Жоңғарлар қазақ жерінің шығысы мен Жетісуды және Сырдарияның орта ағысы өңірін басып алғаннан соң Ұлытауға қарай бет бұрған. Ордабасы құрылтайы жігерлендірген біріккен қазақ әскерлері Әбілқайыр ханның қолбасшылығымен Түркістан–Ташкент алқабындағы ондаған қазақ қаласын қайтадан жаудан тазартып, елдің орталық аймағына беттеген жоңғар қолына шешуші соққы беруге әзірленді.
Бас қолбасшы Әбілқайыр ханның басшылығымен қазақ батырлары 1726 жылдың соңында және 1727 жылы әскери қимылдарды үйлесімді әрі ұтымды жүргізе отырып, Торғай даласының оңтүстік-шығыс бөлігінде ірі жеңістерге жетті. Ұлытау маңындағы Бұланты мен Білеуті өзендерінің жағаларында өткен шайқас ел айбынын ерекше асқақтатты. Қазақ жасақтары жоңғарлармен әуелі Қарсақпай қыраттарынан басталатын сол қос өзен құйып жатқан Шұбар-Теңіз көлі маңайында соғысқан. Талқандалған басқыншылар көлден әрмен қашқанда, аталған екі өзен аралығындағы Қарасиыр (оны «шоқы» мағынасын беретін Қарасире деп те атайды) жазығында оларға қатты соққы беріп, тамаша жеңіске жетті. Дұшпан ойсырай ұтылған бұл ұрыс тарихқа Бұланты-Білеуті шайқасы деген атпен енді. Осы ірі жеңіс нәтижесінде қазақ жасақтары жоңғар күшін Ұлытауға жеткізбей тоқтатты. Шайқаста Қанжығалы Бөгенбай, Қаракерей Қабанбай, Шақшақ Жәнібек, Тама Есет, Бәсентиін Малайсары, Тарақты Байғозы, Тайлақ, Саңырық, Қабанбай, Дербісалы, Сатай, Есет, Жәнібек, Тілеулі сынды көрнекті қолбасшылар мен көптеген батырлар, барша сарбаздар көзсіз ерлік көрсетті. Жоңғарлар зор шығынға ұшырап, кері қашты.
Бұланты-Білеуті шайқасының тарихтағы маңызы ерекше. Өйткені ата жауды талқандаған осынау ұрыс халықтың еңсесін көтеріп, азаттық үшін, отан үшін күреске бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып көтерілуге жігерлендіре түсті. Қазақ сарбаздары бұдан кейін ахлақи және рухани үстемдікке ие болып, жоңғарлар басып алған жер-суларын бірінен соң бірін азат ете бастады. Бұл 1727 жыл еді. (Сол жеңістен кейін жазықтың орталығындағы майдан кіндігі болған төбе «Қалмақ қырылған» деп аталып кетті. Бұланты алқабындағы бүгінде «Үйтас» деп аталатын, қабырғаларының қалыңдығы қос құлаштай, күмбездеп өрілген төбесі құлаған құрылыс осы айтулы жеңіс құрметіне кезінде салынған ескерткіш болған деседі. Ал тәуелсіздік жылдары бабалар ерлігіне шексіз ризалық танытқан игілікті ұрпақ тарапынан сондағы шоқылардың біріне ескерткіш тақта орнатылды (суретте). Осы жылы кенеттен қонтайшы Цеван Рабдан (Сыбан Раптан) дүние салды да, жоңғарлардың қазақ жеріндегі күштеріне арттарынан қосымша көмек келмей қалды. Бұл жағдай белгілі дәрежеде рухы күшейе түскен қазақ жасақтарының жеңісті шеруінің сәтімен жалғаса беруіне қолайлы жағдай туғызған болатын.
Цеван Рабданның өлімі хандық ішінде дүрбелең туғызды. Таққа оның үлкен ұлы Галдан Церен (Қалдан Серен) отырған. Ол әкесінің ойда жоқта дүниеден кетуін өгей шешесі – хан тағына таласуы ықтимал інісі Лаузан Шононың туған анасы Сетержаб пен сол шақта Қалмақ хандығынан келген елшілерден көрді. Қатыгездікпен жазалаулар жүргізді. Сосын хандықтың шығыс шекарасына назар аударуға мәжбүр болды. Онда Цин-Қытай әміршілері боғдыхан ауысқан (император Канси қайтыс болып, таққа Юнчжен отырған) кездегі уағдаластықты жиып қойып, елге қайтадан қауіп төндіре бастаған еді. Соған байланысты Галдан Церен әскерінің негізгі күшін сол жаққа шоғырландыруға кірісті. Содан көп ұзамай қытайлықтармен қарым-қатынас шиеленісті де, жоңғарлар олармен жаңа соғысты бастады. Осындай жағдайда Галдан Церен қазақ жеріндегі жасақтарының біраз бөлігін жоңғар елінің шығысындағы майданға салу үшін кері шақырып алған. Бұл ахуалды қазақ елінің Қаратау өңірі мен оңтүстігіндегі жер-суды басқыншыдан тазарту күресінде жүрген Әбілқайыр хан мұқият саралаған да, 1730 жылдың көктемінде жауға Аңырақай даласында шешуші соққы берген болатын. Аңырақай шайқасы қазақ халқының 18-ші ғасырда жоңғар басқыншыларына қарсы жүргізген Отан соғысының ең елеулі белесі, рухты көтеріп, болашаққа деген сенімді бекіткен жеңісті шыңы ретінде өте орынды түрде мақтан тұтылады. Әйгілі жеңіс ел санасынан ешқашан өшпес үшін Тәуелсіздік азаматтары ұрыс болған деп санайтын Шу-Іле тауларындағы жерлерге – Сұңқар тауының етегіне 1998 жылы және үстіміздегі ғасырдың басында Аңырақай тауының солтүстік беткейіндегі Алмалы кентінің жанына, сондай-ақ, Алматыдан Бішкекке шығатын халықаралық жолдың бойына, даңғылдың Қаскелеңнен он шақты шақырым әрідегі оңтүстік жағына арнайы ескерткіш тақталар қойған.
Мақсат Бексұлтан. «Аңырақай шайқасы».
Жұртшылық санасына сіңірілген мәлімет бойынша – шартараптан жиналған сарбаздардан біріккен отыз мыңдық қазақ қолы қырық мыңдық жау әскерімен бір-бір жарым айдай уақыт бойы соғысып жеңіске жеткен. Алайда жеңімпаз қазақ жасақтары жүргізген шайқастар сонымен доғарылған, қазақтар бұл соғысты әрі қарай дамыта алмаған, себебі «шайқас соңында Болат хан жараланып, қайтыс болғаннан кейін» (тағы бір көп таралған қисын бойынша – «дімкәс Болат хан науқасынан дүние салған соң») басталған «тақ үшін талас» оған кедергі келтіріпті-міс, көпшілік «Болат ханның баласы жас Әбілмәмбетті қолдаған» да, «бұған наразы болған Әбілқайырмайдан даласын тастап, Кіші жүздің қолын батысқа, Орта жүз қолын Сәмеке хан солтүстікке» алып кетіпті-міс.
Ғылыми зерттеулер бұл ұйғарымдардың жаңсақтығын көрсетеді. Біріншіден, өткен тарауларда айтқанымыздай, Болат хан 1723 жылғы «Ақтабан шұбырынды» басталған кезеңде өмірден өткен. Аңырақай шайқасынан кейін (1730) хан сайлауын жасауға қажеттілік туған жоқ. Өйткені соғысты жеңісті шыңына жеткізген бас қолбасшы Әбілқайыр баһадүр әрі аға хан да болатын, оның үстіне, Әбілқайырмен тақ таласына түсіп бәсекелесетіндей дәреже жас жағынан да, бедел жағынан да ешбір кіші ханда болған емес. Екіншіден, «Әбілқайыр мен Сәмекеніңмайдан даласын тастап» кетуі мүлдем өзге сипатта және басқа жағдайға байланысты орын алған. Бұл жайында кейінірек сөз етерміз…
Құрамына тарихшы, геолог-геоморфолог, этнограф, археограф, палеоклиматолог, шығыстанушы, палинолог, географ ғалымдар енген зерттеушілер тобы 2005–2007 жылдары Шу-Іле аймағының ортаңғы бөлігіне бірнеше рет экспедицияға шыққан. Жасаған далалық зерттеулері мен ізденістерінің нәтижелерін бірнеше салалық ғылыми институт қызметкерлерінің қатысуымен өңдеген. Сөйтіп, атақты шайқас өткен Аңырақай өңіріне кешенді түрде жүргізген арнайы зерттеу нәтижелерін сындарлы ғылыми тілмен еңбектерінде баян қылып, кейбір қалыптасқан пікірлерге сын көзбен қарауға мәжбүр ететін қорытындылар жасаған болатын.
Экспедициялар кезінде тарихи оқиға аймағы жер бетінен, сондай-ақ биіктен (ұшақтан) суретке түсірілді, аумақтағы негізгі табиғи және әлеуметтік-экономикалық объектілерді географиялық, геометриялық тұрғыда көрсететін ғылыми сызбалар жасалды. Жер бедері мен су көздерінің қазіргі сырт кескініне ғылыми зерттеулер мен есептеулер жүргізіліп, олардың үш ғасырға жете-ғабыл уақыт ұшыратқан өзгерістерден бұрынғы кейпі елестетілді. Жер мен мекен-жайдың тарихи атаулары, әр кезгі географиялық карталар, өлкені мекендеген тайпалардың тұрмыстық және мәдени ерекшеліктері, олардың тіршілігі мен қызметінің біздің заманымызға жеткен материалдық қалдықтары, бұрынғы Аңырақай ауылы тұрғындарының экспедиция мүшелеріне берген ақпараттары қарастырылды. Солардың бәрін өлкенің әскери-саяси тарихымен тығыз байланыста зерттей отырып, аймақтың 1730 жылғы табиғаты мен жорымал бейнесін және тарихи шайқастың бас-аяғы мен өту ретін ғылыми әдіспен қалпына келтіру әрекеті жасалды.
Қысқасы, ғалымдар зерттеуге алынған өңірдің топографиясын, геоморфологиясын, ландшафын, палеоклиматын, археологиясын, тарихи топонимикасын, картографиясы мен этнографиясын, сол тұста орын алған саясат пен жаугершіліктер шежіресін жан-жақты талдап, зерттей келе, алынған деректердің пәнаралық синтезі негізінде, Аңырақай шайқасының нақты болған жерін, дәл уақытын және сондағы оқиғалардың қандай ретпен өткенін, қазақ әскери жасақтарының Аңырақай тауы ауданында жоңғарларға қарсы ұстанған шабуылдау стратегиясы мен тактикасының өзіндік ерекшеліктерін анықтаған. Іргелес ғылымдар өкілдерін тарта отырып үйлесімді сипатта жасалған зерттеулер нәтижесінде отан тарихын білуге құмартушылар танымының көкжиегін кеңейте түсетін тың жаңалықтар ашылды, солардың ішіндегі бірегейі Аңырақай шайқасына қатысты еді.
Фольклорлық дерек көздеріне қарағанда, Отан соғысының шешуші шайқасы болған тарихи майдан даласы Аңырақай жоталары мен Алакөл жазығы аралығында, яғни, Аңырақай алқабының солтүстік-шығыс бөлігінде жатыр. Осыны негізге алған зерттеушілер Аңырақай шайқасының табиғи шекарасы оңтүстік-батыста – су бөлетін сала мен Аңырақай (көне карталарда – Күмісті) жоталарының солтүстік-шығыс шоқыларын, батысында – Қопалы өзені мен Қаракемердің тармақтарын, солтүстік-шығыста – Бескөл алқабын, ал шығыста – Сарыбұлақ өзенінің аңғарын алып жатқан 210 шаршы шақырымдық аумақ деп тапты. Қазақтардың жоңғар басқыншыларына көрсеткен жалпыхалықтық қарсылығының қорытынды кезеңіндегі басты әскери қимылдар осы ауданда өтті. Әйгілі шайқас даласы айқын үшбұрыш түрін елестететіні анықталған. Үшбұрыштың табанында Аңырақай қырқаларының солтүстік-шығыс баурайы, ал қос қанатында – биік жарқабақты Қопалы және Сарыбұлақ өзендері жатыр. Екі су ортасындағы Бескөл алқабында барлық қорғаныс шаралары ескеріліп салынған мықты бекіністі қамал (қазіргі Қалмақтөбе) бой көтерген. (Жетісудағы осы Қалмақтөбе кешені ондағы қорғаныс қамалы мен өз әскерінің ұрыс жүргізуін жеңілдетуді, ал дұшпанның әрекетін қиындатуды көздейтін барлық фортификациялық құрылысымен және оған жәрдемін тигізетін нысандарымен бірге тұңғыш рет 2005–2007 жылдары тарихшы Ирина Ерофееваның басшылығымен ашылып, ішінара зерттелді).
«Қалмақтөбе» жоңғардың оңтүстік-шығыс шекарадағы ең ірі қарауыл бекеті еді. Оны 1653–1666 жылдары белгілі ойрат нойоны (Салқам Жәңгірді жекпе-жекте жеңген делінетін) Галдамба салдырған болатын. Осы бекініс пен үш тараптағы табиғи шекаралар сол аумақты мекендеуші басқыншыларды қазақтардың ықтимал шабуылынан сенімді түрде қорғап тұрған. Тек солтүстік-шығыс жағы (Қопалы, Қаракемер және Сарыбұлақ алқаптарының ең төмен әрі жазық бөліктері ғана) біршама ашық, яғни сыртқы қарулы жасақтардың сол жерден ғана кіре алуы ықтимал еді. Бекіністің шығысынан 8–10 шақырымдай жерден Үлкен Қалмақ жолы өтетін. Осынау көш және керуен жолы Шу-Іле аймағының оңтүстік бөлігінен Қазақ даласының батыс аймағы мен солтүстік-батысына қарай созылып, Жоңғарияны Еділ-Жайық аралығындағы Қалмақ хандығымен байланыстырып жататын. Сондықтан да оның қазақ үшін де, қалмақ үшін де үлкен әскери-стратегиялық маңызы бар болатын.
Жалпы, Шу мен Талас өзендері алабынан Шу-Іле таулары ауданына дейінгі географиялық кеңістікте ойраттардың 19 әскери-қорғаныс бекеті орналасқан, олар 17-ғасырдың екінші жартысынан 18-ғасырдың алғашқы ширегіндегі Жоңғар хандығының шекаралық аймағын белгілеп, ойрат көштерінің негізгі бөлігін Қазақ хандығының халқы орналасқан аумақтардан қорғап тұрған. (Әбілқайыр хан басқарған азаттық шайқастары нәтижесінде жоңғарлардың алғы шептеріндегі әскери-қорғаныс бекеттері алынып, өңірлер дұшпаннан тазартылған, алғыс сезіміне бөленген қазақ халқы елді азат етуші бас қолбасшыға ризашылық білдіріп, осы өңірлердегі талай жер-су аттарын Әбілқайыр есімімен атап кетті). Қазақ жеріне салынған жоңғар бекіністеріндегі қарулы жасақтарға әскербасы етіп қонтайшы Галдан Церен өзінің күйеу баласы Лацзан Церенді 1728 жылдың ортасында тағайындаған. Біріккен қазақ әскері Отан соғысының Аңырақай майданында сол тәжірибелі жоңғар қолбасшысы басқарған басқыншыларға қарсы шешуші шайқасқа шықты.
Жоғарыда айтқанымыздай, қытай-жоңғар қатынасы қайта шиеленісіп, 1729 жылы Цин империясы Жоңғар хандығына қарсы жаңа соғыс ашқан. Сондықтан хандықтың әміршісі Галдан Церен қонтайшы 1730 жылдың басында қазақ аймағын мекен еткен халқы ішінен соғысуға қабілетті ойраттардың көбін асығыс түрде оңтүстік майданға шақыруға мәжбүр болды. Жетісудағы әскери-қорғаныс бекеттерінде саны шағын қарауыл жасақтарын ғана қалдырды. Осыншама қолайлы ахуалды қазақ елінің оңтүстігінде азаттық күресін жүргізіп жүрген Әбілқайыр хан пайдаланып қалуға тырысты. Аялдамастан, әскери күштерін Шу-Талас өзендері аралығынан Оңтүстік-Батыс Балқаш маңы ауданына бағыттады. Сөйтіп, 1730 жылғы сәуірдің басында, жоңғардың қазақ жеріндегі әскери-саяси жүйесінің Бескөл (Қалмақтөбе) форпостына қазақтардың біріккен қолы сол кезгі әскери ілім-білімнің озық тәсілін қолдана отырып шабуыл жасады.
Қазақ жасақтары Аңырақай үшбұрышына солтүстіктегі басты даңғыл болып табылатын Үлкен қалмақ жолымен емес, қарама-қарсы екі бағыттан (Балқаштың оңтүстік-батыс жағасы мен Шу алқабынан) келді. Шабуылдың негізгі мақсаты Аңырақайдың солтүстік-шығыс бұрышындағы Қалмақтөбе бекінісіне шоғырланған 5-6 мыңдық жоңғар әскерін қоршап алып, жойып жіберу болатын. Бас қолбасшы Әбілқайыр хан шешуші шабуылда қолданған әдісінде халықтың көпғасырлық дәстүрі бар «дала соғысы» орайындағы әскери ойға, оның «аңды жан-жағынан қаумалап аулау» тәсіліне сүйенген-тін. Жауынгерлік соғыс қимылдарын әйгілі қазақ қолбасылары мен батырлары қатысқан үш атты жасақ жүзеге асырды. Олардың екеуі Сарыбұлақ пен Қопалыдағы жауға өткел болуы ықтимал жазық тұстарды торыды әрі Қалмақтөбе бекінісін шабуылдады. Шақпақты, білтелі мылтықтармен атқылай отырып, әуелі дұшпанның қамалын басып алды, сосын бекіністің маңына топтасқан және оны тастап шыққан ойраттарды тықсыра қуып, тауға қашуға мәжбүр етті. Қашқан жауды Аңырақайдың орталық шатқалдарына бекінген садақшылар қарсы алды…
Бұл 1723 жылғы «Ақтабан шұбырындыға» ұрындырған жойқын шапқыншылықтан бері тынымсыз жүріп келе жатқан, 1726 жылғы Ордабасы құрылтайынан кейін айрықша серпін алған Отан соғысындағы шешуші шайқас болды. Осы аумақта қазақ халқы, қазақтың үш жүзінің сарбаздарынан құралған халық жасағы басқыншы-жоңғарларды біржолата жеңді. Байырғы күшті де қаһарлы қарсыласын осыған дейін жаулап алған қазақ жерінен қуып шықты. Сөйтіп, азаттық жолындағы қиындығы мол күрделі қаһармандық дастанды іс жүзінде салтанатты жеңіспен аяқтады.
ХIX. ОТАН СОҒЫСЫНДАҒЫ ЖЕҢІС ЖӘНЕ БІТІМ
Біріккен қазақ әскерінің бас қолбасшысы Әбілқайыр хан 1730 жылғы сәуірдің соңында жоңғар қонтайшысы Галдан Церенмен бейбіт келісімшарт жасады. Сол актімен «Ақтабан шұбырынды» қасіретінен бері өрши түскен қантөгісті азаттық күресінің шырқау шыңына айналған Аңырақай шайқасын қорытындылап, 1723–1730 жылдарғы Отан соғысына жеңісті нүкте қойды. Бұл жеңіс қазақ халқының жауынгерлік рухын нығайтты, халықтың этностық бірлігін, тұтастық сезімін және өз еліне деген сүйіспеншілігін, жүздер, ру-тайпалар арасындағы ауызбіршіліктің маңызын арттырды.
Көшпенді хандықтар ішіндегі аса қуатты жоңғар әміршісі Галдан Церенді жеңген атағы Әбілқайыр баһадүрді саяси тұрғыда қазақтың аға ханы мәртебесінде таныта түсті. Қадірлі батыр-ханының есімін жеңісті шайқастар жүргізген тау, өзен, аңғарға берген (Арқада «Қалмаққырылған» деген жерде «Әбілқайыр өзені», Шу мен Талас өзендерінің арасында «Әбілқайыр даласы» бар. Сонда «Қалмақ қырылған» деген екі жер атауы сақталған. Қаратау қойнауында «Әбілқайыр бұлағы» бар. «Үлкен Орда қонған», «Кіші Орда қонған» деген жер атаулары – азаттық соғысын басқарған аға хан, кіші хан ставкаларының тұрған орнын көрсетеді. Ал Балқаштың оңтүстігіндегі әйгілі Аңырақай шайқасы өткен өңірде, Ілеге тақауырақта – Хантау, одан Шуға қарай созылып жатқан «Әбілқайыр жалы» деген тау атауы сақталған. Бүгін біздің көңіліміз қаншама тарылып, қазақтың 1723–1730 жылдардағы Отан соғысының бас қаһарманының еңбегін мойындағымыз келмесе де, географиялық жер атауларының өзі-ақ оның да, біздің де кім екенімізді көзге шұқып айтып тұрған жоқ па?) өз жұртында ғана емес, көрші елдерде де ол үлкен құрметке бөленді. Орта Азия хандықтарының билеушілері онымен туыстық қарым-қатынасқа жетуге ұмтылды. Қолбасшы, әмірші, саясаткер Әбілқайыр хан Аңырақай шайқасынан кейінгі жағдайды көрегендікпен саралай білгендіктен, жоңғар қонтайшысымен бітімге келді…
Алайда бұл тұжырымның тарихшылар арасында: «Аңырақай шайқасынан кейін қазақ билеушілердің арасында жік туды» деген мағынада көптен қалыптасқан, тіпті ресми «Қазақстан тарихының» үшінші томы таңбалап қойған элита ішінде «жоғарғы билік үшін күрес» жүргені жайындағы пікірге қайшы екені түсінікті. Ресми тарих: «Тәукенің ұлы, қайтыс болған аға хан Болаттың орнына Орта жүзден – Сәмеке, Кіші жүзден Әбілқайыр үміттенді. Көпшіліктің таңдауы Әбілмәмбетке түсті. Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырды деп тауып, шайқас алаңынан кетіп қалды, сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді», – деп хабарлайды. Еліміздің ең басты тарих кітабының күні кеше – 2010 жылы жарық көрген академиялық басылымының тап осындай ескірген мағлұматты шегелеп таратуы өкінішті-ақ.Өйткені содан бір мүшел ілгеріде, өткен ғасырдың соңғы жылдарында, жекелеген тарихшылар (айталық, И.Ерофеева) сенімді дереккөздерді айналымға тарту арқылы ондай байламның қате екенін дәлелдеген болатын. Болат ханның «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» қасіретінің бастапқы жылдарының бірінде дүниеден өткенін, оның ешқашан аға хан болмағанын, аға хан мәртебесі 1715 жылы Қайыпқа, 1719 жылы Әбілқайырға тигенін, Аңырақай шайқасынан кейін ешқандай да аға хан (ұлы хан) сайлауы өткізілмегенін дәлелдеген зерттеулерін жария еткен еді. «Сәмеке мен Әбілқайыр өздерін елеусіз қалдырғандықтан» емес, күн тәртібіндегі жағдайға байланысты, соғыс аяқталып, тиісті бітім жасалғаннан соң, өздеріне қарасты ру-тайпалар мекендейтін аумақтарға күн тәртібіне шыққан мәселелерді реттеу үшін кеткен болатын. Демек, «шайқас алаңынан» кетіп қалды деу де, «сол арқылы қазақ жерлерін жоңғар басқыншыларынан азат етудің ортақ ісіне оңдырмай соққы берді» деп тұжырымдау да нақты тарихи шындыққа сәйкес келмейді.
Бас қолбасшы Әбілқайыр хан оңтүстікте белгілі бір мақсатта, белгілі бір мөлшерде әскери күш қалдырды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Цин ұлы династиясының хроникасы» деген атпен жарияланған қытай құжаттары жинағында қазақ ханы Әбілқайыр (Абуэрхайли) қазақ жігіттерінің 70 мыңдық әскерін өз бұйрығымен інісі Бұлқайырға (Буэрхайли) басқартып, жоңғарларға қарсы жорыққа шықты делінетін ақпарат келтірілген. Сондай-ақ олардың Шу-Талас жерінде тұратын ойраттардың мың шаңырағын түгел басып алғаны және Жоңғарияның өзге көші-қондарынан 2–3 мың ат айдап әкеткені айтылған. Бұл оқиға император Юнчжен басқарған мерзімнің 9-шы жылындағы 2-ші айда орын алды деп көрсетілген. Оны біздің тарихшылар 1731 жылғы наурыз бен сәуір айларының бастапқы күндеріне сәйкеседі деп белгілеп жүр. Император Канси 1722 жылы қайтыс болды, артынша таққа Юнчжен отырды. Демек, император Юнчженнің билікті қолға алған уақыты 1722 жыл, ал оның империяны басқарған мерзімінің тоғызыншы (тоғыз емес!) жылы 1730 жылға, яғни жоңғарларға қарсы Отан соғысын тамамдаған Аңырақай шайқасы болған жылға тура келеді. Демек Юнчжен жылнамасының 9-шы жылындағы 2-ші айда, яғни 1730 жылғы 8 наурыз бен 6 сәуірдің арасында бас қолбасшы Әбілқайыр хан, алдыңғы тарауда айтқанымыздай, әскерін Шу-Талас аймағынан Аңырақай өңіріне ауыстырып, жоңғар күштерімен шешуші шайқасқа шығуға әзірленді және оны сәтті жүргізіп, сол сәуірдің соңына қарай Галдан Цереннің күйеубаласы, тәжірибелі әскербасы Лацзан Церен басқарған жоңғар жасақтарын біржола жеңді де, мамыр айында қонташының өзімен келіссөз жүргізіп, бітімге келген. Содан соң ойраттардың ықтимал шабуылдарына тойтарыс беру үшін Бұлқайыр сұлтан қолбасшылық жасайтын әскерді өңірде қалдырып, өзі батыс шекараға аттанды.
Жоғарыда аталған Цин боғдыханы Юнчженнің жылнамасында «Галдан Цереннің інісі Лобуцзян-Шуну (Лаузан Шоно) қазақ ханы Әбілқайырдың қызын әйелдікке алды, қазір, ыңғайы, қазақ жерінде тұрады» деген мәлімет бар. Біз мұның ақиқаты қандай екенін айта алмаймыз, дегенмен, Әбілқайыр ханның бәйбішесі қызымен Түркістандағы ордасынан 1723 жылы тұтқындалып Жоңғарияға әкетілгенін еске алсақ, Лаузан Шоно хан қызын алуы ықтимал деп пайымдаймыз. Аталмыш қытай дереккөзінде одан әрі: «Лаузан Шоно мұрагер ретінде әкесінің тағына отыру мәселесін шешу үшін 1-ші айда өз жаушыларын Галдан Церенге жіберді» деген хабар айтылады. Бұл оқиға, шамасы, Цеван Рабдан дүниеден көшкен 1727 жылды меңзесе керек. Алдыңғы тарауда айтқанымыздай, Галдан Церен әкесі Цеван Рабданның кенеттен болған өлімін өзінің өгей шешесі, Лаузан Шононың туған анасы Сетержабтан көреді де, оны балаларымен, сондай-ақ сол тұста Қалмақиядан (бәлкім, қытай жылнамасында айтылғандай мақсатпен Лаузан Шонодан) келген елшілердің кейбірін өлтіреді. Сондықтан, боғдыхан сарайының шежіресінде одан әрі айтылғандай, «Галдан Церен оның анасын, сондай-ақ бірге туған інісі мен қарындасын өлтіргендіктен», Лаузан Шоно «Галдан Цереннен өш алуды қатты тілеп жүр. Оған әскери шабуыл жасағысы келеді». Бұндай ахуалдың Әбілқайыр ханның ойраттармен де, қалмақтармен де бітім жасауына жанама түрде болса да әсер етуі мүмкіндігін мойындаймыз. (Тек Лаузан Шоно «қазақ жерінде тұрады» дегені жаңсақ, ол Қалмақ хандығында тұрған. Қонтайшы Галдан Церен өзінің тағына бәсекелес дұшпанын ұстап беруді қалмақ ханы Церен Дондуктан талап еткен болатын).
Аңырақай шайқасынан кейін жасалған бейбіт келісімшарт екі жаққа да тиімді еді. Галдан Церен қазақтармен бітімге келу арқылы цин-қытай жағындағы шекарасына әскери күштерін топтастыруға мүмкіндік алды. Император Юнчжен ойраттармен соғысты қайта жаңғырту жайында 1729 жылы шешім қабылдаған болатын. Қазақтармен 1730 жылы бітімге келіп, қолын күшейтуге мүмкіндік алған қонтайшы сол жылдың өзінде қытай әскерін Баркөл маңында тас-талқан етіп, енді Алтайда соғысуға әзірлік жүргізе бастады. Ал жоңғармен соғысты одан әрі созбай, бітім жасауды мақұл көрген Әбілқайыр хан солтүстік-батыс шекараға жаңа шабуылдарымен қайтадан қауіп-қатер төндіріп тұрғандар көршілермен – орыс мемлекетіне қарасты казактар қауымымен, қалмақ және башқұрт елдерімен ара-қатынасты ретке келтіруге аттанған еді. Ол орыс империясымен шекарадағы мазасыздықты тыныштандыруға күш салды.
1730 жылғы мамыр айында Әбілқайыр ханның Торғай өлкесіндегі жазғы ордасына Кіші жүз бен Орта жүздің бас адамдары бас қосты. Бұл мәжілісте орыс шекарасына тақау көшіп-қонып жүрген жұртқа қырғидай тиіп жүрген Жайық және Сібір орыс казактарының, Еділ қалмақтарының шапқыншылық қылықтары, қалмақтармен арадағы қатынас, жоңғарды жеңуге байланысты, қазіргі сәтте біршама реттеліп, тыншығанмен, түбі бір түркі болса да, желкелеріндегі отаршыл әкімдерінің астыртын айдап салуына көніп, қазақ ауылдарына тұтқиылдан жортуылдатып айрықша маза кетіріп жүрген башқұрттар жайы талқыға түсті. Осынау мәжіліске дейін Әбілқайыр ханға башқұрт елінің құрметті адамы тархан Алдар Есенгелдин (Исекеев) жолығып қайтқан. Бұл содан жиырма шақты жыл бұрын Әбілқайыр баһадүрді башқұрт тағына шақыруды ұйымдастырған, онымен бірге орысқа қарсы иық тіресе күрескен әскери-басшы тұлға болатын. Бұл қос үзеңгілес баһадүр әрәдік кездесіп, әрдайым достық пейілмен жылы сұқбаттасып отыратын. Осынау көзқарастары ертеден жарасқан екі ел ағаларының сұқбаттары әрдайым өзара түсіністік рәуіште өтетін. Ендеше осынау қарулас әм пікірлес қос әміршінің қарамағындағы адамдар неліктен өзара шабуылға шыға беруін доғармайды? Мұнда қандай сыр бар? Әрине, екеуара өткен кеңестің бүге-шігесін білмегенмен, шамалауға болады: олар сол мәселені түбегейлі шешудегі кедергілерді сараптап, оларды жою жолдарын ақылға салысты…
(Кезінде империяға қарсы тұрған башқұрт жетекшісін өз жағына ұтымды тарта алған патша әкімшілігінің ұсынуымен оған аталған тархан айырым-белгісі берілген. Жалпы, тархан атағы Алтын Орда хандары дәуірінде шіркеу адамдарына олардың өз шаруаларын шешуге ерікті екендіктерін көрсету үшін беріліп тұрған. Кейін оны орыс князьдері де жекелеген адамдарға алым-салықтан босатылатынын, даулы мәселелерде ешкімге бағынбай, тек ұлы князьдің өз құзырына келуге хақылы екендігін білдіру үшін беріп жүрді. Бір-екі мәрте тархандық беру мүлдем жойылып тасталды да, бодан ұлттардың беделді адамдарын империяға сенімді ете түсу үшін, қайта енгізілді. Башқұрт көтерілісшісі Алдарды тархан мәртебесіне көтеру арқылы патша әкімшілігі оны өзіне өркениеті тәсілмен тәуелді етті. Қазақтар арасында да тархан болғандар бар).
Сол жылғы мамырда ханның жазғы ордасына жиналған Кіші және Орта жүздер сұлтандарының, батырлары мен белгілі адамдарының құрылтайында орыс патшасының үкіметімен оның қоластындағы қалмақ, башқұрт және орыс казактарының қазақ еліне шабуылдарын доғартуды көздейтін бітім жасау жөнінде шешім қабылданған…
Редакциядан: Жоғарыдағы тараулар жазушы, тарихшы, көсемсөзші Бейбіт Қойшыбаевтың «Қазақ мемлекеті тарихына көзқарас» атты еңбегінен жалғасты түрде алынып отырғын ескертеміз. Басы мына сілтемелерде: http://abai.kz/post/view?id=4553; http://abai.kz/post/view?id=4554; http://abai.kz/post/view?id=4579; http://abai.kz/post/view?id=5256;http://abai.kz/post/view?id=5335; http://abai.kz/post/view?id=5370; http://abai.kz/post/view?id=5371; http://abai.kz/post/view?id=5469; http://abai.kz/post/view?id=5470.
(Жалғасы бар)
Бейбіт Қойшыбаев
Abai.kz