Жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізу.Бәсекелестік есебінен қызметтің қолжетімділігі мен сапасын көтеру мақсатында әлеуметтік медициналық сақтандыру жағдайындағы бастапқы медициналық әлеуметтік көмекті қаржыландыру – бәсеке есебінен медициналық ұйымдардың корпоративтік басқару қағидаттарына көшуін қамтамасыз етеді. Мемлекеттік медициналық ұйымдарды жекешелендіруді ынталандыру, мемлекеттік емес ұйымдар арқылы тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін беруді кеңейту».
«100 нақты қадам» – 81-қадам.
Басты байлық денсаулық, ұлт саулығы біздің табысты болашағымыздың негізі екенін Елбасы әр Жолдауында айтып, денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызмет сапасын арттыруға баса көңіл бөледі. Сондықтан да отандық медицина мамандары үшін қатерлі аурулардың алдын алу, ана мен бала денсаулығын жақсарту, медициналық-санитарлық алғашқы көмек жұмыстарын дамыту, ел тұрғындарының өмір сүру жасын ұзарту күн тәртібінде тұрған мәселелер. Осы мақсатта ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің арнайы бұйрығымен елімізде жаңа реформа – отбасылық дәрігерлік (жалпы тәжірибелі дәрігер) қызметі енгізілді. Бұл жаңа жоба біздің аймақта да жүзеге асырыла бастады. Осыған орай облыста 179 учаскелік терапевт және педиатр мамандары «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша қайта даярлау курсынан өтті.
– Тұрғындардың денсаулығын сақтау, оларды сапалы әрі тиімді медициналық көмекпен қамтамасыз ету бағытында елімізде біраз жұмыстар қолға алынуда. Денсаулық сақтау жүйесі қызметінің ең басты көрсеткіші өмір сүру ұзақтығын арттыруға арналған. Осы бағытта ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен еліміздегі емханалардағы учаскелік дәрігерлерді отбасылық дәрігерлік тәжірибесіне ауыстыру міндеті қойылған болатын. Сондықтан да МСАК дәрігерлерінің ішіндегі жалпы тәжірибелі дәрігерлердің үлес салмағын 50% көрсеткішіне жеткізу мәселесі бойынша мекеме басшыларымен жүйелі мониторинг жүргізіліп отырады. Жалпы, 2017 жылға дейін еліміздің барлық аймағы осы жүйеге көшіп болуы керек деген тапсырма бар. Сол себептен өңірде 179 дәрігер Ақтау мен Жаңаөзен қалаларында «Жалпы тәжірибелі дәрігер» мамандығы бойынша жылжымалы қайта даярлау курсы бойынша оқытылды, енді арнайы сертификат алады. Биылғы жылы қайта даярлау курсынан оқытылатын мамандардың санын екі есеге жеткізу, терапиялық және педиатрлық учаскелерді қайта бейіндеу, облыстағы 33 жалпы тәжірибелі дәрігер учаскелерінің санын 50 пайызға ұлғайту жоспарда, – дейді облыстық денсаулық сақтау басқармасы әкімшілік-кадр бөлімінің басшысы Ақмарал Ізмұратова.
Дәрігерлерден біліктілік пен үлкен ізденісті талап ететін жаңа жүйеге көшуге барлық емханалар құлшыныс білдіріп кірісіп кете қоймаған. Алайда өңір бойынша Жетібай мен Бейнеуде жаңа жүйемен жұмыс істеу жақсы жолға қойылған.
– Отбасылық дәрігерлік қызмет дегеніміз – отбасы мүшелерін жан-жақты тексеріп, кешенді емдеу. Ол үшін осы қызмет стандарты мен талабына сай арнайы курстан өткен терапевт пен педиатр дәрігерлер қабылдайды. Дәрігер отбасы мүшелерін емдеу барысында ол жанұядағы ересектерді де, балаларды да толықтай тексеруден өткізіп, зерттеу жүргізіп барып, сырқатты анықтап, бірін-бірі толықтырып отырады. Жаңа тәжірибе кезең-кезең бойынша енгізілуде, бірақ профильдік мамандардың өкілеттігін жалпы тәжірибе дәрігеріне беру бағдарламасы толығымен жүзеге асқан кезде әрбір пациент оның барлық артықшылықтарын айқын сезінетін болады. Себебі бұл бағдарлама бірінші кезекте біздің еліміздің әрбір азаматының денсаулығы мен әл-ауқатын қолдауға бағытталған, – дейді Ақмарал Ізмұратова.
Отбасылық дәрігерлік тәжірибе жүйесі шетелдік емханаларға өткен ғасырдың 80-жылдары енгізілген. Бүгінгі отбасылық дәрігерлік тәжірибе ісінің отандық медицинаға енгізіле бастауы басқа елдердегі жаңашылықты өзімізде де жүзеге асыру арқылы тұрғындар денсаулығының жақсаруына, әртүрлі аурулардың алдын алуға септігін тигізеді деген сенім бар.
Венера МИРЛАН,
Маңғыстау облысы
http://aikyn.kz/