АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

ОТБАСЫН ОЙРАНДАЙТЫНДАРҒА ЕНДІ ОҢАЙ БОЛМАЙДЫ

арҚытай түрмесінде 15 қазақстандық «шіруде». Қапастағы сол отандастардың Отанға оралуына алда мүмкіндік тумақ. 
Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің кешегі жалпы отырысында қалаулылар Қазақстан мен ҚХР арасындағы «Сотталған адамдарды беру туралы шартты» ратификациялады. Палата депутаттары осы күні сондай-ақ ұлттық заңнамаға «тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша» түзетулер енгізетін арнайы жобаны бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл құжатқа сәйкес, әйелін ұратын еркектерге сол ісін қоймаса, әйелімен тұруға тыйым салынбақ!
«Қазақстанның кейбір заңна­малық актілеріне тұрмыстық зор­лық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының ерек­шелігі – оған бір топ депутат бас­тамашы болып, өздері жазып шығыпты. Сондықтан оны бас­та­машылар атынан Мә­жіліс де­путаты Светлана Бычкова қор­ғады. Қолданыстағы заң бойынша тұрмыста нағыз тиранға айналған еркектерге, егер онысын қоймаса, айыппұл салынады. Алайда де­путат ханымның айтуынша, он­дай оспадарлардың көбісі мас­күнемдік жолына түскен, жұмыс жасамайды, содан айналып кел­генде, оған мемлекет салған айып­пұлды жұмыс істейтін әйелге төлеуге тура келеді. Яғни осы­лайша әлгі әйел екі рет жәбір көреді. Осы себепті бастамашы парламентарийлер біріншіден, айыппұл салуды алып тастамақ.
Бұдан басқа жаңа заң жоба­сының үш ірі жаңалығы бар: ол жәбір көруші баланы отбасынан алып қойып, уақытша қамқоршы тағайындауды, ерлі-зайыпты­лардың екеуіне де мүліктік құқық­тарын жүзеге асыруға тыйым салуды қарастырады, сондай-ақ зорлықшының жәбірленушімен бірге бір тұрғын үйде немесе пәтерде тұруына тыйым салынбақ. Мұны заңдастыру үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 59-1-бабына толықтыру енгізілетін көрінеді. Мұндай жазаны қол­дану-қолданбау жайын сот шешеді. «Бұл азаматтардың тұр­ғылықты мекенін өз қалауынша таңдау жөніндегі конституциялық құқығына нұқсан келтірмей ме?» деп сұрады депутат Гүлнәр Сейт­мағанбетова.
– Сот 30 тәулікке дейін ғана осын­дай жаза тағайындай алады, – деді Светлана Бычкова. – Бұл – бір. Екіншіден, біздің Ата заңы­мыз­да 39-бабының 3-тармағында заңмен шектеуге болмайтын бар­лық нормалар көрсетілген, бас­қасының барлығы шектелуі мүм­кін. Яғни заңды осы жағдайда сот­­тың қолдануына жол беріледі. Біз Конституция нормасын бұз­баймыз!
Әрине, жала жабу оқиғалары да кездесуі мүмкін. Мысалға, ресейлік танымал әнші Жасмин күйеуінің өзін көкала қойдай са­бағанын жар сала айтып, ақпарат құралдарына соны дәлелдейтін фотосуреттер таратты. Көршімізді дүрліктірген бұл оқиғаға тиісті құрылымдар назар аударған. Алайда кейін оны әншінің қолдан жасағаны, ал күйеуінің еш кінә­сіздігі анықталды. Мұндай мә­селелерді жұмыс тобы алда пы­сықтайтын болса керек.
Жалпы, отбасын ойрандайтын тұрмыстық зорлықшыны жәбір­ле­нушіге жуытпауды қарас­тыратын қатаң шаралар жаңадан әзірленген Қылмыстық кодекс жобасында да бар, бірақ оны талқылау келесі жыл бойы жүруі мүмкін. Депутаттар оған дейін өз заң жобаларының қабылданып, күшіне мінуінен үмітті.
Бұл құжатты қалаулылар соны­мен бірге тұрмыстық зорлық көрушілер бас сауғалап, пана­лайтын дағдарыстық орталық­тарға көмектесу үшін жазғанға ұқсайды. Бастамашылардың айтуынша, мұндай күйзеліс орталықтарына мемлекет демеу көрсетеді. Бірақ ол бір жылға ғана ұсынылатындықтан, келесі тен­дерде жеңгенше, сол орталықтарға істі жалғастыра беру үшін банк­терден жоғары пайызбен кредит алуға тура келетін көрінеді. Сон­дықтан әлеуметтік тап­сы­рыс­тарды оларға 3 жылға беру көз­делуде.
– Біз бүгін өте маңызды әрі өте өзекті заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдадық, – деп атап өтті Мәжіліс төрағасы Н.Нығматулин. – Ол бірінші кезекте, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алуға және қарсы тұруға, сондай-ақ содан зардап шеккендерге жәрдем көрсетуге бағытталған. Бұл заң жобасының тағы бір маңызды тұсы, оны Мәжіліс депутаттары, соның ішінде, «Нұр Отан» фракциясының мүшелері әзірлеген. Бір атап өтер жайт, 5-шақырымда депутаттардың заңнамалық бастамашылығы өте жоғары және ең бастысы, өте нәтижелі болып отыр.
Нұрлан Зайроллаұлының айтуынша, «нұротандық» қа­лаулылардың бастамасы бо­йынша 12 заңның жобасы әзірленген және палатаның қарауына енгізілген. «Жыл со­ңына дейін депутаттардың өздері әзірлеген заң жоба­ларының санын 15-ке дейін жеткізу жоспарлануда. Барлық заң жобалары сан-салалы. Әлеу­меттік стандарттарға, ауыл шаруашылығын дамыту мәсе­лелеріне және халықаралық келісімдерге қатысты заң жо­балары жазылу үстінде. Олардың барлығы елдің дамуына, аза­маттарымыздың әл-ауқатын арттыруға жұмыс жасайды. Де­мек, мұндай тәжірибені біз тек құптаймыз!» деді палата тө­рағасы.
Осы жалпы отырыстарында депутаттар Қазақстанның Түркиямен және Қытаймен арасындағы «Сотталған адам­дарды беру туралы шарттарды» ратификациялады. Дәл осындай екіжақты шарттар ендігі Әзір­байжанмен, Түрік­менстанмен, Украинамен, Испаниямен арада бекітілген екен.
Тағы екі елмен арадағы жаңа шарттарды таныстырған Бас прокурордың бірінші орын­басары Иоган Меркель Түркияда 2 қазақстандықтың, ал Қазақ­станда 4 түріктің жазасын өтеп жатқанын жеткізді. Бұл жерде «Аспанасты елінің» абақтысында отырған қазақстандықтардың ахуалы алаңдататын көрінеді. Екі ел арасында визалық режим болғандықтан «шың еліне» әлгілердің туыс-туғандары халдерін сұрап, бара алмайды. Оның үстіне ҚХР-да қыл­мыскерлерге қатысты жаза қатаң екендігі мәлім.
– Біздің атымызға Қытайда жазаланғандардың туған-туыс­тарынан ұдайы шағымдар түседі, олар оны Қазақстанға ауыс­тыруды сұрайды, бірақ біз осы шарттарды толық ратифи­кациялағанша, оларға көмек­тесуге қауқарсызбыз, – деген Бас прокурордың бірінші орын­басары нақты мысал келтірді: «2002 жылдан бері Үрімші қаласында 1957 жылы туған Қазақстан азаматы Қасымов жазасын өтеуде, ол өмірбақиға бас бостандығынан айырылған. Қаржылық мүм­кіндіктері бол­мағандықтан және виза алу қажет болғандықтан, туған-туыстарына оған бару қиынға түсуде».  Жалпы алғанда, Қытай түр­мелерінде 15 қазақстандық, ал Қазақстанның бас бостан­дықтан айыру орындарында 20 қытайлық қамалыпты. «Енді осы адамдарда жазаны өз Отанында өтеу мүмкіндігі пайда болады» деді Иоган Меркель. Шарт жобасы келісімін беруі үшін Сенатқа жолданды

Айхан ШӘРІП

http://www.aikyn.kz