Үкімет бағдарламасына сай Оңтүстіктегі тұрмысы қиын өңірлер халқын елдің солтүстік облыстарына көшіру жұмыстары басталып кетті, — деп хабарлайды «Қамшы» порталы Азаттыққа сілтеме жасап.
Елдің оңтүстіктігінен солтүстігіне көшкісі келетін тұрғындар қоныс аударудың басты себебі ретінде жұмыссыздықты айтады. Жергілікті билік өкілдерінің сөзінше, бұл мәселенің демографиялық қыры да бар.
Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Қызылсеңгір ауылының тұрғыны, үш жылдан бері теміржолшы мамандығы бойынша жұмыс таппаған Батыржан Лесбаев Солтүстік Қазақстан облысына көшуге қамданып жүр.
— Бізде тұрақты жұмыс жоқ. Өйткені халық көп, тығыз. Әр жерді бір жалданып жұмыс істеуден шаршадым. Үйдегі жеті жан – әке-шешем, інім, әйелім мен екі балам бар бәріміз шешемнің зейнетақысына қарап отырмыз. Тұрақты жұмыс тауып берсе, жердің түбіне болса да барамыз, – дейді Батыржан Лесбаев.
Солтүстіктің ауа райы оңтүстікке қарағанда суық екенін айтқан жігіт «тұрақтылық жоқ болса, жылы жерде отырған неге керек» дейді.
«ТҮПКІ ОЙ – ДЕМОГРАФИЯНЫ КӨТЕРУ»
Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сәтжан Полатовтың айтуынша, жыл басынан бері Батыржан Лесбаев сияқты солтүстікке көшуге ниетті 500 адам өтініш берген. Солтүстік Қазақстан ұсынып отырған жұмыс орындарының көбі – ауыл шаруашылығы саласында.
— Оңтүстік Қазақстан облысында жұмыссыз жүріп, нәпақа табу қиын болып тұрғанда Солтүстік Қазақстан облысында жасалып жатқан жеңілдіктерді пайдаланған абзал. Көшіп бару тегін, шығын өтеледі. Жекешелендіруге бермесе де, уақытша тегін тұруға баспана беріледі. Жұмысқа орналастырылады. Бар қиындығы ауа райында, солтүстікте қыс – ұзақ, жаз – қысқа, – дейді Сәтжан Полатов Азаттыққа.
Оның айтуынша, былтыр да оңтүстікқазақстандық 70 отбасы облыс әкімдіктерінің өзара келісімі бойынша Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарына тегін көшірілген. Ол азаматтар әкімдіктердің демеуімен жұмысқа тұрып, баспаналы болған.
— Биыл «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасына жаңа тармақ енгізілді. Үкімет оңтүстік аймақтарды – халқы көшуші, солтүстік аймақтарды – көшті қарсы алушы аймақтар ретінде белгілеп берді, – дейді Сәтжан Полатов.
Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасарының сөзінше, азаматтарды түстіктен теріскейге көшірудің демографиялық себебі де бар. Сәтжан Полатов бұл сөзіне «Оңтүстік Қазақстан облысында – 3 миллионға жуық, ал Солтүстік Қазақстан облысында 6 жүз мыңдай ғана тұрғын бар» деген деректі уәж етеді.
— Солтүстік Қазақстан облысының халқы көрші Ресейге және облыс орталығы Петропавлға көше бастаған. Ауылдарда адам саны азайғаннан соң мектеп пен балабақшалар жабылып жатыр. Ол жақта жер кең, игеруге адам жетіспейді. Түпкі ой – демографияны көтеру, жұмыссыздықтың алдын алу, – дейді Сәтжан Полатов.
«БИЫЛ 300 ОТБАСЫН КӨШІРІП АЛА АЛАМЫЗ»
Солтүстік өңірге жұмыс күші көп аймақтардан азаматтарды көшіру мәселесі бұл өңірде «демографиялық ахуал нашарлап, халық санының азаюынан туғанын» Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Алма Махметова да растайды. Оның айтуынша, бұл облысқа былтыр Оңтүстік Қазақстаннан 18 отбасы (37 адам) көшіп келген.
— Олардың 27-сі жұмысқа жарамды, қазір 21-і жұмысқа орналастырылды. Барлық отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Олардың ішінде ауыл шаруашылығы саласындағы жұмысшыларға қоса, мұғалімдер мен дәрігерлер де бар, – дейді бас маман.
Алма Махметованың дерегінше, Солтүстік Қазақстан облысының 2016 жылы 300 отбасын көшіріп алуға мүмкіндігі бар.
— Дәл қазір аудандарда 185 бос жұмыс орны мен 110 бос жеке тұрғын үй бар. Бос жұмыс орнының 110-ы – ауыл шаруашылығы саласында, 75-і – бюджеттік мекемелерде. Көшіп келген отбасылардың балаларын мектеп, балабақшаға кедергісіз орналастырамыз, – дейді Солтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Алма Махметова.
Солтүстік Қазақстанға көшуге ниет етіп жүрген оңтүстік тұрғындарының бірі, мақаланың басында сөз болған Батыржан Лесбаев қаңтардың 19-ы күні Оңтүстік Қазақстан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына барып, қажетті құжаттарын тапсырып, арнайы анкетаны толтырып қайтты. Басқарма мамандары сол күні Батыржан Лесбаевтың құжаттарын Солтүстік Қазақстан облысындағы әріптестеріне электрондық поштамен жіберді.
Қазақстан үкіметі «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасын 2013 жылы қабылдаған. Бұл бағдарламада «жұмыс күшіне тапшы» аймақтарға «жұмыс күші артық» облыстардан мамандарды шақыру жайы да айтылған. Әр облыс осы бағдарлама негізінде азаматтарды көшіру жоспарын жасауға кіріскен. Сондай өңірлердің бірі – Шығыс Қазақстан облысының 2014 жылдан бастап «жұмыс күші мол аймақтардан (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарынан) еңбекке жарамды азаматтарды» көшіріп алуға кіріскенін Азаттық бұған дейін де жазған.
Дереккөз: Азаттық
«Қамшы» сілтейді