АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОРЫС ПАТШАЙЫМЫНА ХАТ. ҚАЗАҚ ЕЛШІЛІГІ…

9010c06e3ac1ae95cf0f3c8bfb1fa7a5МӘН-МАҒЫНАСЫ БҰРМАЛАНЫП ӨМІРГЕ ЕНГІЗІЛУГЕ ЖАЗЫЛҒАН БЕТБҰРЫС

Ордасында өткен мәжіліске қатысушы билер, батырлар, бас адамдар мен сұлтандардың терістіктегі алып көршімен бітім жасасу жайындағы ұжымдық шешімін жүзеге асыру үшін Әбілқайыр хан орыс патшайымына арнайы хат жазды. Оны апарып тапсыру міндеттелген елшілеріне жолдағы орыс әкіміне көрсету үшін де хат берді, сосын олармен оңаша ұзақ кеңесіп, дипломатиялық сапар барысында қол жеткізулері тиіс мәселелерді пысықтады…

 

Ұзамай құрамында он бір адам бар Әбілқайыр хан елшілігінің керуені орыс империясының астанасын бетке ұстап, император әйел Анна Иоанновнаға ханның хатын тапсыру үшін арнайы сапарға шыққан. Жолшыбай тоқтаған орыс қалаларындағы патша әкімшіліктері Санкт-Петербургті бетке ұстаған қазақ елшілігінің алға қойған мақсаты жайында олардан сұрап білген мағлұматтарын жоғарыға жолдап отырған.  Солардан мынандай ақпарат мәлім. 1720 жылғы 20 шілдеде елшілік Уфаға келген. Сол жерде, Уфаның әскери кеңсесінде, «Құтлұмбет би, Сейтқұл батыр, Тоқтамыс мырза» ауызша әңгімеде үш бөлікке жүйеленген мынандай мәлімет берген:

Бірінші. «Көшпенді қазақ халқы 40 мың шаңырақ болады, олардың басты адамы Әбілқайыр хан, елшілікті сол жіберген. Одан басқа тағы екі  ханы бар – Барақ және Әбілмәмет. Ұлы және Кіші тауларда, Сыр, Сарысу және Торғай өзендері бойларында, Қарақұм даласында және сол жақтардағы басқа жерледе көшіп-қонып жүреді. Сол жақтарда қазақ қалалары бар: басты қаласы Ташкент, ондағы қожа Жолбарыс хан, екінші қала Түркістан, оның иеленушісі Сәмеке хан, үшінші қала Сайрам, ондағы иеленуші Күшік хан. Осы қалаларға қарайтын қыстақтардың саны аз емес. Барлық көшпенділердің де, қалалықтардың да хандары – мұрагерлікті ұстанады. Олардың, қазақтардың, заңы – мұсылмандық». 

Екінші. Осыған дейін осы қазақ хандары қонтайшымен және Еділ қалмақтарымен, сондай-ақ башқұрттармен соғысқан. Қазір олар қонтайшымен де, қалмақтармен де татуласты, ал башқұрттар олармен, қазақтармен, императордың ұлылығының ерік-жігері білдірілмейінше татуласар емес. Ал қазақ хандары өзге халықтардың шабуылдарынан даңқты Ресей империясының протекциясы арқылы қорғануға мүдделі, сондықтан олар мұны Әбілқайыр ханға тапсырды.  Содан оның елшілері барлық хандардың келісімімен белгілі бір шартты патшайымға жеткізу үшін жіберіліп отыр. 

Үшінші. Егер «ұлы мәртебелі императрица қазақ хандарын бодандыққа қабылдауға кеңшілік етіп нұсқау берсе», сөйтіп башқұрттардың және өзге де ресейлік бодандардың олардан олжалаған бенделерін қазақ хандарына қайтарса деген ұсыныстарын айтпақ. Сонда  олар, қазақ хандары, өздеріндегі олжаланған ресейлік бодандарды қайтаруға және қызмет етіп, ясак (бұлғын, түлкі, құндыз, сусар және басқа да аң терілері түрінде алынатын алым-салық – Б.Қ.)   төлеп жүрген башқұрттар тәрізді «адал қызмет етуге» және ясак беруге уәде етеді. Ал егер оларға әлдебір дұшпандары шабуыл жасаса, оларды, «қазақ хандарын ұлы мәртебелінің бодандарындай» есептесе дейді.

Мәтіннен байқалып тұрғандай, елшілер башқұрттармен тіл табысу (тұтқындармен алмасу, екінші қайтып өзара шабуыл жасаспау) жайында, башқұрттар империя қарамағындағы ел болғандықтан,  императрицадан арнайы нұсқау беруін сұрамақ. Мұндай тыныштыққа жағдай туғызылған және патшайым сыртқы дұшпандардан қорғануға септескен жағдайда, қазақтар да башқұрттар тәрізді ясак беріп тұруға әзір. Әбілқайыр ханның елшілері Ресей астанасына сапарының мақсатын осындай ауқымда ғана түсіндіруге хақылы болған. Мәтіндегі біз тырнақшаға алған жалыныштылық күй танытатын сөйлемдер орыс әкімшіліктеріндегі қызметшілердің патшалық империя аталғалы бері астамшылық дерті үдей түскен пиғылдарына сәйкес өз жандарынан қосқан ұғымдарды білдіреді.

Уфадан Санкт-Петербургке жолданған ақпаратта «Ал оларға жол көрсетіп келе жатқан башқұрттар әскери кеңсеге қазақтардың Уфадан алты аптада, ал олардан, башқұрттардан, бір айда  атпен жүргенде жетуге болатын жерде көшіп-қонып жүргенін айтқан» деген хабар бар. Орыстардан осындай қашықтықта өмір сүріп жатқан халықтың оларға басыбайлы бодан болуға бейілдігін білдіруі қисынсыз екені дәлел тілемесе керек. Бөтен тектілердің тілдеріндегі құжаттарды орысшалағанда өз пиғылдарын тұжырымдап қоюды орыс әкімдері қалмақтармен жасаған келісімшарттарында көрсеткен (басқы тарауда айтқанымыздай, 17-ші ғасырда жасалған құжат бойынша қалмақтар орыстармен әскери одақ құрдық деп санаса, орыстар оларды бодандығымызға алдық, қалмақ жасақтары орыс әскері құрамында болады деп санаған).

Аймағынан өтіп бара жатқан қазақ елшілігі жайында іле-шала Басқарушы Сенатқа жіберген Уфа воеводасының баянхатында мынандай қызық дерек айтылған. Сол 1730 жылғы 28 маусымда кеңсеге Уфа үйезі Ноғай жолындағы (жол – сөзбе-сөз алғанда, іс жүзінде мәтіндегі орысша «дорога» деген сөз аймақ, өңір, облыс ұғымын береді, башқұрт елінде Алтын Орда дәуірінде «даруга» деп қолданылған аумақтық-әкімшілік бірлік ұғымын білдіретін атау – Б.Қ.) Кубелек, Табын болыстарының башқұрттары Қарабай Тұрымбетов пен Лықай Сейітов Қазақ Ордасының қазағы Биатшы Төлеевті жолдастарымен алып келген. Ол Әбілқайыр хан иелігінен екен, Уфа үйезіндегі Ноғай жолына (яғни Ноғай аймағына, облысына) құдды әскерлер жайын білуге келген көрінеді. Олардың иесі Әбілқайыр мен Сәмеке хандар және олардың қазақтары бүгінде оның императорлық ұлылығы протекциясында «қызмет етіп», «бодан болғысы» келетін сияқты. Сөйтіп олардың қожалары шапшаңдатып өздерінен ұлы мәртебеліге елшілер жібергілері келеді екен. Бұл жайында Басқарушы Сенатқа 8 шілдеде хабарланған. Демек, бұл хабар Сыртқы істер алқасына да мәлімделсе керек…

Баянхатта одан әрі: «Ал  Қазақ ордасынан 20 шілдеде Әбілқайыр ханның елшілері ретінде  келген қазақтар өздерінде ұлы мәртебелі императрицаға арналған хат бар екенін айтқан. Екінші хат Уфа провинциясының воеводасы атына жазылған. Оны берген елшілер Құтлұмбет Қоштаев пен оның алты жолдасы. Олардың қастарында бес адам қосшы боп жүр. Осы баянхатпен қазақ ханының воеводаға жазған хаты орыс тіліне тәржімаланып қоса  жіберілді» делінген.

Елшілер Уфадағы мемлекеттік қызмет атқаратын адамдармен бірге, күзетпен 1730 жылғы тамыздың басында Санкт-Петербург (Питербурх) қаласына, Басқарушы Сенатқа жөнелтіледі.  Олар 28 тамызда Мәскеуге, одан қыркүйектің аяғына қарай империя астанасына жетеді. Сыртқы істер алқасына қазақ елшілерін алып келген башқұрттар 29 қыркүйекте жоғарыда айтылған мәліметтерді қайталап, өздерінің тұрғын-жайларының  төрт жолда (яғни төрт облыста), атап айтқанда Ноғай жолы (облысы), Сібір жолы (облысы), Осы жолы (облысы), Қазан жолында (облысы) жерлерінде екенін, қазақ ордаларынан қашықта тұратындықтан олармен соғыс жағдайында еместігін айтады. «Ұлы мәртебелі патшайымның аса мейірімді пәрменімен қазақ халқы бодандыққа қабылданса», онда башқұрттар да тыныштықта өмір сүрер еді, қазақтар оларға шабуыл жасап, тұрмыстарын күйзелтуге түсірмес еді, башқұрттан алған тұтқындарын қайтарар еді. Башқұрттарға келер пайда осы. Ал осындай қазақ сынды ұлы халықтың «өз еркімен бодандыққа келуі» ұлы мәртебелінің даңқын арттыра түсер еді. Бұл жерде де орыс әкімшілігі ниетін көрсететін, бұрмаланып тықпаланған сөздерді тырнақшаға алып көрсетіп отырмыз.

Сыртқы істер алқасында 1730 жылғы 21 қазанда қазақ елшілерінің Әбілқайыр ханның орыс патшайымына хат  жазу себебін түсіндірген сөздері рәсімделді. Хаттама іс жүзінде олардың 20 шілдеде Уфада берген хабарламасын қайталаған, тек қазақ қалаларындағы үйлер санын: «…бас қала Ташкент, онда қырық мың тұрғын үй бар, екінші қала Түркістан, ондағы тұрғынжай отыз екі мың үй, үшінші қала Сайрам, ондағы тұрғын үйлер саны отыз екі мың немесе одан да көп…» деп қосып келтірген. Және олардағы хандардың бәрі Әбілқайырға бағынатынын атап көрсеткен.

Осы хаттаманың, сонымен бірге, әрине, Әбілқайыр ханның императрицаға жазған хатының орысшаланған нұсқасының көшірмесі аса маңызды тапсырмамен қазақ еліне аттандырылмақ тілмәш және мәмілегер Тевкелевке беріледі. Бәлкім, солардың империя ыңғайында жасалған мәтіні мен аудармасына осынау дипломаттың өзінің тікелей қатысы болған да шығар…

Құтлұ-Мұхаммед (Мәмед) Тевкелев жастайынан Ресейдің шетелдермен байланыс жасап тұратын орталық үкіметтік мекемесі Посолдық приказ тілмәші болған. Мұнда, жалпы,  оның әкесі Мамеш, немере ағалары Рамазан мен Мұртаза да тілмәштық қызмет атқаратын. Орталық басқару мекемелерін реформалау кезінде І Петр Посолдық приказды 1720 жылы мүлдем жойып, орнына Сыртқы істер алқасын құрды. Ал Құтлұ-Мұхаммед ағаларының көмегімен сол Сыртқы істер алқасына қызметке алынды. Патша құзырындағы мемлекеттік чиновник лауазымы оны одан әрі өсуге, баюға, биік әлеуметтік мәртебеге жетуге ұмтылта түседі. Ол І Петрдің қатерлі бастамаларының бәріне қатысады. Тілмашы ретінде 1711 жылы Прут жорығына қатысып, түріктің саны басым армиясы орыс армиясын жойып жіберудің аз-ақ алдында қалғанын көреді.  Патша тапсырмасымен 1717 жылы Үндістанға жол ашқысы келген князь Бекович-Черкасскийлің Орта Азия экспедициясында болады. Экспедицияға қатысушыларды Хиуа ханының  әскері қырып жібергенде, әйтеуір, ғайыптан аман қалады. Сосын қайтадан патша жанынан табылады. 1722 жылы І Петрмен бірге оның тілмәші ретінде Парсы жорығына шығады.

Бұл жорықтың да оң нәтиже бермеуі І Петрдің назарын Қазақ Ордасына бұрады. Тевкелевтің жазбаларына қарағанда, І Петр қазақ жері арқылы шығысқа жол ашу үшін «миллион сом шығындасақ та қазақ ханынан орыстың қорғауында болғымыз келеді деген бір жапырақ қағазды қолға түсіру керек» деген жоспарын сол сапарынан кейін іле-шала айтқан екен. (Жоңғар хандығын боданы ету әрекеті оң нәтижеге жете қоймағандықтан, Азия қақпасы кілтін Қазақ Ордасын құзырына қарату арқылы қолына алғысы келген). Алайда тағдыр оның жоспарын өзіне орындатуға жазбады (1725 жылы қайтыс болды). Оны жүзеге асыруға І Петрдің аманатын көкірегіне мықтап байлаған мансапқор тілмәш  Мәмед (Алексей Иванович) Тевкелев Әбілқайыр ханның Ресей боданы болып табылатын башқұртпен қарым-қатынасты бейбіт сипатқа түсіру үшін Анна Иоанновна патшайымға бітім жасау жайында елшілік жіберуіне орай құлшына кірісті…

Редакциядан: Жоғарыдағы тараулар жазушы, тарихшы, көсемсөзші Бейбіт Қойшыбаевтың «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» атты еңбегінен жалғасты түрде алынып отырғын ескертеміз. Басы мына сілтемелерде: http://abai.kz/post/view?id=4553;  http://abai.kz/post/view?id=4554;  http://abai.kz/post/view?id=4579; http://abai.kz/post/view?id=5256;http://abai.kz/post/view?id=5335; http://abai.kz/post/view?id=5370; http://abai.kz/post/view?id=5371; http://abai.kz/post/view?id=5469; http://abai.kz/post/view?id=5470; http://abai.kz/post/view?id=5527.  

(Жалғасы бар)

Бейбіт Қойшыбаев

Abai.kz