Көрерменді шетелдің телехикаяларына телміртіп рейтинг жинауға әдеттенген телеарналар ойланатын болды. Өйткені «Қазақстан» ұлттық арнасы отандық телеөнімдер арқылы да рейтинг көтеруге болатынын дәлелдеді.
Бұл туралы «Қазақстан» телеарнасының 2013 жылды қорытындылауға арналған шарада айтылды.
Ұлттық арна айрықша жобаларын атап өтетін жаңа дәстүр енгізіп отыр. Кешегі күні жаңа маусымда ұсынылған телехикаялар мен деректі фильмдер, анимациялық фильмдер мен ситкомдарды түсірген ұжымдар, танымал режиссерлер, актерлердің еңбегін ескерген ерекше шара ұйымдастырылып, үздіктер марапатталды. Солардың арасында «Қазақ әдебиетінің классикалық туындысын алғаш экрандағаны үшін» аталымында «Әпке» телехикаясы, «Жастар тақырыбын креативті көзқараста көрсеткені үшін» «Достар» ситкомы, «Креативті режиссерлік шешімі үшін» «Сұңқар» телехикаясы Жантай Қыдыралиев, «Тарихи тұлғалар тағдырын сәтті шығарғаны үшін» «Ұлт мақтанышы» деректі фильмі, «Анимация саласында тәрбиелік тақырыпты ашқаны үшін» «Али мен Айя» фильмі, «Балаларға арналған танымдық сериал түсіргені үшін» «Томпақ» телехикаясы үздік деп танылды. «Әскери патриоттық тәрбиені дамытуға үлес қосқаны үшін» «Көк тарландары», «Ұстаз мамандығының әлеуетін арттыруға үлес қосқаны үшін» «Ұстаз», «Дәрігер мамандығын кеңінен дәріптегені үшін» «Жедел жәрдем», «Бөлімшелік полицейлердің жұмысына елдің сенімін нығайтуға қосқан үлесі үшін» «Ауыл сақшысы», «Дене тәрбиесі мен спортты насихаттағаны үшін» «Олимп шыңы», телехикаялары жеңімпаз атанды. Жеңімпаздар еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері, жазушылары мен халық қалаулылары қолынан марапат алды. Үздіктерді марапаттаған жазушы Смағұл Елубай жақсы ой айтты. «Үкіметтің құлағына алтын сырға, біздің экраннан қытайдың да, кәрістің де, түріктің де сериалдары жүріп кетті, соларға жұмсалған қаржы мен біздің отандық сериалдарға салынған қаржының арасы жер мен көктей. Соған қарамастан шығармашылық ұжымдар да, «Қазақстан» арнасы да ұлттық идеология жолында жанкештілікпен жұмыс істеді», – деді. Бұдан кейін де отандық телеөнімдерге қомақты қаржы бөлінсе, телеөнім сапасы да арта беретінін астарлап айтып кетті.
Есте болса, қараша айында телеарна корей және түрік телехикаяларынан бас тартып, отандық өнімдерге бет бұрды. Сол кезде шетелдік телехикая орнын қандай телеөніммен толтырмақшы деген күдіктің болғаны жасырын емес. Алайда көп ұзамай көбік сериалдардың орнын «Ұлжан», «Олимп шыңы», «Сұңқар», «Ауыл сақшысы» сынды салмақты, жинақы телехикаялар басты. Ал желтоқсанда тұңғыш рет белгілі қазақ жазушысы Дулат Исабековтің туындысы негізінде түсірілген «Әпке» атты тағы бір отандық телехикаяның тұсауы кесілді. Ал жаңа жылдан бастап «Жедел жәрдем» телехикаясын тамашалайтын боламыз.
«Қоғамымыздағы әртүрлі тақырыптарды қамтыған телеөнімдерді шығару жұмысын 2009 жылы бастағанбыз. Егер біз сан жүзінде айтатын болсақ, сол кезде өздеріңізге жақсы таныс, 2014 жылы жалғасын табатын, тұңғыш рет 6 бөлімнен тұратын «Ағайынды» деп аталатын телесериал өмірге жолдама алған екен. Содан басталған телесериалдардың шеруі бүгін ұзын саны 18-ге жетті. Ал бөлім саны – 624», – деді «Қазақстан» РТРК» АҚ-ның басқарма төрайымы Нұржан Мұхамеджанова. Оның айтуынша, соңғы бес жылда телеарна 30-ға жуық отандық телехикаяны көрермен назарына ұсынды.
Сөз басында рейтинг туралы әдейі сөз қозғадық. Енді сол ойды нақтылай кетсек, TNS Gallup Media Azia мәліметтері бойынша 100 мыңнан жоғары тұрғыны бар қалаларда 2009-2012 жылдарға қарағанда отандық телехикая аудиториясының үлес көрсеткіші 88 пайызға, орташа рейтинг 105 пайызға өсті. Осы көрсеткіштен кейін өзгелер де ойланады деп сенеміз.
Халима БҰҚАРҚЫЗЫ, Астана
http://www.aikyn.kz/news/view/39041