АЛТЫНОРДА
Новости

Өскеменде нан қымбаттайды

Астана. 16 сәуір. Baq.kz – Өскемен наубайшылары нан бағасының қымбаттайтынын айтты деп хабарлайды YK-news.kz.  Себебі ШҚО орталығында ұн қымбаттаған. Сәйкесінше, нан өнімдерін өндірушілер де тауар бағасын қымбаттатпақ. Жоғарғы сорт ұнынан дайындалған бір бөлкенің құны 50 теңгеден 60 теңгеге дейін өспек.

Шығысқазақстандық нан пісірушілердің айтуынша, нан-тоқаш өнімдері бағасының өсуіне бірнеше себеп бар. Олар: ұн бағасының қымбаттауы, жұмысшылардың жалақысының көтерілуі, жанар жағармай мен жарық төлеміне кетер шығынның өсуі.
«Бородинский» мен «қара бидай» нанының бағасы қаншаға өсетінін нан зауытының қызметкерлері әлі мәлім еткен жоқ. Олардың кейбірі нан бағасы 5-10 теңгеге көбейеді дегенді айтып жүр. Айта кетейік, қаланың жеке дүкендерінде ақ нан 60 теңгеден саудаланып жатыр.
Сондай-ақ, нан бағасы қымбаттады деген хабармен бірге қалалық биліктің наубайханашылармен ынтымақтастық меморандумына да қол қойғаны туралы ақпар жетті. Бұл келісімге сай жақын күндері 12 наубайхана әлеуметтік бағада сатылатын шектеулі нан пісіретін болады.
«12 наубайхана әлеуметтік бағада шектеулі нан сатуы үшін кәсіпкерлерге тиянақталған бағада сақтық қорынан ұн берілетін болады. Ондай қор үш айға жетеді», — деді қалалық әкімшіліктегілер.
Арзандатылған бағада нан сату үшін әкімдік 40 сауда нүктесінің нақтыланатынын жеткізді. Жергілікті биліктің айтуынша, әлеуметтік бағадағы ақ нан 50 теңгеден таратылатын болады және осы баға сақталуы тиіс.

http://baq.kz/kk/news/45892