Еліміздің мемлекеттік қызмет саласында түбегейлі өзгерістер басталып кетті. Уақыттың талабына сәйкес жаңа деңгейге көшуді жоспарлаған жүйедегі жаңалықтарға шетелдік ұйымдар мен институттар да зор қызығушылық танытуда. Кеше мемлекеттік қызметте Өңірлік хабтың құрылуына орай, Астанада ұйымдастырылған құрылтай конференцияға 22 елден қонақтардың арнайы келуі – оның маңыздылығын байқатса керек. Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы бірлесіп ұйымдастырған жиынға Еуроодақ, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы мен Дүниежүзілік банктің өкілдері мен шетелдік елшілер де қатысты.
Конференцияны жүргізген Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Байменов алдымен Президент Н.Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді. «Мемлекеттік қызметті дамыту, оны халықтың күннен-күнге өсіп келе жатқан талабына сәйкестендіру кез келген үкіметтің маңызды басымдықтарының бірі болып табылады. Ал әр елдің мемлекеттік қызмет реформасы-ның күн тәртібі халықаралық тәжірибе, аймақтық және ұлттық ерекшеліктерді ескере отырып, өзекті мәселелерді зерделеу арқылы анықталады. Қазақстан озық халықаралық тәжірибені белсенді зерттеуге қызығушылық танытып, сарапшылар жоғары бағалаған мемлекеттік қызмет моделін дамыту тәжірибесімен бөлісуге мүдделі. Сонымен қатар мен мемлекеттік қызмет саласында үздіксіз тәжірибе, білім және ақпарат алмасу үшін тиімді институционалдық базаға айналатын Өңірлік хаб құру туралы бастама-ны қолдадым. Біз хатшылықтың тиімді жұмыс істеуіне барлық жағдайлар жасап, әріптестерімізбен бірге аймақтық хаб құруға күш саламыз» деген Елбасы сөзін қатысушылар ықыласпен қабылдады. Өңірлік хаб құру бастамасы бұған дейін де бірқатар халықаралық кездесулерде талқыланып келеді. Өткен жылы Астана экономикалық форумында да әлемнің мықты саясаткерлері мен экономист-сарапшылары қызығушылық танытып, өз тараптарынан ұсыныстарын білдірген. Конференцияда сөйлеген БҰҰ Тұрақты үйлестірушісі және БҰҰ Даму бағдарламасының тұрақты өкілі Стивен Тулл Өңірлік хабтың Даму бағдарламасы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі арасындағы ұзақмерзімді жобасы екенін жеткізді. Сондай-ақ мұндай реформаларды енгізуде Қазақстанның Орта Азияда көшбасшы рөлге иек артқанын атап айтты. «Қазақстан Президенті Н.Назарбаев былтырғы желтоқсандағы Жолдауында мемлекеттік қызметті дамытудың тың тетіктері туралы айта келе, бұл қызметтердің басты мақсаты оның сапасын барынша жақсарту екеніне тоқтал-ған еді. Менің ойымша, осы тақырыпты ерекше нысанаға алуға тиіспіз. Өйткені біздің түпкі көздегеніміз – мемлекеттік қызметті барынша кәсібилендіру болып отыр. Жалпы, халықаралық бастамаға қызығушылық артып, жоба өз мақсатына жету үстінде. Бұл мен үшін де маңызды. Сондықтан да Астанада жайғасатын осынау Өңірлік хабтың әлеуеті зор болады деп санаймыз, әрі ол Орталық Азия аймағында ғана емес, көптеген өңірлерде де халық пен мемлекетке қызмет етудегі тиімділігін танытатынына сенім мол» дейді ол. Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Пэк Чухен Өңірлік хабтың тиімді тұстарын өздеріндегі жүйемен салыстыра отырып әңгімеледі. Жалпы кез келген елдің мемлекеттік қызмет жүйесінде проблемалар бар. Сыбайлас жемқорлық мәселесі Оңтүстік Кореяны да біразға дейін мазалаған. Дегенмен туындаған жайтты шеше алған елдердің озық үлгісі зерттеліп, тиімді тұстары қолданысқа енгізіліпті. Қазір онда шенеуніктердің жалақысы орташа, бірақ жеке секторға қарағанда тұрақты. Қызмет көрсету сапасы әлдеқайда жақсара түсіпті. Нидерландтағы Еуропа мелекеттік институтының аға лекторы Вольфганг Киф мырзаның ойынша да барлық мемлекеттің басқару ісіндегі қиын түйіндерді жеке-дара игеру оңай емес. Ойласып, ортақ шешімнің жолын тауып отыру барлық тарапқа да тиімді болмақ. Өңірлік хаб – осындай қадамдардың бастамасы. Енді салада белгілі бір сұрақ туындаса, өзара кеңесіп шығу амалдарын қарастыруға мүмкіндік туды. Қазақстанның жүйесін толыққанды талдамаған ол, кеше халыққа қызмет көрсету орталығына арнайы барғанда ондағы жұмысқа көңілі толатынын жеткізді. Ал АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Кеннет Фэйрфакс «Таяуда мемлекеттік қызмет мәселесінде көшбасшы болып табылатын АҚШ персоналды басқару кеңсесі мен Қазақстанның Мемлекеттік қызмет істер агенттігі меморандум жасады. Мұндай ынтымақтастық меморандумы арқасында тәжірибе алмасулар Қазақстан үшін де, АҚШ үшін де аса маңызды. Қазақстанның мемлекеттік қызметті өңірлік реформалау саласындағы әріптестікті мақтан тұтамыз» деген елші біздегі өзгерістердің тиімді тұстарына тоқталды. Конференция нәтижесі бойынша қатысушылар қорытынды Декларация қабылдады. Бейсенбай ДӘУЛЕТҰЛЫ ПІКІР Астанада өткен Өңірлік хабтың құрылтай конференциясында халықаралық ұйым басшылары мен шетелдік дипломаттар Қазақстанның болашақта мемлекеттік қызметті аймақтық дамыту орталығына айналатынын жеткізді. Жақында қол қойылған АҚШ-тың қызметкерлерді басқару кеңсесімен ынтымақтастық туралы меморандумы да өз нәтижесін береді деп күтілуде. Әлихан БАЙМЕНОВ, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы: Мехмет Әли КУМБУЗОГЛУ, Түркияның Мемлекеттік қызметкерлер жөніндегі директораттың төрағасы: Пэк ЧУХЕН, Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі: Кеннет ФЭЙРФАКС, АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі: Дайындаған |
http://www.aikyn.kz