«Қазақ баласын қалай тәрбиелеу керек?» деген сауалға жауап көп. Ал орыс баласын қалай тәрбиелеуі керек? Бұл сұрақ елімізді мекендейтін өзге ұлттың өкілдеріне де ортақ. Өйткені «көпұлтты мемлекетпіз» дегенді жүз жерден айтсақ та, Қазақстан Республикасы деген атау біреу ғана. Сондықтан кез келген ұлт пен ұлыс өкілдері ең алдымен өз шаңырағын шайқалтпас үшін ортаға, қоғам ұстанған саясатқа бейімделуі керек. Бұл бағытта алғашқы қадам мемлекеттік тілді үйренуден басталады.
…Ірі сауда орнында 4-5 жастағы орыс қызының анасымен қазақша сөйлесіп келе жатқанын көріп, амалсыз тоқтадым. «Мама, сен неге қазақша білмейсің?»
дейді бүлдіршін анасына. Бұған қысылып тұрған шешесін көрмедік. «Біздің кезімізде қазақ тілін білу қажет болмады. Ал сендерге білу міндетті» деді шешесі (Бұған да рақмет). «Мен саған қазақша үйретемін» дейді қыз мұрнын бір тартып қойып. Анасы қарсылығы жоғын айтты. Содан қыздың соңынан біраз ілестім. Осыны байқаған анасы, маған бұрылып: «Сіз байқайсыз ба, қазақтардың үлкен-кішісі түгел өз тілінде сөйлесе, балалары түгел қазақ мектебіне, балабақшаға барса, мемлекеттік тілді игеру оңай болар еді. Қазір қазақ тілін білмегеніңе емес, қазақтардың өз тілінде сөйлемегеніне ұялатын болдық» деді ол.
Бейтаныс әйелдің айтуынша, қазір мемлекеттік тілді білуге орыстардың да, өзгелердің де құштарлығы басым. Орыс баласының ойы түзеле бастады. Тек құртып тұрған өзіміз…
Бұл – өмірдің ащы шындығы. Тағы бір қызық құбылысты айтайық. Қазір орыс ағайындар өз баласын қазақтың ұлттық киімдерімен суретке түсіруді сәнге айналдырды. Алматыдағы «Бәйтерек» фотосалонына жиі келетін ағайындар қазақы қалыптағы суреттерді ұнатады екен. Бұл өзге ұлттық құндылықтарды құрметтеуден бұрын, мемлекеттің негізін құрап отырған қазақ халқы мен оның жәдігерлерін жанына жақын тарту, ұлтымыздың рухын сезіну, табалдырыққа табынудың алғышарты іспеттес.
Мына суреттегі орыс баласы күнделікті киімімен суретке түссе, елеусіз де қалуы мүмкін еді. Ал қазақы киім оны ерекшелеп қана қоймай, туған елінің туын ұстағандай әсерде қалдырары анық. Қазақша сөйлеп, қазақтың рухын сезінген орыстың орны қоғамда бөлек болары анық. Тек өзіміз оларға жол көрсетіп, жанашыр бола білсек, ең басты мақсатымыздың орындалары анық.
Жолдасбек ДУАНАБАЙ
http://www.aikyn.kz