Шеттегі қазақтардың өз отанына оралуы ұзаққа жалғасатын тақырып. Өзге елдерде өмір сүріп жатқан 5 миллион қандасымыз аман болады екен, оларды елге қосу үшін талай қызмет жасауымызға тура келеді. Себебі, тарыдай шашылу – ұлтымыздың кешегі тағдырына жазылған соры болса, оларды көктудың астына шоқтай жинау – бүгінгі қазақтың маңдайына бұйырған бағы.
Қазір отанына оралып жатқан қазақтың көші азайып кетті. Біз оның барлық себебін тізіп отыруды мақсат етпейміз. Ал, қара орман қазақ жұрты өз қандастарының еліне, атажұртына оралғанына шын қуанады. Соңғы кезде шеттен келетін қазақтарға деген биліктің көзқарасы сәл жұмсарып, алдымен 5 жылға созып, кейін әупірімдеп жүріп әрең 4 жылға түсірген азаматтық алу мәселесін 1 жылға қысқартты. Бұл да бір жымысқы тактика болды. Қорғансыз біреуді ұрып-соғып, артынан басынан сипап баурыңа тартсаң, сенен қормал адам жоқ көрінеді оған. Сол секілді азаматтық алу 1 жылға қысқарғанына да шеттегі қазақ қуанып-ақ қалды.
Бірақ біз үшін бұл қалпақты аспанға ататын жайт емес. Себебі, Қазақстан алғаш тәуелсіздік алғанда Ресейге, басқа да одақтас республикаларға тайып тұрған (кеткені жақсы әрине) «отандастарымыз», кейін елімізге қайта оралатын болса, оларға 3 ай ішінде азаматтық берілуі керек. Егер осы уақытта «отандастар» (негізіген орыстар) азаматтық ала алмаса соған кінәлі мекеме қатаң жауапқа тартылады деген пункт бар заңда. Осыған қарап-ақ, отандасының ойынан шығу үшін барын салатын дүбаралықтың, қандасының қадірін білмейтін қораштығына куә боласың!
Иә, жүйені, жүйені былғап жатқан күйені айта беру үшін де жүйке керек. Біз соңғы уақытта үкімет тарапы көші-қонға қатысты жария еткен бірер жайтқа тоқтала кетейік. Шеттегі қандастарымыздың елге келуін тежеп тұрған тағы бір мәселе – оралмандар баратын 7 облыстың үкімет қаулысымен белгіленуі. Бұны кейбір қандастарымыз «біз осы аталған облыстарға ғана көшіп баруға тиісті екенбіз» деп жаңсақ түсініп жүрген сыңайлы. Бұлайша шектеу қою ешбір елде жоқ. Өз қандастарын жинап жатқан басқа мемлекеттердің тәжірибесінде де кездеспейді. Сондықтан, оралман қай облысқа көшіп баруды өзі біледі. Бұл «өзім білем» деген өр кеуделік те емес, адамның еркіндігіне, жеке құқына саятын мәселе. Біреу Алматыдағы туысының қасына, екіншілері Астанадағы ауылдастарының арасына барып қоныстанғысы келеді. Бәрі де түсіністікпен қарауға тиісті жағдай. Біздің елде де ондай шектеу, мәжбүрлеу жоқ.
Бірақ, қазақ үкіметі ағымдағы халықаралық жағдайларға (Қырым мәселесі және Ресейлің қолдауымен болып жатқан Украинаның шығысындағы сепаратизм) қарай отырып, ішкі көші-қон саясатын реттеуді, Қазақстанның кейбір облыстарындағы этнос аралық тепе-теңдікті сақтауды көздеді. Яғни, сол аймақтардағы мемлекеттің негізін құраушы қазақтардың санын арттыруды мақсат етті. Өйткені, жағдай солай жасауға мәжбүрледі. Соған сай өзге ұлттар көп қоныстанған 7 облысты белгілеп, оған көшіп барушыларға ынталандыру жасайтын қаулы шығарды. Біздіңше ол ынталандыру ісі дұрыс ұйымдастырылмаған және деңгейі де төмен. Азғантай жол шығыны мен арзандатылған несие арқылы баспана беру қарастырылған еді. Алайда жұмыс беру және қоныстануға қажет өзге де әлеуметтік қолдаулар жасалуы керек деп ойлаймыз.
Қандастарын жинап жатқан Израиль мемлекеті бұл тұрғыда ұтымды жұмыс жасауда. Олар Палестинамен шекаралас аудандарға бүкіл бір қалашық тұрғызып тастаған. Үйлерінің сапасы өте жақсы. Өздері қара жұмыс істемейтін еврейлер, құрылысты Руминия, Албания елдерінің құрылысшыларына салдырыпты. (Жұмысшыларды қала ішіне кіргізбейді, сырттағы вагондарда тұрады). Осы үйлерге қоныстанатын еврейлер 5 жыл тұрса үйдің жарты бағасын ғана төлейді, 7 жыл тұрса 70 пайызын, ал 10 жыл тұрса тамаша үйге тегін қол жеткізеді. Өйткені, ол шекара өңірдегі көші-қон саясатын тұрақтандыруға үлес қосып, елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салған азамат ретінде бағаланады. Баспанадан бөлек, жұмыс беру, қаржылай қолдау, зейнетақы, тегін оқыту т.б, әлеуметтік жағдайлар жақсы ұйымдастылған. Олардың еліне оралған қандастарына азаматтықты қалай беретінін де айта кетуге болады. Шекарадан өткен кез-келген еврей, тіпті әжесі, нағашысы еврей екенін айғақтайтын құжаты бар адамдарға сол күні-ақ азаматтығын жасап, қолына ұстатады. Бұған қарап Израильды өз ұлтының тұтастығы үшін шын күйініп жұмыс жасайтын мемлекетшіл тұлғалар басқарып отырғанын мойындайсың.
Қазақстанда осыған ұқсас «Нұрлы көш» жобасы жасалған болатын. Бір мысал, қазір Өскемен қаласының дәл түбінде 400-ден астам шеттен келген қандастарымыз тұрып жатыр. Салынған үйлердің сапасы нашар демесеңіз, бәрі ретті орналасқан, мектебі, балабақшасы, көше автобусы бар. Ондағы ағайын өз тіршілігін жасап, жұмыс тауып істеп, күнін көріп жатыр. Ең бастысы, орысы көп Өскеменнің қазақылануына үлкен үлес қосуда. Облыс әкімі де ағайынның жағдайына көңіл бөліп тұрады. Өскемен – ежелден бері орыстар көп қоныстанған жер. Түрлі қазба байлықтарға бай, кенді Алтайды иемденген өзге ұлт өкілінің айдарынан жел еседі. Өткенде Ресей Сыртқы істер министрі С.Лавровтың да ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ыдырысовпен сол қалада кездесуі тегін емес. (Негізі біздің министр әріптесінің айтқанына құрша жорғалап жетіп бармай, Астанада кездесуді айтуы керек еді).
Қазақстанның шығысы ғана емес, солтүстігі мен батысында жағдай қиын. Украинаның екі облысына талас болып, оны Ресейдің тартып алу қаупі төніп тұр. Осыған орай жоғарыдағы облыстарға шеттен келген қандастар мен елдің оңтүстігіндегі қазақтарды жүйелі түрде қоныстандыруды қолға алған тиімді болмақ. Бұл ұлттық қауіпсіздік пен мемлекеттің тұтастығына тікелей байланысты. Сондықтан, осы аймақтарға баратын қандастардан ақшя аяп, оны тегін беріп жатқандай қызғанудың еш қажеті жоқ. Оларға жасалған жағай – шекараны бүтіндеп, сол өңірдегі ұлттық басымдықты арттыру, мемлекеттік қауіпсіздікті қамтамасыз ету деп білуіміз қажет. Ал, тыңғылықты да стратегиялық тұрғыда жоспарланған көші-қон саясаты болмаса, ол аймақтарға бара қоятын адам аз. Шеттегі қазақтар қажет емес кезде азаматтық бермей, қажет бола қалғанда «шығысқа бар, солтүстікке қоныстан» деп нұсқау беру биліктің шолақ та тайыз саясатын көрсетеді.
Патриотқа да жейтін нан, ішетін су керек. Егер үкімет шынымен елдің тұтастығын, ұлттық қауіпсіздігін ойлайтын болса шеттен келген қазақтарға азаматтықты 1 айда беру қажет. Сосын солтүстік, шығыс, батыс облыстарға «Нұрлы көш» жобасымен сапалы үйлер салып, үлкен аудандар құруды қолға алған жөн. Оған қандастарды топ-тобымен орналастырып, мүмкіндігінше жұмыс тауып беріп, сол жерде бір жола қоныстанып қалуды қамтамасыз етсек, бізде де болуы ықтимал сепаратизмнің алдын аламыз. Сосын, көшіп барған қандастарды барлық БАҚ-тан үзбей жарнамалап, шеттегі және елдің ішіндегі қазақтарды сол аймақтарға қоныстануға ынталандыру керек. Нақты жұмыс деген осы болмақ. Әйтпесе, қағаз жүзінде қалатын өтірік қаулыдан еш пайда жоқ. Қысқасы, әлемдік жағдай мың құбылып тұр, В.Путинды император болыңыз деп айтақтап жүрген Жириновскилер азу тісін Қазақстанға қарап бекер ақситып жүрген жоқ. Олар күні ертең біздің үш облысты емес, тұтас елімізге ауыз салудан тайсалмайды. Себебі, біз шектен тыс олардың айтқанына көніп, айдағанына жүріп келеміз. Ал, Ресейге құл болудан құтыламыз десек, шеттегі өзгелерге құл болудың алдында жүрген өз қазағымызды жинайық. Олар ата жұртына оралса рухы тасып, елі үшін барын арнайды. Өйткені, осынша кең байтақ жерді сақтаған, жаудан жалтармаған елдің ұрпағы өз жерін қорғап қалудан аянбайтыны сөзсіз.
Мұрат Алмасбекұлы
Abai.kz