Әлемдік өркениет төңірегінде айтылар әңгіме көп. Соның бірі – адамзаттың жабайылықтан өркениетті өмірге өтуіне нендей себептің түрткі болғандығы төңірегінде? Неміс ғалымы Карл Ясперстің айтуынша, тағылықтан өркениетке өтуде жер суару жүйелерін жасау, жазуды үйрену, этностардың пайда болуы сияқты жылқыны пайдалана білу де өте маңызды рөл атқарған. Бұл шектелген кеңістіктен бүкіл әлемді игеруге бағытталған қадам еді және әртүрлі мәдениеттердің сұхбаттасуына мүмкіндік берді. Ал енді осыған Қызылжардың қандай қатысы барына тоқталайық, 2009 жылы бірнеше елдің ғалымдары бірігіп жүргізген зерттеулерінің нәтижесін жариялап, тарихта жылқы алғаш рет Қызылжар өңіріндегі Ботай қонысында ауыздықталғанын паш етті. Демек, өркениет Қызылжардан басталды десек, аса артық айтқан болмаспыз.
Адамзат аттың жалынан ұстап мінгелі жаңа бір дәуір басталғанын түсіну қиын емес. Бұрын аяғы баспаған сайын даланы, ну орманды, тау-қыратты аралап кете барды. Атақты ғалым А.Вебердің пікірі бойынша, көшпелі тайпалардың кеңістікті игеруі «халықтардың ұлы қоныс аударуы» атты құбылысты әкелді. Бұл қазіргі өркениеттердің қалыптасуына үлкен себебін тигізді. Жылқыны кеңістікті жеңу мақсатында көшпелі халықтар шебер пайдалана білген. Ат пен көшпенді біріккен жан болып көрінеді. Сондықтан да батыс аңыздарында тіпті адам басты ат кентавр ретінде де қалып қойды.
Ат ер қанатына айналғалы талай заман өтіпті. Америкалық ғалым Олан Оутрам жылқының алғаш мінілген мерзімін біздің заманымызға дейінгі IV-III мыңжылдыққа тиесілі деп отыр. Солтүстік Қазақстан облысы Айыртау ауданындағы Иманбұрлық өзенінің аңғары тарихи құндылыққа тұнып тұрғаны кеңес заманында-ақ белгілі болған-ды. Сол 1980 жылдардың өзінде талай экспедициялар шыққан, талай жәдігерлер табылған. Тек қазақ жері өркениеттің бастауында өз орнын алатынына ешкім сенбеген-ау, сірә. Ботайдағы қазбаға қазақстандық қана емес, шетелден де археолог ғалымдар көптеп тартылды. Тіпті 1995 жылы «Еуразияның ертедегі жылқы өсірушілері» атты халықаралық симпозиум ұйымдастырылды.
Қазақстан, Америка, Англия, Германия, Ресей ғалымдары бірігіп, бірнеше жыл тынымсыз еңбек етті. Қазба барысында ат сүйектері өте жиі кездескен. Сондықтан жұмысқа аңдар сүйегін зерттейтін ғалым-остеологтер шақырылыпты. Олар ауқымды істер атқарды. 133 мыңдай жылқы сүйектері зерттелді. Нәтижесінде анықталғаны, Ботай аттары бұрынғы белгілі жылқылар түріне жатпайтын болып шықты. Ботай аттарының сүйегі ежелгі аттар сүйегінен ерекшеленген. Ғалымдар бірауыздан Ботай аттары қолға үйретілген деген пікірді ұстанды. Олар далада жүрген жабайы жануар еместігін айтады. Жылқылар үй шаруасында, аң аулауда қолданылған.
2009 жылы ғана SCIENCE ғылыми журналында басылған мақалада жылқы дүниежүзі бойынша тұңғыш рет Қазақстанның солтүстік аймағында қолға үйретілгені жазылды. Бұрын тарихшылар Еуропада, оның ішінде Украина жерінде мінілген деп келген еді. Табылған сүйектердегі жылқының тістері мүжілген екен, оған сызат түскені де байқалған. Осыған қарап, жылқыны мініске пайдаланғанын, ауыздықталғанын анықтаған. Жылқының қолға үйретілгеніне дәлел болатын бұйымдар да көптеп табылды. Жалпы, осы Ботайдағы қазба жұмыстары барысында ұзын саны 40 мыңдай жәдігер табылған екен.
Бұл ғылыми жаңалықтың басы-қасында жүрген тарих ғылымының докторы, археология профессоры Виктор Зайберт есімді ұлты неміс азамат. Жазушы Герольд Бельгер қазақ әдебиетіне өзіндік үлесін қосып жатса, тарихшы Виктор Зайберт қазақтың өткенін түгендеп жүрген жайы бар.
http://alashainasy.kz/society/45215/