АЛТЫНОРДА
Новости

Оралмандардың аңсағаны орыс тілі емес, азаматтық…

©Нұрғиса Елеубеков (фото)Жақында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің баспасөз қызметі «елімізде оралмандардың қалауы бойынша оларға орыс тілін оқытатын орталықтар құрылды» деп хабарлады. Шын мәнінде орыс тілін үйрену оралмандардың қалауы ма, әлде орыс тілінсіз күні жоқтығын түсінген оралмандар еріксіз орыс тілін үйренуге мәжбүр болып отыр ма?! Осы екі түсініктің арасы жер мен көктей. Жасыратыны жоқ, тіл мәселесі қоғамымызда айтыла айтыла жауыр болған тақырыпқа айналды. Қаншама бағдарламалар қабылданып, қазақ тілінің мәртебесін көтеру мақсатында, қоғамымызды қазақ тілінде сайрату мақсатында қыруар қаржы бөлініп жатқанымен қазақ қоғамы үшін тіл мәселесі мәңгілік мәселеге айналды. Осы мәңгілік мәселеге айналған қазақ тілінің мәселесі оралмандарға да кесірін тигізбей қоймады. Атажұртын аңсап келген талай ағайын өз елінде өз тілінде түсінісе алмағаннан кейін еріксіз жатсынды, сіңісіп кете алмады. Нәтижесінде кейбіреуі тіпті өзінің атажұртын тастап кері кетуге мәжбүр болып отыр. Шын мәнінде оралмандардың тарихи Отанын аңсап келгенде қалағаны орыс тілі ме еді?!

Тәуелсіздік алған 24 жылдың ішінде Қазақстанға 259 159 отбасы, яғни 952 882 адам көшіп келіп, оралман мәртебесін алыпты. Бұл Қазақстан халқының жалпы санының 5,5 пайызына тең екен. Ұлан-байтақ жерімізді игеру үшін ел демографиясын көтеру керектігі де жиі айтылады. Сондықтан әлі де болса бір кездері тарыдай шашыраған қазақ баласын бір шаңырақтың астына жинау қажет. Алайда елімізге келген қандастарымыздың мәселесіне қаншалықты терең үңіле алып отырмыз? Бүгінге дейінгі Ата жұртына оралған оралмандардың 61,5 пайызы — Өзбекстаннан, 14,3 пайызы — Қытайдан, 9,3 пайызы — Моңғолиядан, 6,8 пайызы — Түрікменстаннан, 4,6 пайызы — Ресейден және 3,5 пайызы өзге елдерден келген екен. Олардың 21,2 пайызы — Оңтүстік Қазақстан облысында, 16,3 пайызы — Алматы облысында, 13 пайызы — Маңғыстау облысында, 9,4 пайызы — Жамбыл облысында және 40,1 пайызы еліміздің өзге өңірлерінде тұрақтанған. Соңғы кездері Солтүстік облыстарымызды қазақыландыру үшін оралмандарды осы өңірге тарту қажеттігі де жиі айтылуда. Алайда оралмандарымыздың орыстанған өлкеге барғысы жоқ. Оған да ең алдымен тіл мәселесі себеп. Осы орайда айта кетер жайт, шын мәнінде Солтүстік өлкені қазақыландырамыз десек, оларға неге орыс тілін үйретіп жатырмыз. Керісінше тілінің мәйегі мол оралман ағайыннан жергілікті шала қазақтар «тіл сындыруы» керек емес пе?!

Тек өткен жылы елімізге 3347 қандасымыз келген. Ресми мәліметтерге сүйенсек, елімізге келген оралмандардың 5,6 пайызы — еңбекке қабілетті жастағылар екен. Алайда сол еңбекке қабілетті жастағы қандастарымыздың елімізге келгеннен кейінгі еңбекке араласып кетуі қиын-ақ. Көп жағдайда Өзбекстан, Түркіменстан, Моңғолиядан келген қандастарымыз аз-маз білетін орысшасымен-ақ қоғамға тез сіңісіп, кетіп жатады. Ал Қытайдан келген қандастарымыз тіл білмегендіктен қоғамнан қағажу көруге мәжбүр. Ресми есеп бойынша, отанына оралған этникалық қазақтардың 61 пайыздан астамы — Өзбекстаннан, 14 пайыздайы — Қытайдан, 9 пайызы — Моңғолиядан, 7 пайызға жуығы — Түркіменстаннан, 4 пайыздан астамы — Ресейден, 3 пайыздан көбі өзге елдерден келгендер екен.

Бүгінде еліміздегі жалпы халық санының 5,5 пайызын құрап отырған халықтың ең негізгі мәселесі азаматтық ала алмау болып отыр. Мәселен жақында Алматы облысы Ескелді ауданы Абай ауылында тұратын қандастарымыз бір ауыл болып атажұртынан кері қайтуға мәжбүр екендіктерін жариялаған еді. Азаматтық ала алмай не баласын мектепке бере алмай, не жұмысқа тұра алмай сандалған оралман бауырларымыз еріксіз кері қайтуға мәжбүр. Ал азаматтық алу үшін Қазақстан тарапы Қытайда сотты болған болмағандығы жөніндегі құжатпен ТМД мемлекеттеріне шығу құжатын талап етіп отыр. Алайда Қытай елі «әуелі Қазақстаннан тиісті құжатты әкел сосын ғана ол құжаттарды береміз» дейді екен. Осылайша екі мемлекеттің арасында сенделген ағайынның шақшадай бастары шарадай болып, азаматтыққа қолдары жете алмай, кері қайтудан басқа амалдары қалмай тұр. Тіпті Ақтөбе қаласында Базаргүл Сапарова атты оралман келіншек жеті жылдан бері азаматтық ала алмай жүр. 2004 жылы оралман ретінде елімізге көшіп келген, түрлі себептермен құжаттары уақытылы реттей алмаған оралман келіншек азаматтық алуы кешіге бергендіктен қазір көші-қон заңын бұзғаны үшін айыппұл төлеуге мәжбүр болып отыр. Шын мәнінде шекара асып, ел-жұртын аңсай келген оралмандардың аңсағаны орыс тілі емес, азаматтық. Ендеше өзге түгілі, өзімізге үлкен мәселе болып тұрған орыс тілін оралмандарға тықпалай бергенше неге азаматтық алуды тезірек жеңілдетпеске?!

Бүгінде Қытайдағы қазақтардың 90 пайыздан астамы елге көшіп келгісі келеді екен. Қытай елінде тұратын қазақтар арасында зерттеу жүргізген Wechat әлеуметтік желісі осындай қорытындыға келген. Биылғы жылдың 29 қаңтарынан 2 ақпанына дейін жүргізілген сауалнамада «Қазақстанға көшу керек пе?» деген сұраққа «Көшу керек» деп 6071 адам дауыс беріп, сауалнамаға қатысушының 79% елге көшуді ойлап жүргені анықталған. «Керек емес» деп 671 адам дауыс берсе, сауалнамаға дауыс берген қатысушының 8% елге оралуға әлі дайын емес екенін көлденең тартқан. «Маған бәрі бір» батырмасын 896 адам басқан, яғни дауыс берушінің 11% нақты бір шешім қабылдамағанын білдірген. Демек қандастарымыздың туған жерге деген құлшынысы ерекше. Тек олардың сол ынтасын су сепкендей басатын мәселелерін шешіп беріп, қазақ жеріне – өз еліне келгендігін сездіре алсақ болғаны…

Автор: Қуаныш ӘБІЛДӘҚЫЗЫ

Толығырақ: http://alashainasy.kz/society/oralmandardyin-ansaganyi-oryis-tl-emes-azamattyik-62543/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі