АЛТЫНОРДА
Новости

Оразалы Сәбден. Президентке ашық хат

Қазақстан Республикасының Президентi
Н. Ә. НАЗАРБАЕВҚА!

Аса құрметті  Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақстан Егемендігіміздің 21 жылында елеулі табыстарға жеттi, еліміз өркендеп өсіп келеді, дүниежүзi  танып  мойындады. Бізде  халықаралық деңгейде өз орынымызды ойып алып, абыроймен қарым-қатынас жасаудамыз. Қазақстанның осындай халықаралық деңгейде жетістіктерге жетуiне, ел мәртебесінің өсуіне Сіздің, Қазақстанның Тұңғыш Президентінің, қосқан үлесі мол. Көптеген реформалардың, идеялардың, Мемлекеттік бағдарламалардың және стратегиялық 2030, 2050 ж.ж. жобалардың авторысыз.  Сонымен қатар халықтың тыныс-тұрмысы, әл-аухаты, көңіл-күйі Сіздің әруақытта да назарыңызда болды.
Дегенмен өзіңізге мәлім, жаһандану, кризис заманында миллиардер Билл  Гейтс «Созидательный капитализм» деген еңбегінде айтқанындай, «капиталистердің өзі тек баюды ойлап, керек болса жаңа технологияның нәтежесін баюға жұмсауда, миллиардтан астам адам аштықта т.б.» Адамзатқа қажет рухани құндылықтар ұмытылды, табиғатты сақтау, аялау аяққа басылды, есепсiз басылып шыққан доллардың көлемi  дүниежүзі сатып алатын тауардың көлемінен 10-12 есе асып кетті. Міне, осындай келеңсіз жағдайлардан соң АҚШ-тан бастап капиталистік елдердің өздері кризиске душар болды. Қазiр Еуропалық Кеңес елдерінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы мүшкіл, жұмыссыздық  кейбір елдерде 25 пайыздан асты. Дүниежүзілік  кризистің екінші толқыны қашан, немен бiтері белгісіз?

Бiр сөзбен айтқанда, бұлар бізді бір жаққа алып бара жатыр, біз де білмейміз,  алып бара жатқандар да білмейді, қайда  баратынымызды?Мұқағали айтпақшы, бір бұлдыраған сағымдай сияқты…
Құрметті Нұрсұлтан Әбiшұлы! Осындай жағдайда сіздің, Ата заңымыздың, Конституциямыздың гаранты ретінде, еліміздің бірлігін сақтауға тікелей құқығыңызды пайдалануыңызды сұраймын. Себебі, кеше ғана Мәжіліс және Сенат Парламентінің депутаттары әйелдердің зейнеткерлікке шығу жасын 58-ден  63  жасқа дейін көтеру туралы заңды бірінші оқылуында Парламентте қабылдады. Оларға бірен-саран  ұлтжанды депутаттардың қарсы үнi әсер етпеді.   Халыққа пайда бермейтін бұл заңның Парламентте қабылданатынына менің күмәнім жоқ. Қазіргі кризис заманында, халықаралық мәселелдердің ушығып тұрғанында, климаттың жылуы, терроризм, коррупция т.б наубеттердің, келеңсіздіктердің кейінгі уақыттарда күшейіп тұрған кезінде бізге ең керегі — Халқымыздың мызғымас бірлігі, татулығы, жақсы өмір сүру деңгейi. Осыларға шық түсірмейтін өзіңіз.
Әйелдердің зейнеткерлікке  шығу жасын «Ә» деп көтергенде, мен ғалым-экономист ретінде қарсы дәлелімдi айтып, ұсыныс жасаған Г.Марченконы отставкаға жіберудi теледидардан да, газет беттерінде де ұсынған болатынмын. Оларды келтірмей-ақ кояйын. Көп жылдан бері келе жатқан пенсия жүйесінің кемшілігін әйелдердің ұзақ өмір сүруінен іздеу — бұл нағыз барып тұрған надандық, халықтың мораліне нұқсан келтіру.

Өзіңіз халыққа жолдауыңызда айтқандай-ақ, қазір біздің экономикамыздың көптеген елдермен салыстырғанда, жағдайы жақсы…! Ұлттық қорымыздағы қордаланған қаржымыз 90 миллиард долларға жуық, статистикалық мекеменің дерегі, бойынша, жұмыссыздық төмен мөлшерде 5,3%, макроэкономикалық көрсеткіштер жақсы, кеше ғана есеп комитетінің баяндамасында келтіргендей, 200 миллиард т.г.  пайдаланбаған екен, т.б. резервтер бар. Ал жер қойнауындағы байлығымыз бойынша әлемде 9-орындамыз. Қазақстанның бүгінгі және ертеңгі байлығы, жеткен жетістіктері халықтың ерен еңбегінің арқасында, оның ішінде әйелдердің үлесі күшті. Міне, осындай жағдайда халыққа ауыртпалық түсірмеуге толық мүмкіндік бар.

Зейнеткерлікке шығам деушілерге өз құқығын беріп, әрі қарай жұмыс істеймін деушілерге де мүмкіндік беріп, ат төбеліндей аз халыққа өте қажет халқымыздың санын көбейту үшін бала туам деушілерге қомақты қолдау жасап, тұрақты саясат жүргізген жөн сияқты. Мұндай  халқымыздың тағдырын шешетін күрделі мәселелерді бір Г.Марченконың, бір уақытша Үкіметтің, бір Парламенттің, бір партияның құзырына беруге болмайды. Әкiмдер болса да аузын ашпайды.Халықтың тағдырын, «Референдум арқылы»халық  шешу керек немесе  халық сайлаған Президент шешу керек!

Менің азаматтық борышым — өз елімді, жерімді, тілімді қорғау және де біздің ең қымбатты аналарымыздың рухын сындырмау.

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізден Ата заңымыздың гаранты ретінде сұрайтыным:

1) Әйелдердің зейнеткерлікке шығуын 58-ден 63 жасқа дейін созу туралы Парламент қабылдайтын заңға «Вето» жасап қайтару;

2) Халық сенімін ақтамаған Парламентті тарату. Өзіңіз бастаған демократиялық жолмен көппартиялы Парламент сайлауын қайта жүргізу. Парламенттік-Президенттік құқықтарға тиісті өзгерістер еңгізу арқылы Мемлекетті жаңа басқару жүйесiне көшіру, үкiметтi,  заң және әкімшілік жүйесін жаңадан жасақтау т.б.;

3) Сіздің ең озық идеяңыз «Қазақстанға инновациялық серпіліс «беру арқылы өркениетті елдердің қатарына жету үшін және дүниежүзілік цивилизациялық даму поезының  соңғы вагонына iлiгу үшін,«Қазақстанды түбегейлі модернизациялау жүйесін» жасау қажет. Немесе бiз мәңгi шикiзат елi болып қаламыз, айтқан жерден  аулақ, алпауыттарға жұтылып кетуiмiз де мүмкiн деген қауiп те бар.  Бұл туралы менің сізге даярлаған бағдарламам бар…

 

Оразалы Сәбден

Қазақстан Ғалымдар Одағының Президентi,
ҚР ҰИA Академигi, э.ғ.д., профессор,
ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты,
Парламенттiң 4 рет экс-депутаты

Abai.kz