Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасындағы мамандар бұдан бұрын облыс орталығындағы біраз мекемелердегі мемлекеттік тілдің қолданысын тексерген болатын. Сынға іліккен өрескел қателіктің біразы түзелсе де, Орал қаласындағы сыртқы жарнама әлі де сын көтермей тұр. Тіпті қатеден көз сүрінеді.
Оралда көп қабатты үйдің кіреберісінде, лифтің ішіне орналасқан хабарландыру мен жарнама, қоғамдық орында көпшілікке арналған ақпараттық көрнекі құрал таза орыс тілінде сайрап тұр. Орыс тілін айтасыз-ау, кейде көшеде келе жатып, дүкен мен сауда үйінің ағылшын тіліндегі атауын көріп, шетелде жүргендей әсерде болатының бар. Қаланың қақ ортасында, орталық базар аумағында орналасқан «Форум» сауда үйінен қолыңызға шам алып іздесеңіз де, қазақ тілін таба алмайсыз (суретте). Негізгі жарнамасы, ірі баннері, бағыттаушы сілтемесі – бәрі орысша. Қауіпсіздік ережесі, лифтідегі нұсқау да орыс тілінде. Бұл сорақылық тек «Форум» сауда үйіне ғана емес, шаһардағы барлық ірі сауда сарайларына тән.
Орал халықаралық әуежайы ғимаратының ішінде ілінген ақпарат пен жарнамадағы қате бұрын талай мәрте сыналған болатын. Бүгінде түзетілген. Бірақ «Орал халық…алық терминал» деген «кетік» қазақша ғимараттың қақ маңдайшасында мен-мұндалап әлі тұр (суретте). Әуежай тасымалын ұйымдастыру қызметінің басшысы Гүлнәр Есмұханова «Осы жазуды мүлдем алып тастаймыз, әріптері ұшып кете береді. Тек шығын ғана әкеледі», – дейді. Ендеше, Ақ Жайықтың әуежайына қонғанда, алдыңыздан «айдалада ақ отау, аузы-мұрны жоқ отау» сияқты «сақау» ғимарат қарсы алып тұрса, таңғалмай-ақ қойыңыз…
Мемлекеттік мекеменің дәлізіндегі шұғыл және апаттық қызмет нөмірлері қазақша жазылмайтынын байқап жүрміз. Ғимараттың эвакуация жоспарын да мемлекеттік тілге аудармай іле салған мекеме баршылық. Мәселен, мына баннер халыққа қызмет көрсету орталығында тұр. Екі баннердің біреуінің жоғары жағында қазақша – «Орал көлік прокуратурасы» деген жазу ғана бар. Қалғаны – орысша.
Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының бас маманы Гүлнәр Әлжанова тілдерді қолданудағы мұндай теңсіздік жөнінде халықтан жазбаша арыз түспесе, қандай да бір шара қолдану қиын екенін айтады. Ал қазақ тіліне жаны ашыған ағайынның көбі еліміздің Тіл туралы заңын белден басқан мұндай кемшілікті көрген жерде ауызша ескерту жасағанымен, есік-тесікке кіріп, арыз жазуды қиынсынады. Мемлекеттік тіл өзгенің тасасында қалмай, өрісті болуы үшін әрқайсысымыздың жанымыз шырқырап тұруға тиіс. Ал бізде қалай? Өзге ұлт өкілі шатып-бұтып бір-екі ауыз қазақша сөз сөйлесе «О, жарады! Қазақшаға судай ғой, сабазың! Мұны халықтың алдына алып шығып, бәріне үлгі етіп, жиналыста сөйлету керек, сөйтіп, қазақ тілінің дамып келе жатқанын көрсетеміз» дейді шенеуніктер. Ал сол шенеуніктер «өлместің күні» үшін бір-екі ауыз қазақша жаттап алып, бізді алдап, бірақ аржағынан атып жіберердей болып тұратындарды шынымен байқамайтын сияқты… Оралдағы көптеген мекемеде жиналыс тек қана орыс тілінде өтеді. Бұрын 30 адам қатысып отырған жиналыста 1-2 өзге ұлт өкіліне бола шенеуніктер түгелдей орысша сайрайтын. Бүгінде жиналыста олар болмаса да, баяғы сол «таз кепеш». Сонда Тәуелсіз еліміздің босағада тұрған тілін кім көкке көтереді, кім ұшпаққа шығарады?..
Ұлдай САРИЕВА,
Орал қаласы