн­дізгі сағат он екіге дейін теле­фо­нымды сөндіріп тастап, ұйық­­тай беретінмін. Қазір ол тәртіп бұзылған. Концерт алдында жам­бастап жататын жағдай жоқ, тіпті ұйықтай алмайсың. Ой көбейген сайын түртіклеп жатқызбайтынды шығарды.
– Ақшамен «доссыз» ба?
– Мен оны дос санаймын, бірақ ол ылғи керек кезінде жоқ болып кетеді. Іздегенде жаным­нан табылмайды.
– Өзіңізге-өзіңіз сұрақ қоя­тын мүмкіндік бергім келіп отыр. Қандай сұрақ қойып, қа­лай жауап берер едіңіз…
– Кіммін?
Жер басып неге жүрмін?
Білдім…
Бойында жоқ бір мін –
Алланың құлымын.
Халықтың ұлымын.
Шаттықта шырқайтын әні­мін,
Жырымын.
Білдім, кіммін…

Әңгімелескен Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

http://www.aikyn.kz