Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, қазір елімізде өңірлердегі билік органдарының өкілеттілігі күшейтіліп, басқаруға қатысты бар жұмыс енді жергілікті жерлердегі өңірлердің өз қолына беріледі. Өйткені, бізге енді облыстарды дамытып, бұл жұмысты жалғастыра беру керек.
Ия, жерінің көлемі бойынша әлем мемлекеттері арасында тоғызыншы орынды ойып тұрып алатын еліміз халқының саны бойынша тек 60-шы орында. Жер көлемі мен халықтың тығыздығы бойынша есептегенде әр шаршы шақырымға бар-жоғы алты адамнан келеді. Тәуелсіздік алған жылдардан бері халықтың біршама бөлігі Астана мен Алматы, мұнайлы Атырау сияқты ірі өндірісі, дамыған инфрақұрылымы бар қалаларға қарай ойысып, өңірлердің дамуы күрт тежелгені белгілі.
Биыл жыл басында елімізде тұңғыш рет бұрын-соңды болмаған ҚР Өңірлік даму министрлігі құрылды. Қазір әр жерлерде қабылданып, жүзеге асырылып жатқан барлық салалық бағдарламалар бір үлкен бағдарламаға – Қазақстанның өңірлерін дамытуға бағытталған бас жоспарға енгізілуде.
ҚР Өңірлік даму министрлігінің вице-министрі Қайырбек Өскенбаевтың хабарлауынша, әр өңірдің шешімі кезек күттірмейтін өз мәселелері жетіп-артылады. Жыл басында Қазақстан Президенті өңірлерде әлеуметтік бағдарламаларды мықтап қолға алуды тапсырды. Шыны керек, қазір жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар еліміздің барлық облыстары мен барлық аудандарын қамтымайды, тіпті кей жерлерде жүзеге асырылған инвестициялық жобалар тиімді болмай шығып, жемісін бермей тұрғаны тағы бар.
«Өңірлерді дамыту», «Моноқалаларды дамыту», «Бизнестің жол картасы – 2020», «Жұмыспен қамту – 2020», «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарды модернизациялау», «Ақ бұлақ», «Қолжетімді баспана – 2020» сияқты бұған дейін қабылданып үлгерген келелі құжаттар қазір біртұтас бағдарламаға біріктірілуде. Бұл біртұтас бағдарламаға сондай-ақ, министрлік тарапынан әзірленіп жатқан шағын қалаларды дамыту жоспары да енеді.
Өңірлерді дамыту дегенде ең алдымен әлеуметтік модернизация үрдісін жандандырып, халықтың ең қарапайым тұрмыстық жағдайын жөнге келтіру маңызды. Биыл елімізде баспана құрылысын жобалаудан бастап қолданысқа қабылдауға дейінгі барлық технологиялық үрдісті бақылауға алатын, құрылыстың сапалы болуын қамтамасыз ететін құрылым – толықтай мемлекет меншігіндегі «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық корпорациясы» АҚ құрылды. Бұл корпорация сонымен қатар, «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасында ерекше басымдық берілген бағыт – еліміздегі жалға берілетін пәтерлер нарығын жандандыруы тиіс. 2014 жылдан бастап осы тетік арқылы халыққа жалға алынатын баспана беріле бастайды. Биыл жалға берілетін баспана нарығын дамыту мақсатында республикалық бюджеттен 15 миллиард теңге бөлініп те қойыпты. «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық корпорациясы» АҚ қазірдің өзінде жалпы көлемі 100 мың шаршы метрден асатын, мемлекеттік сараптамадан сәтті өткен бірқатар жобаларды жүзеге асыруға кірісті. Келесі жылы жалпы аумағы 200 мың шаршы метрден астам жалға берілетін баспана қолданысқа беріледі деп жоспарлануда. Ал 2016 жылдан бастап «Қазақстанның тұрғын үй-коммуналдық корпорациясы» жыл сайын 530 мың шаршы метр баспана салуды жоспарлаған, бұл дегеніміз – жылына шамамен 9-9,5 мың пәтер. Сөйте тұра, әрбір шаршы метрдің құны орта есеппен 100 мың теңгені құрайтын болады.
Алдымен жерді тиімді пайдалану керек
Республика бойынша, жеке баспана салу үшін жер кезегінде тұрған ел азаматтарының ұзын-саны саны 1,3 миллион адамға жеткен көрінеді. Айта кетсек, Қазақстан Республикасының әрбір азаматы жеке құрылыс үшін 10 сотық жерді бір рет тегін алу құқығына ие. Жыл сайын жер телімін алуға өтініш беретін азаматтар саны көбейіп жатқаны заңды құбылыс, статистикаға сенсек, жергілікті әкімдіктерге жыл сайын кемінде 100 мың өтініш келіп түседі екен. Ал Алматы мен Астана қалаларында, өзге де ірі облыс орталықтарында жер телімін алуға берілген өтініштер саны тіпті 700 мыңнан асады. Жерге деген үлкен сұраныс әсіресе Алматы мен Астананы айтпағанда, Ақтөбе, Ақтау, Орал және Шымкентте байқалып отырға көрінеді. Алайда жер телімдері заң бойынша тиісті инфрақұрылымы салынған (электр жарығы, су, жол, құбырлар, газбен қамтылуы) жерлерден ұсынылуы тиіс. Ал қалалардың аумағында әдетте бос жерлер жоқ, сол себепті, жеке құрылысқа қалалардың маңайынан жер телімдерін беру мәселесінде қиындықтар баршылық. Әрине, халыққа жер беру үшін қалалардың аумақтарын шексіз кеңейте беру мүмкін емес. Астана мен Алматы сияқты қалалардың, өзге де облыс орталықтарының аумағындағы жерлер жекеменшік ретінде тіркелген, немесе уақытша пайдалануға берілген. Сондай-ақ, өткен жылғы жер түгендеу жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, жер телімдерін мүлдем пайдаланбауға және оларды заңсыз пайдалануға қатысты 44 мың факті тіркелді. Тіпті жер телімдерінің 57 пайызының соңғы бес жылдан бері пайдаланылмай бос жатқаны анықталды. Сол себепті алдағы уақытта жеке құрылысты дамыту бағытында үлкен шаралар қолға алынбақ.
Жерді түгендеу, инвентаризация үрдісі 2014 жылы аяқталуы тиіс. Өткен жылы 30,6 миллион гектар аумаққа инвентаризация жасалды (барлық аумағы 90 миллион гектар), оның ішінде 57 аудан мен облыстық маңызы бар 5 қала, 800-ден астам ауылдық округ мен 67,5 мың шаруашылық иелігі қамтылды.
Суғарылатын егіс алқаптарының 42 пайызы ғана пайдалануға жарамды болып шығыпты. Ең тозған алқаптар Шығыс Қазақстан, Алматы, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының үлесіне тиесілі екен. Ал жайылымдық жерлердегі құдықтардың 15 пайызы ғана жарамды, қалғаны кешенді күрделі жөндеуді талап етеді.
Өткен жылы пайдаланылмай жатқан 5 миллион гектар жер ауыл шаруашылығының айналымына берілді. Жалпы, үкімет тарапынан ауылшаруашылық жерлерді жоспарлы түрде түгендеу жұмыстары әлі жалғасады.
А.ОЛЖАЕВ