Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бері араб елдерімен тығыз достық қарым-қатынас орнатуда. Діні бір, мұсылман елдер біздің жас мемлекетімізге түрлі көмектер көрсеткені белгілі. Солардың қатарында Оман Сұлтандығы да бар. Жуырда Қазақстандағы Оман Сұлтанат елшісінің Саид аль-Барамидің шақыруымен «Дипломат Нәзір Төреқұлұлы» қорының төрағасы, ҚР Дипломатиялық қызметінің еңбек сіңірген қайраткері Батыршаұлы Сайлау Оман Сұлтанатына достық сапармен барып қайтты.
Екі ел арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға бұл сапар жол ашып берді. Қазақ делегациясына үлкен құрмет көрсетіп, белгілі дипломат С.Батыршаұлын Оман Ақпарат министрі Әбдульманам Мансур аль-Хасани қабылдап, информация алмасу, әртарап өз жағынан екі елдің саяси, экономика, мәдени жетістіктерін таныстыру туралы келісімге келді. Оман Парламенті қос палатадан тұрады. Жоғарғы палатасы Мемлекеттік кеңес төрағасы Иахиа Махфуз аль-Манзри және Шура (халық) кеңесі төрағасы Халид Халиль аль-Мауали қазақ делегация басшысын қабылдап, екі ел Парламент байланысын нығайту туралы әңгіме қозғады. Сұлтанат Парламент басшылары Қазақстан Сенат төрағасы Қ.Ж.Тоқаевқа сәлем айтып, оны араб еліне шақырды.
Еуразия ұлттық университетінің прфессоры ретінде С.Батыршаұлы Сұлтан Қабус атындағы университеттің сыртқы байланыс жөніндегі проректоры, доктор Мана Фахад хануммен кездесті. Екі университет арасындағы келісімді орындау туралы нақты мәселе қаралды. Араб тарапы ЕҰУ халықаралық қатынастар факультеті студенттерін іс-тәжірибеден өту үшін қабылдауға даярлығын білдірді.
Еліміз үшін бауырлас мұсылман елдерімен қатынастар өте маңызды. Аталған мемлекеттер туралы біле жүргеніміз де артық болмас деген ниетпен Оман Сұлтанаты туралы қысқаша қалам тербеген едік.
Қос елдің қарым-қатынасы
Қазақстан Республикасы мен Оман Сұлтандығы арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылы 27 сәуірде орнады. 2006 жылдың тамыз айында Астана қаласында Оман Сұлтандығының Елшілігі ашылды. 1992 жылы Оман Сұлтанатының Үкіметі Қазақстан Республикасына мұнай мен газды өндіру саласын дамытуға 100 млн. АҚШ доллары мөлшерінде инвестициялық несие берді.
Ал, 1998 жылы қайтарымсыз көмек ретінде Астана қаласындағы «Салтанат Сарайын» салу үшін 10 млн. АҚШ долларын бөлгенін айта кетейік.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев 1997 жылы қыркүйекте Оманға алғашқы ресми сапарын жасады. Осы барыста Қазақстан мен Оман арасында Өзара түсіністік туралы бірлескен меморандумға және екі елдің Сыртқы істер министрліктері арасындағы консультациялар туралы Хаттамаға қол қойылды.
Бұдан кейін де екі ел арасындағы барыс-келіс толастаған емес. 2003 жылдың мамыр айында Маскад қаласында ҚР Қаржы министрлігінің делегациясы мен Оман тарапы арасында болған келіссөзде қос салық салудан жалтару Конвенциясы жобасы талқыланды. Қазақстанға Оман Сұлтандығының Сыртқы істер министрі Юсуф бен Алауи, Мұнай және газ министрі М.әл-Румхи мен Сауда және өнеркәсіп министрі М.Султан қатарлы лауазымды тұлғалар келіп қайтты.
2008 жылғы 15-18 наурызда ҚР Президенті Н.Назарбаев Сұлтан Қабус бен Саидтің шақыруымен Оманға екінші рет сапарлай барды.
Қазақстан мен Оман арасындағы тауар айналымы 2011 жылы 15 млрд. АҚШ долларын құрады. Оның ішінде Қазақстан экспорты 2 млрд. АҚШ доллары болса, импорт 13 млрд. АҚШ долларына жеткен.
Танымды тарихы бар…
Оман – бай тарихқа ие ел. Б.з.д. I мыңжылдықтың басында ежелгі Оманда Йеменнен қоныс аударған Ямани тайпалық бірлестіктері үстемдік құрыпты. Б.з.д. Оманның теңіз жағалауында порттар салынып, жергілікті теңізшілер Египеттің, Эфиопияның, Парсы шығанағы мен Үндістанның порттарымен сауда жүргізді. VII ғасырдың ортасында Оман территориясы Араб халифатының құрамына қосылды. Осының есебінде жергілікті халық ислам дінін қабылдады.
1792 жылы Оманның теңіз жағалауларындағы аймақтарын, оның ішінде Маскат және Ас-Сохар қалаларын сұлтан бин Ахмед жаулап алды да, жеке мемлекет – Маскат сұлтандығының құрылғанын жариялады. Осы кезде Парсы шығанағы мен Ормуз бұғазы жағалауларындағы жерлер Осман имамдығынан бөлініп шықты, бұл жерлерді Орталық Арабиядағы Ваххабшылдар иемденді. Сонымен, XIX ғасырда Осман жері Осман имамдығы, Маскат сұлтандығы және Османның солтүстік теңіз жағалауы болып бөлшектенді. XIX ғасырдың екінші жартысында Османның солтүстік теңіз жағалауы мен Маскат ағылшын протекторатына айналдырылды. Омандықтар ағылшын үстемдігіне қарсы елді біріктіру жолында талай көтеріліске шықты. 1920 жылғы 25 қыркүйекте Сиб шарты бойынша Осман имамдығы тәуелсіз мемлекет болып жарияланды. 1959 жылы имамдықтың едәуір бөлігін ағылшын әскерлері мен оның одақтастары басып алды. 1965 жылы маусым айынан бастап Оманда тәуелсіздік жолындағы күрес басталды.
1938 жылы жаңа сұлтан Саид ибн Таймур мемлекеттік билікті өзіне алса, 1970 жылы Саидтың ұлы Кабус әкесінің тағына отырды. 1970 жылы Оман сұлтандығының құрылғандығы жарияланды. Ол мемлекет экономикасына жаңалықтар, саяси реформалар әкелді. 1971 жылы Оман Араб мемлекеттерінің лигасына және Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше ретінде кіреді.
Сұлтанаттағы халық саны 2011 жылғы дерек бойынша 3 млн. адам. Астанасы – Маскат қаласы. Әкімшілік жағынан провинцияларға бөлінеді. Мемлекеттік дін ислам болғандықтан, халқының 90 пайыздан астамы мұсылмандар. Елдің ресми тілі – араб тілі. Ірі қалалары: Маскат, Салала, Низуа, Сур. Ұлттық мейрамы – 18 қараша Сұлтан Кабустың туған күні. Ақша бірлігі – оман риалы.
Саяси құрылым
Оман Сұлтанаты – абсолютті монархиялық елге жатады. Сұлтан Кабус бен Саид билік басына 1970 жылы келді. Конституция 1996 жылдың 6 қарашасында қабылданған. Мемлекет басшысы болған Сұлтан Кабус бен Саид барлық заң шығарушы және атқарушы билікті өзі жүргізеді. Халықаралық істер толығымен сұлтанның бақылауында.
1997 жылы Конституцияға сәйкес екі палаталы парламент түріндегі мәжіліс органы — Оман Кеңесі құрылды. Ол тікелей дауыс берумен сайланатын төменгі палата – Консультациялық кеңестен және сұлтанның өзі 4 жыл мерзімге тағайындайтын жоғарғы палата – Мемлекеттік кеңестен тұрады.
Министрлер кабинетінің құрамында Сұлтанның арнаулы өкілі, Премьер-Министрдің 3 орынбасары, кабинеттің хатшысы және 25 министр бар. Сұлтанның жанында оның 2003 жылғы декретімен мәртебесі мен өкілеттігі кеңейтілген Ұлттық қауіпсіздік кеңесі жұмыс істейді.
Елдің заң жүйесі ағылшын-саксондық модель және ислам құқығына негізделген. Оман конституциясы шариғатты заң шығарушылықтың негізгі қайнар көзі деп анықтаған. Соңғы уақытқа дейін елде кодификацияланбаған мұсылман құқығы қолданылып келді, бірақ жағдай 1970 жылы сұлтан Кабус жасаған соттық-құқықтық реформаға сай өзгерді. Конституция соттың тәуелсіздігін жария етті. 1970 жылға дейін шариғат соты барлық қылмыстарды, дауларды және құқықбұзушылықтарды өзі қарайтын. Қазір ол тек неке, отбасы, мұрагерлік мәселелерімен ғана жұмыс істейді. Шариат соттарының жүйесі 3 сатылы: бірінші инстанциядағы соттар, одан кейін қылмыстық және апелляциялық соттар. Мұсылмандық емес соттардың құрылуы 1981 жылдан басталды. Магистраттық соттар жеңіл, ауырлығы орташа қылмыстармен айналысса, Маскад қаласында орналасқан магистраттық сот аса ауыр қылмыстар бойынша жұмыс істейді.
Экономика және көшпелі мал шаруашылығы
Халқының 90 пайызы ауылшаруашылық саласында жұмыс істейді. Ең көп өсірілетін дақылдың түрі құрма пальмасы. Әл-Баттина ойпатындағы суармалы жерлерде өсірілетін пальмадан жылына 47 мың тоннаға жуық өнім алынады. Тропиктік жемістер банан, манго, папайя, пияз бен картоп, жүгері, бидай, қара бидай, африка тарысы – дурра өсіріледі. Бұл елде көшпелі мал шаруашылығы сақталған. Құс шаруашылығы мен балық аулау шаруашылығы да жақсы дамыған.
Оман – жедел дамып келе жатқан мұнай және газ өнеркәсібі бар ел. 1975 жылдан бастап оның экономикасы бесжылдық жоспар негізінде дамып келе жатыр. 2010 жылы Жалпы ішкі өнім 66 млрд. АҚШ доллары болған.
Экономикасының дәстүрлі саласы – қолөнер кәсібі, қару-жарақ жасау, тері илеу, мата тоқу. Кейінгі жылдары химия, мұнай өңдеу, цемент, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, металл өңдеу кәсіпорындары салынды.
Оман экономикасының жетекші саласы – 1967 жылдан бастап қалыптасқан мұнай өнеркәсібі. Мұнайдан түсетін пайданың мөлшері жылына 8 млрд. долларды құрайды, ал қазіргі таңда мұнай қоры 5,5 млрд. баррель. 1973 жылы 14,5 млн. тонна мұнай өндірілсе, бұл көрсеткіш 1987 жылы 2,5 млрд. долларға дейін көтерілген. Омандағы мұнай «Петролеум дивелопмент Оман» компаниясының қарамағында болған, бірақ 1974 жылы мұнай компаниялары акциясының 25 пайызы Оман үкіметінің қолына көшті. Мұнай өндіруден алынатын жалпы табыстың 55 пайызы Оманның өзіне түседі. Мұнай құбыры арқылы «Әл-Фахль» портына жеткізіледі, одан әрі су жолымен экспортқа шығарылады. «ЛТД Оман ойл компаниясы» – Оманның мемлекеттік мұнай компаниясы. Мұнай, табиғи газ, газконденсат сұйықтықтарын геологиялық барлау, бұрғылау, пайдалану, өндіру, тасымалдау және оларды өңдеумен айналысады. Маңыздылығы жағынан елдің екінші байлығы – газ қорлары. Оның көрсеткіші 714 млрд. куб метр. Оман Парсы шығанағындағы араб мемлекеттері ынтымақтастығы Кеңес мүшесі. Автомобиль жолының ұзындығы 1 мың шақырымнан астам. Ірі теңіз порты – Маскат. Халықаралық аэропорты – Ас-Сиб. Шет елдерге мұнай, газ, құрма, балық, цитрус шығарылады.
Білім беру тегін
Оман мемлекетінде XX ғасырдың ортасына дейін мешіт жанындағы медреселер ғана жұмыс істеген. 1950 жылдары орта мектептер пайда бола бастады. Ұлдар мен қыздар бөлек оқиды. Мұсылман дінінің негіздері міндетті пән деп есептелінеді. Халықтың басым көпшілігі 70-жылдардың басында сауатсыз болған, сондықтан білім беру шараларын дамытуға көңіл көп бөліне бастады. Қазіргі уақытта Оманда 1 мың 276 мектеп бар. Мектеп пен жоғары білім беру тегін, студенттерге стипендия беріледі. Елдегі жетекші жоғары оқу орны және ғылыми орталығы 1986 жылы ашылған Сұлтан Кабус атындағы университет, онда 7 факультет бар.
Ғылыми-зерттеушілік жұмыстар сұлтан Кабус атындағы университет және өнеркәсіптік инновациялар орталығы базасында жасалады. Оман балама энергия көзін өңдеуді мақсатқа қойып жатыр.
Оманның басшылары мәдени-тарихи мұраның сақталып қалуына көп үлес қосуда. Мемлекет тарихи ғимараттарды қалпына келтіруге бағдарламаларын қаражыландырады. Бірнеше архитектуралық құрылыстар ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік тарихи мұрасы тізіміне қосылған. Маскатта тарихи мұражай, тұңғыш Ұлттық опера және балет театры жұмыс істейді. Жыл сайын қыс мезгілінде Маскаттық фестиваль өткізіліп тұрады.
Мұрат АЛМАСБЕКҰЛЫ.
«Жебе» газеті, 27 ақпан 2014 жыл