Ресей идеологтары ойлап тапқан «Өлмес полк» акциясы 2012 жылдан бері өткізіліп келеді. Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына, оған қатысты белгілі-бір көзқарас ұстануға кез-келген мемлекет құқылы. Бұл акция да Ресейдің өткен соғысқа қатысты ұстанымының бір көрінісі. Оған дауымыз жоқ. Алайда, бұл шара РФ аумағынан тысқары шығып, басқа елдерде өтіп жатса, онда да сол елдердің егемен мемлекет ретіндегі ұстанымдарына қайшы келсе – ойлантарлық жай. Оның үстіне биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығы сынды ұлттық мерейтойлық даталардың жеңістің 71 жылдығы тасасында ескерусіз қалып жатуы кімді болса да қынжылтпай қоймайды.
Біздің елде де Жеңістің 71 жылдығына арналған іс-шаралар ішінде осы «Өлмес полк» акциясы ұйымдастырылды. Елордамыз Астанадан бастап, көптеген қалаларда осы акция өткізілді. Қазақстан да Ұлы Отан соғысынан шет қалмады, 1,3 миллион адам майданға аттанды, тең жарымы соғыста қаза тапты. Қазақтар мен қазақстандықтар ол соғыста ерекше ерлік үлгісін көрсетті. Соның айғағы ретінде Қазақстаннан төрт бірдей Кеңес Одағының батыры шыққанын, 528 адам осы Кеңес Одағының батыры атағымен наградталғанын айтсақ жеткілікті. Бұдан тыс жау қолында қалған елдерден Қазақстанға 200-ден астам зауыт пен фабрика көшірілді. Тылдағы қызу еңбек жеңісті жақындатуға зор үлес қосты. Сондықтан, Жеңіс жайлы сөз болғанда қазақ халқының да өз айтары бар.
Ал, күні кеше ел аумағында өткен «Бессмертный полк» акциясынан мұндай мәліметтерді таратқан, қазақ халқының жеңіс жолындағы төөкен қаны мен тері туралы айтқан жанды көре алмадық. Бұл туралы белгілі қоғам қайраткері, бұрынғы Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов те өзпікірін білдіріп, аталған акцияға қатысты ел басшылығының ұстанымдарын сынға алды.
«Ресейден басқарылатын, еліміздің қалаларында өткен «Мәңгілік Данқ» шеруінде қазақ халқының батырлары, тарихи жеңістері жайлы ақпарат байқамадым. Әрине, олардың сценарийінде ол жоқ. Бізден басқа біздің Данқ кімге керек?
Бізді насихаттап беріңіз деп шетел идеологтары айтпаймызғой.
Бірақ жастарымыз бұндай шеруді көріп не ойлайды? Шеруге шыққандардың қолдарында бір қалыппен жасаған сүреттер, олардың арасында Сталиннің , Николай 2 сіреттері жүр. Қызыл жалау , Георгий лентасын таратып , автокөліктерді танкіге ұқсатып бояған. Арасында форма киген казактар да бар. Қолдарында ойыншық болса да карулары жүр.
Оларға кім рұқсат берді? Бұл бейбіт минитнг-шеру болса неге қару ұстайды? Құқық қорғау органдары қайда жүр?
Биыл Амангелді Имановтың азаттық үшін көтерілісіне 100 жыл болады, олар сол казактармен соғысты емес пе? Сонда біз казактарды формамен көшеге шығуды рұқсат берсек ертенгі күні араңдатушылық болмайды деп кім кепілдік береді?», — деген Мұрат Әбенов шара ұйымдастырушыларының шалағайлығына назар аудартады. Саясаткер «бейбіт шеру» деген атпен ұйымдастырылып жүрген мұндай акциялардың қазақ халқының, тұтастай Қазақстанның мемлекеттілік тарихына көлеңке түсіретінін айтып отыр. Сонымен қатар, Мұрат Әбенов мырза әрекеттері түсініксіз орыс-казак ұйымдарының шеруге қару асынып, түрлі әскери формалар киіп шығуын да құптамайтынын айтқан.
«Біз Жауынгер халықпыз деп мақтанамыз, батырларымыз көп деп айтамыз, бірақ Жеңіс күні біздің ондай тарихымыздан көрініс қайда? Кішкентай сәбилерімізге дейін «совет әскері» формасын киіп алған. Елін қорғайтын адамның образын солай қалыптастырған дұрыс па? Өзім болсам соңғы жылдары 9 мамырды мерекелік күн емес, соғыстың құрбандарын еске алу деп қабылдаймын. Қанды майданнан елге оралмаған әкемнің екі ағасы Әбдірәшид пен Әбділаhх және нағашы атам Сейілге құран бағыштап реті келсе белгі қойылған жерге барып еске аламыз.
Уақыт өте Кеңес Үкіметінен мұра болып қалған «мерекелік сценарийлер» көңілге қона қоймайтының байқаймын. Әсіресе қаруларын шылдыратып, мыңдаған әскермен көршілерді қорқытып парад өткізү — төбелеске тоймағандардың ісі сияқты», — дейді ол.
Әбеновтің айтып отырған сөздерінің жаны бар. «Бессмертный полктың» басы-қасында жүргендердің мемлекетшілдік ұстанымдарын байқай алмадық. Соғыс құрбандарын еске аламыз дегендердің ішінде сол соғысқа қатысы жоқ, майданда болмаған адамдардың суретін асынып жүргендерді де көрдік. Қызды-қыздымен ресейшіл қозғалыстар ол шеруге Орта Азияны жаулаушылардың символы Георгий лентасын тағынып, қазаққа тізесі батқан орыс патшасы ІІ Николайдың суретін алып шығудан да арланбапты.
Жанға батқаны осындай күмәнді қозғалыстарды кейбір шенеуніктердің де қолдап отырғандығы. Осыны ресейшіл ұстанымдағы саясаткерлер мен ақпарат құралдары жақсы желеу етіп отыр. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында өткен «Бессмертный полк» акциясына 10 мыңнан астам адам қатысыпты. Шеруді облыс басшысы Даниял Ахметовтың өзі бастап жүрген. Әкесі соғысқа қатысқан адам жалғыз Даниял Ахметов емес. 1941-1945 жылдары майданға әрбір бесінші қазақстандық аттанды. Ендеше олардың есімін ұлықтап, ерлігін үлгі етудің жолдары көп. Ендігі жерде ондай шараларды қазақ елі өзінің ұлттық ұстанымдары тұрғысынан өткізуі керек.
Бұл жерден Өскемендегі «Өлмес полк» акциясына жайдан-жай тоқталмадық. Әйтпесе, мұндай шара Елордада да, зиялы қауым орталығы саналатын Алматыда да, қазақы қала Шымкентте де өтті. Ал, Өскемен – ресейшіл сепаратизм өршіп тұрған, 90-жылдардың басында-ақ ол пиғылдарын жасыра алмай, ел тұтастығы мен конституциялық құрылымына қарсы шыққан қозғалыстар әшкереленген қала. Елбасы да бұл облысқа басшы тағайындау кезінде, басқа да саяси мәселелерде ерекше қырағылық танытатынын білеміз. Олай болса, былтыр ғана 97 жастағы соғыс ардагеріне IPad сыйлап, аты шыққан Даниял Ахметов мырзаның «Өлмес полк» үшін осынша өзеурей қалғаны несі? Жалпыхалықтық акция өткізгіш болса, бар күш-жігерін Тәуелсіздіктің 25 жылдығы аясындағы іс-шараларға жұмсамай ма? Облыс басшысы Жеңіс мерекесіне қатысты Қазақстанның Тәуелсіз ел ретіндегі ұстанымдары жоқ деп санай ма? Неге Ресейден басқарылатын акцияға қолдау білдіреді? Әлде, өскемендік басшыларға Тәуелсіздіктен гөрі ондағы ресейшіл топтардың талабы маңызды ма?
Дархан Мұқантегі