АЛТЫНОРДА
Новости

Орта жастағы әйелге кәсiпкерлiктен басқа жол жоқ

kasipker_1Жылма-жыл мемлекеттiк қызметтiң аясы тарылып, iрi компаниялар 40-қа жақындаған, не 40-ты орталаған әйел-аналарды есiгiнен қаратпайтыны   белгiлi. Бұл – бүгiнгi күннiң шындығы. Бiрiншiден, есiк ашқан мекемелерге жасыңыздың үлкендiгi ұнамайды, екiншiден, кәсiби бiлiктiлiгiңiз жоқ деп шығарып салады. Салы суға кеткен әйелдердiң еңсесi түсiп, үйiне оралып, ендi қайтiп жұмыс iздеудi ар санайды. Не болмаса, бiраз уақыт өткен соң қайтадан биржаның есiгiн қағады. Жұмыссыздарға арналған жәрдемақыға қол жеткiзедi, одан қалды, маусымдық жұмыстарға жалданады. Жаздай шаң-шаң көшенi сыпырады, көшенiң қоқысын жинап, қыстай қар күрейдi, көлiк, адам өтетiн жолдарды тазалайды. Әрине, мұны ар санамаса! Отағасының тұрақты табысы болса, не ересек балалары жұмысқа iлiккен әйелдердiң арқасын кеңге салары анық. Олар көше тазалауға бармайды, ал артында сүйенiшi жоқ жандар қайтпекшi? Нан табу үшiн, балаларын жеткiзу үшiн кез келген жұмысқа жегiлуге даяр. Бiрақ биржаның 20-25 мың теңгесiмен қай жыртықты жамарсың?  

Елiмiзде осындай тығырыққа тiрелген орта жастағы әйел-аналардың қатары көп. Ауылда да, қалада да. Мен оларға бiлек сыбанып, тәуекелге басыңды тiгiп, бизнестiң ауылына басыңды сұқ дер едiм. Әлi күнге дейiн санамыз бизнес дегендi үркiп қабылдайтыны рас. Жатырқаймыз. Тәуекел ете алмаймыз. Бiрақ бизнес деп емес, өзiңнiң сүйiктi iсiңмен айналысу, көңiлiң қалаған жұмысыңмен айналысу деп түсiнсек, сөз басқа. Бизнестi осылай түсiнгенiмiз абзал.
Жақын танысым Тыныштық Сақыпкерейқызы Жұмабаева Ақтөбе қаласының iргесiндегi Бекқұл баба ауылынан жеке тiгiн шеберханасын ашты. Облыс орталығынан 25 шақырым орналасқан осы ауылда соңғы кездерi тiрлiк жүрiп жатыр. Бұған себеп – қала тұрғындарына осы ауылдан тұрғын үй құрылысына жер берiле бастауы болса, екiншi­ден, Батыс Еуропа – Батыс Қытай көлiк дәлiзiнiң Ақтөбе қаласындағы айналма жолының салынуы. Тыныштықтың жасы 52-де, үш баласы бар. Балаларының алды колледждi ендi ғана бiтiрдi. Осыдан 3 жыл бұрын ке­зегi келiп, осы ауылдың шетiнен жер учаскесi қолына тигенде, күйеуi екеуi үй тұрғызудың қамына кiрiскен. Бiрақ аяқ астынан жолдасы ауырып қайтыс болды. Тыныштық кәмелет жасына жетпеген балаларымен дағдарып қалды. Алған бiлiмi суретшi-безендiрушiлiк болғанымен, көп жылдар бойы мамандығынан қол үзiп қалған. Ақтөбеде жұмыс табылмады.
Көшiп келген 100 қаралы ғана үйлi Бекқұл баба ауылында жалғыз мектеп бар. Аз ғана уақыт осы мектептiң еден жуушысы болып жұмыс iстеп те көрдi. Облыс орталығында аспазшы да болды, үйлерге квитанция қа­ғаздарын да таратты. Бiрақ мұ­ның бәрi тұрақты табыс әкел­медi. Биржаға тiркелдi. Осында жүрiп “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” акционерлiк қоғамынан несиелер бөлiнiп жат­қанын құлағы шалды.
Мемлекеттен алған жерiнде жартылай тұрғызылған үй ғана бар. Балалардың ересегi қыздар, кiшiсi – ер бала. Олардың да бұғанасы бекiмеген. Тұрақты жұмыстан күдер үзген Тыныштық ендi қандай кәсiп ашсам деп басын қатыра бастады. Қазiр ешкiм қолмен сызба сызбайды, суретшi-безендiрушiлiк жұмысты компьютер дизайнер­лерi алмастырғалы қашан? Ұзақ жылғы үзiлiстен кейiн бұл салаға ендi бас сұға алмасы анық. Бала кезден бойына қонған өнерi – тiгiншiлiк. Өзi көшiп келген Бекқұл баба ауылында тiгiншi­лiкпен айналысатын жан тым сирек екен. Тәуекелге бас тiгiп, жерiн кепiлге қойып, “ҚазАгро” ұлттық басқарушы холдингтiң құрамына кiретiн ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қорынан 1 миллион 400 мың теңге несие алды. Екi су жаңа тiгiн машинасын сатып алды да бiрден жұмысқа кiрiстi. Тон-күртелердi, көйлек-шалбарларды қайта тiгу, кiшiрейту, ұзарту, көрпе тiгу, құрақ құрау және тағы да басқа iрiлi-ұсақты шаруалар көбейдi. Жұмыс аздап болса да алға баса бердi. Алған несиенi 4-5 жылда төлеп бiтiруi тиiс.
Менiңше, қазiргi кезде, қа­лаға жақын ауылдарда тiгiн шеберханаларын, наубайханалар, кондитерлiк тағамдар, тұр­мыс­тық техникаларды жөндейтiн орындар ашуға мән беру керек. Дағдарыста адамдар жаңа затты сатып алғаннан гөрi қолындағы бұрыннан бар дүниенi ұқсат­қанды жөн көредi. Әр адам қолынан келген нәрсенi ғана жасау керек. Байқағаным, сауда-саттықтан гөрi қызмет көрсету саласы қазiргi нарыққа жақындап келедi. Бұл сала адамдарға бiрден мол табыс әкеле қоймаса да, тұрақты бизнеске жол ашады.
Тыныштықтың ойы бойынша, елiмiзде мақта, мата өндiру, түрлi бояулар, жiптер шығару өндiрiсiн дамыту керек. “Өзбек­тiң, не қырғыздың мақта-маталарын сырттан сатып әкелгенше, өзiмiздiң оңтүстiк өңiрлер­дiң өнiмдерiн тiкелей пайдалансақ, қаражат сыртқа кетпей ел iшiнде қалар едi. Әрi өзiмiздiң кәсiпкерлерге жол ашылар едi” дейдi. Екiншi жағынан, қазiр елiмiздiң қай облыс орталықтарын алсаңыз да, қала төңiрегiн­дегi елдiмекендер үлкейiп келе­дi. Кәсiпкерлiктi осы жақтарда дамытқан дұрыс.
Әйел-аналар, торықпаңыздар. Бiздер алмайтын қамал жоқ. Бiр сәт қолымнан не келедi, көңiлiм ненi қалайды деп ойланып көрейiкшi.
Жанбике Нұрмағамбетова,
Ақтөбе қаласы.