АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Оразаға байланысты жиі қойылатын сұрақтар

рамазанның-артықшылығыҚұрметті оқырман! Қасиетті Рамазан айы қарсаңында оразаға қатысты жиі қойылатын бірқатар сұрақтардың жауабын ұсынғанды жөн көрдік.

Намаз оқымаған адамның ораза ұстауына бола ма?

Ораза – жеке-дара құлшылық. Намаз оқымаған адам да ұстай алады. Ораза – Ұлы Жаратқанға жақындаудың бір түрі. Мұны болмайды деп тыю дұрыс емес. Намаз оқымайтын кісі ораза арқылы дінге бір табан жақындап, келер жылдары намазға жығылуы әбден мүмкін. Ораза ұстаған кісіге «Оразаң қабыл болсын!» деп демеу беріп, мұсылманшылыққа даналықпен шақыру – саналы әрбір мұсылманның міндеті.

Ұйықтап қалып, сәресіні өткізіп алған кісілер не істейді?

Сәресі ішу – парыз емес. Ұйықтап яки басқа себептермен сәресіні өткізіп алғандар ештеңе ішіп-жеместен ораза ұстауын ары қарай жалғастыра береді. Бірақ, сәресіні жіберіп алмауға тырысқан жөн. Хадисте: «Сәресі ішіңіздер, себебі, сәресіде берекет бар. Бір жұтым су ішсеңдер де сәресіні тастамаңдар. Себебі, сәресіге тұрғандарға Аллаһ Тағала рақым етіп, періштелер кешіріп тілейді»,- делінген. Сәресі мезгілі – дұға-тілектер қабыл болатын ең берекетті уақыт. Сәресі ішу адамға күш береді, күндізгі жұмыстарын тыңғылықты атқаруға, ғибадаттарын кемшіліксіз орындауға көмектеседі. Бұған қоса, сәресіге тұрған кісі сүннет сауабын алады. Себебі, сәресі жеу – пайғамбарымыздың сүннеті. Сәресіге тұрған кісі артынша сәре уақыты шықпай тұрып «Тәһәжжуд» намазын оқып, Раббысына мінәжат етсе нұр үстіне нұр.

Ұмытып ішіп-жеп қойғандардың оразасы бұзыла ма?

Егер аңдаусызда ұмытып ішіп-жеп қойса, онда ораза бұзылмайды. Бірақ, ораза ұстап жүргендері есіне түскен сәттен бастап ішіп-жеуді дереу тоқтатып, ауыздарын шайып, оразаларын ары қарай жалғастырады. Пайғамбарымыз хадисінде: «Кімде-кім ұмытып ішіп-жеп қойса, оразасын қайта жалғастырсын. Өйткені, оған Аллаһ Тағаланың өзі ішкізіп-жегізген»,-дейді.

Ораза екендігі есіне түскенде, дереу астан тыйылу керектігін біле тұра «болды, бұзылды» деп тамақ жеуін жалғастырған адам күнәһар болады. Ал, ондайда дереу асты доғару керектігін білмей ішіп-жеп кеш батырған адам ораза айы біткеннен кейін сол күннің қазасын өтейді.

Рамазан айының басында үш күн, ортасында үш күн, аяғында үш күн ауыз бекіту дұрыс па?

Ораза айын ауру яки жолаушылық себептерден тыс бұлай бөле-жарып ұстауға болмайды. «Бақара» сүресінің 185-аятында: «Кімде-кім ораза айына жетсе, оны толықтай ұстасын» делінген.

Қадір түнін таң атқанша ұйықтамай өткізу шарт па?

Қадір түні – Рамазан айындағы ең қасиетті мүбәрак түн. Бұл түні жасалған ғибадат 83 жылдық сауапқа бара-бар. Сондықтан бұл түнді нәпіл намаз, Құран оқып, зікір айтып, салиқалы істер жасап, ғибратты әңгімелер мен уағыздар тыңдап өткізген абзал.
Қадір түнін таң атқанша көз ілмей өткізу шарт емес. Әркім өз жағдайы мен ыңғайына қарай өткізеді. Түні бойы дастарқан жайып үйде күту де, мешітте өткізу де шарт емес.

Ауыз бекіткенде тіс пастасын қолдануға бола ма?

Тісті мүмкіндігінше сәресі уақыты шықпай тұрып жуып алған абзал. Ал, ол мүмкін болмаған жағдайда тамаққа кетпейтіндей етіп аса сақтықпен жууға рұқсат етіледі.

Ауыз бекіту дұғасы мен ауыз ашар дұғаларын қазақша айтуға бола ма?

Ұлы жаратушы барлық ұлттардың тілімен қоса іштейгі айтылмаған тілектерін де біледі. Сондықтан ауыз бекіту дұғасы мен ауыз ашар дұғаларын арабша айту шарт емес, әр ұлт өз тілінде айтса да болады.

Ораза кезінде ине салдыруға бола ма?

Ине ектірудің оразаны бұзып-бұзбауына байланысты кейінгі Ханафи ғұламалары арасында екі түрлі үкім бар. Бұл үкімдер Әбу Ханифа және оның шәкірттері: Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің денеге кірген пышақ секілді т.б. қатты заттардың қалдырған дене жарақатына дәрі май жағудың оразаны бұзып-бұзбайтындығы төңірегіндегі фәтуларын негізге ала отырып анықталған. Айталық,

А) Әбу Ханифаның «терең жараға жағылған дәрілік майдың оразаны бұзатындығы» жайлы пікірін негізге алған ғалымдар, ине арқылы тамырмен денеге бір нәрсенің тарайтындығын алға тартып, ораза бұзылады деген. Қоректік жағы дау тудырғанмен, қабылданған ондай заттың денені күшейтетіндігі белгілі.
Ендеше, дәрі мейлі ауызбен ішілсе де, инемен қабылданса да, кәффаратты қажет етпейді, бірақ оразаны бұзады және қазасы өтеледі. Дәрі ішкен я болмаса ине ектірген адам не сол күні ораза ұстамауы, не дәрі мен инені сәресі мен ауызашар уақыттарына қалдырғаны жөн.

Ә) Ал Әбу Ханифаның шәкірттері Әбу Юсуф пен Мұхаммедтің «терең жараға жағылған дәрілік май оразаны бұзбайды» деген пікірін негізге алған ғалымдар, ине ектірудің оразаны бұзбайтындығын айтқан. Өйткені, азық табиғи жолмен бармағандықтан, ол қоректің қарынға не миға жетуі аса маңызды емес. Сол себепті, бұндай жағдайда ораза бұзылмайды. 1948 жылы Әзхар университетінің Фәтуа Комиссиясы табиғи ойықтардан денеге өткен нәрсенің оразаны бұзбайтындығы жөнінде фәтуа берген. Өйткені, бұл емдік тәсілінің ауызға дәрі салып жұтуға ұқсамайтындығы анық. Сондай-ақ, демікпе не тыныс жүйелерінде ақауы барлар да ауызға дәрі шашыратса, ол өкпеден өтіп, асқазанға жетпейтіндіктен оразаны бұзбайтындығы алға тартылған. Кейбір аурулардан қорғану мақсатында ине ектіру де оразаны бұзбайды. Өйткені, бұндай жағдайда денеге қорек алу көзделмейді делінуде. Бірақ, қоректену мақсатында денеге қуат беретін арнайы гемоглобин секілді нәрселерді ине арқылы қабылдау оразаны бұзады.

Жоғарыдағы қай пікірді таңдаса да, ұстанса да негізгі жауапкершілік таңдаушыға тән. Негізі, дініміз сырқаттанған немесе ем қабылдап жүрген кісілердің ораза ұстамауына рұқсат еткен. Сондықтан емдікке дәрі ішіп не ине қабылдап жүрген адамның жақсы емделіп, болашақта құлшылықтарын үлкен ықыласпен атқаруы мақсатында Рамазан кезінде ораза ұстамауына болады. Бұл – өздері шешетін мәселе.

Ал, ауырса да көпшілікпен бірге ораза ұстап, Рамазан айының қасиетінен құр қалғысы келмеген кісі екінші топтағы фиқһ ғалымдарының пікіріне сүйеніп, ораза кезінде ине қабылдай беруіне болады.

Ақпарат көзі.

http://kattani.kz/?p=8397