АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Өз бензинің болғанға не жетсін…

IMG_8317-680x390Маңғыстау облысында Қазақстандағы төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жоспарлануда

Елбасы өткен жылы Үкімет алдына республикадағы төртінші мұнай өңдеу зауытын салу үшін орын, мерзімі мен қаржыландыру көздерін қарастыру міндетін қойған болатын. Осындай құрметке ие болу құқығына бірден бірнеше облыс атсалысты. Нәтижесінде, жеңісті Маңғыстау иеленді. Энергетика министрлігінде осы мәселе бойынша жұмыс тобы құрылды, ал облыс әкімдігі алғашқы жұмысты бас­тады. Нақтылай айтқанда, жергілікті билік ирандық әріптестері – мұнай министрлігі өкілдерімен, Иран ұлттық мұнай компаниясымен, мұнай терминалы бар көршілес Мазендеран провинциясының әкімшілігімен кездесті. Сонымен қатар, облыс аумағында жұмыс істейтін қытайлық CNPC, Citic мұнай компанияларымен мұнай өндіру мен құрылысты жүргізу жайын талқылады.

– Екі жақтың да келісімін алдық. Сондай-ақ, ол Иранның сырт­қы істер ми­нистрлігінің екі ресми нотасымен ресми деңгей­де расталған. Қытай компания­лары осы жылдың басында елі­міздің Энергетика министрлі­гі­не төртінші МӨЗ-ді инвестиция­лау мен құрылысын салу жөнінде жазбаша ұсыныс білдірді. Бұдан басқа, шіл­деде қытайлық компания­лар Қазақ­с­тан Премьер-Министрімен кездесу кезінде МӨЗ ТЭН-ін әзірлеу мен зерт­темелерін қаржыландыруға да рес­ми ұсыныс жасады, – дейді Маң­ғыс­­тау облысы әкімінің орынбасары Рахымбек Әміржанов «Тумба»-ға берген сұхбатында.

Иран жобаға неліктен қызығып отыр? Қазақстан сияқты, Иран да әлемдегі жетекші мұнай өндіруші елдердің бірі болып табылатынына қарамастан, қазіргі кезде ол мұнай өнімдерінің жартысын дерлік сырттан импорттайды.

– Егер Қазақстанда бұл тапшылық 30 пайызды және физикалық көлемі 1,5-2 миллион тонна мұнай өнімдерін құ­рай­тын болса, онда, Мұнай ми­нистр­лігінің ақпараты бо­йынша, Иран Ис­лам Республикасы жағдай­ында ол ке­мінде 10 миллион тоннаны құрайды. Кө­бі­не бұл біз бастан кешіп жүрген­дей, гео­графиялық жағдайға байла­ныс­ты орын алады. Онда халық­тың көп бөлігі елдің солтүстік бөлігінде тұра­ды, ал МӨЗ оңтүстіктегі шығанақ ма­ңын­да ор­­­на­ласқан. Осыған байланысты біз Иранның елдің оңтүстігінен сол­түстігіне мұнайдың бүкіл көлемін тасымалдау үшін тоннасына шама­мен 35 доллар жұмсауға мәж­бүр бо­латындығы жайлы алдын ала ақ­па­рат алып отырмыз, – дейді Р.Әміржанов.

Өз кезегінде осының барлығы Иран­­­ның Қазақстанмен және Түрік­менстанмен Каспий бойынша Нека порты арқылы своп-операциялар (ал­мастыру операциясы) жасауға бас­тамашы болуына жағдай жасайды. Яғ­ни, Қазақстан Ақтау порты ар­қы­лы ирандық портқа шикі мұнай (2010 жылы көлемі 5 миллион тоннаға дейін жетті) жеткізіп отырды, ал Иран оның орнына оң­түстігінде импорт­тың ор­нын басатын коэффициенті бар өздері­нің «қара алтынын» қазақ­с­тан­­дық мұ­най­шыларға берді. Осылайша Иранға елдің ана шетінен мына шетіне мұнай тасымалдау қажет болмай қала­ды.

– Маңғыстау облысындағы мұ­най­­­дың айтарлықтай үлесі қы­тайлық компаниялар иеленетін мұ­най кен орындарының есебінен өндіріледі. Сондықтан осы сызба есебінен мұнай­ды өз кен орындарынан біздің МӨЗ-де өңделетіндігі олардың осы жобаға деген қызы­ғу­шылығын туғызды, ал, біз осы жер­­­ден мұнай өнімдерін алатын боламыз. Оның ішінде бір жарым миллион тоннасын ішкі нарыққа жібереміз, Иран осы мұнай өнімдерін солтүстіктегі Ақтау порты арқы­лы өз­деріне жеткізеді, ал оңтүстік­тегі қы­тайлық компания­лар оның орнына Қытайдың оңтүстігіндегі мұнай өңдеу зауыттарына Ираннан мұнай алғысы келеді. Мәні жағынан бұл Пре­зидентіміздің ҚХР-дың негізгі мем­лекеттік «Жаңа Жібек жолы» сая­сатымен үндесетін «Нұрлы Жол» бастамасын жүзеге асырудың бір жолы болып табылады, – деп атап көр­сетті облыс әкімінің орынбасары.

Бүгінгі таңда өзімізде өндірілетін мұнай көлемінің шамамен 80 млн. тонна екендігіне қарамастан, Қазақ­с­тан мұнай өнімдері тапшылы­ғын сезіну­де. Ол қазіргі уақыт­та Пав­­­ло­дар зауы­тының 30 пайыз ғана жүктелуінен туындап отыр, Шымкент зауыты негізінен Құмкөл кен орнына жұмыс істейді. Бұл МӨЗ-дер әуелде Батыс Сібір мұ­найына жұмыс істейтін болады деп болжанған болатын. Алайда, облыс әкімі орынбасары­ның сөзінше, қазіргі уақытта ресейлік мұ­най компанияларына мұнайды Қазақс­танға өңдеуге беру жүйесі тиім­сіз.

– Түрлі бағалаулар бойынша, жа­қын уақытта Ресей Федерациясында отын тапшылығы шамамен 2 миллион тоннаны құрайтын болады. Соны­мен қатар, мен жағдайдың бұ­дан да әрі тереңдей түсетіндігіне на­зар аударар едім. Ресей сыртқы істер министрлігінің нұсқауы бойынша, келесі жылдың 1 қаңтарынан (ресейлік компаниялардың үлгер­меуінен бұл мерзім келесі жылдың жазына ауыстырылды) бастап Ре­сей аймағында ресми түрде бар­лық төмен өнімдерге тыйым са­лы­­на­тын болады. «Еуро 5» оты­нына өту де жоспарлануда. Бұл біз үшін нені білдірмек? Ол біздің тұ­ты­ну­шыларымыз үшін бензин жетіспеушілігі мен оның құнының өсуін білдіреді, – деп нақтылады ойын Рахымбек Әміржанов.

Қазақстанда отын жетіспеуші­лі­гінің басты себептерінің бірі мұнай кен орындары мен МӨЗ-дердің бір-бірінен алыс орналасқанына байланысты болып отыр.

– Екі цехы соғыс кезінде Бакуден көшіріліп әкелінген Атырау МӨЗ-дің технологиялық жағынан жоғары маркалы өнімдер шығаруға мүмкіндігі жоқ. Және осыған дейін ол негізінен маң­ғыстаулық мұнайға жұмыс істеді. Мұнай өнімдерін сатудың негізгі нарықтары – бұл тұрғындары тығыз орналасқан еліміздің оңтүстігі және негізгі ауылшаруашылық өндірістері орналасқан Қазақстанның солтүстігі, – деп атап өтті облыс басшысының орын­басары.

Таяу уақыттарда облыс жобаның техникалық-экономикалық негізде­месін жүзеге асыруды бастау­ға дайын. Сонымен қатар, оны жүзеге асыру үшін мемлекеттік қаржылар тартылмайды. Ол о бастан инвестициялық жо­­ба ретінде қарастырылған.

– Егер қазақстандық компанияларда қаржылар мен қызығушылықтар болса, біз оларды шектемейміз. Бірақ мұнда тікелей шетелдік инвестицияларды тарту жоспарланып отырғаны белгілі. Біз өзіміздің бюджеттік қар­жы­ларымызды үнемдеп отырмыз. Барлық тәуекелдерді өз мойнына ин­весторлар алады. Бірақ, ең бастысы, кәсіпорын Қазақстан жерінде – Маң­ғыстау облысында орналасады, біздің мұнайымыз қара­пайым шикізат ретінде сатылмайды, осында өндірілетін болады. Осының есебінен біз облысымыз үшін қосымша құн, қосымша салықтар мен жұмыс орын­дарының айтарлықтай өсуін жос­парлап жатырмыз. Сонымен қатар, біздің республикамыз үшін отын мен мұнай өнімдерінің біршама жетіс­пеушілігі мәселесін де шешеміз, – деп нақтылады ойын Рахымбек Әмір­­жанов.

Қытай тарапы осы жылдың басында, Энергетика министрлігінің хатына сай, зауыт қуаттылығын 6 мил­лион тоннаға тең деп болжам­даған, ал құнын 5 миллиард дол­ларға баға­лаған. Ал Иран тарапы одан да ірі зауыт құрылысының мүмкіндігін қарастырып жатыр. Соған сәйкес, инвестиция­лар құны да артады. Сонымен қатар, қытайлық компаниялар «Еуро 5» және «Еуро 6» жоғары мұнай өнімдерін өндіру үшін, мүлдем жаңа құрал-жабдықтар әкелуге дайын.

– Сонымен қатар, облыста осы жо­баны жүзеге асыру «Қазақстан темір жолы» АҚ жүзеге асырған басқа бір мемлекеттік жобаның тиімділігін жоғарылатуға мүмкіндік береді – бұл шығыстан еліміздің батысына негізгі жүк ағымын қарас­тыратын Жезқазған-Бейнеу теміржол магистралі. Ал кері қарай батыс­тан мұнай өнімдері Астана немесе Алматы бағытында тасымалда­нуы мүмкін. Осыған сәй­кес, біз осы теміржол бойындағы жүк­тің ай­­на­­лымын көтереміз – бұл мем­лекеттік қаржыға жүзеге асы­рылған жобаның тиімділігін арт­тыруға мүмкіндік береді, – дейді Р.Әміржанов.

Жобаға Әзербайжан Республика­сы да қызығушылық білдіріп отыр. Өйт­кені, бұл елде де жоғары мұ­най өнімдерінің жетіспеушілігі бай­қа­лады. Әзербайжан да Иран секілді своп операциясын жүзеге асыруды ұсынып отыр. Ондай жағдайда біздің мұнайшылар МӨЗ-ге қазақстандық мұнайды бере алады, ал Әзербай­жан оның орнына Жерорта теңізіндегі Жей­хан порты арқылы өзінің ши­кі мұнайын беруге дайын. Бұл қа­зақ­с­­­тандық мұнайшыларға әлем на­рық­тарына өз мұнайын сату үшін кө­лік­тік бағыттарды әртараптандыру мүмкіндігін береді.

– Бұл жобаның терең тарихи бас­тауы бар екенін атап кеткім ке­леді. КСРО Министрлер кеңесінің қаулысымен 1989 жылы Маңғыстау облысы үшін МӨЗ құрылысы құжат­тарын әзірлеу ісі басталған, ТЭН жасалып және шамамен 35 миллион доллар қаржы игерілген. Бірақ экономикалық жағдайға байланыс­ты жоба тоқтап қалған еді. Іс жүзінде біз оны бүгінде қайта жандандырғымыз келеді. Кеңес өкіметі кезінде жобалау институттары үлкен жұмыстар жүр­гізіп, экономикалық мақсатқа сәй­кес­тігі негізделген-ді. Мәселен, біз­­де, ішін­­­ара, Бозашы түбегінде өнді­рілетін мұнай ауыр болып табылады. Ал оны алыс қашықтарға тасымалдау үлкен шығындар әкеледі. Сонымен қатар, құбыр жолдары компания­лары, мысалы, қаражанбастық болып табылатын ауыр созылмалы мұнаймен жұмыс істеуге мүдделі емес. Сондықтан өз кезінде осы МӨЗ дәл Бозашы мұнайын өндіру үшін жоспарланған, – дейді әкімнің орынбасары.

Егер Маңғыстау өз мұнайын қайта өңдеуді бастаса, онда мұнай­шылар тоннасына шамамен 40 доллар пайда таба алады. Сондықтан жоба сонымен қатар, біздің қазақ­стандық мұнай компанияларына мұнай өндірудің рентабельділігін жоғарылату жағы­нан да пайдалы болмақ.

– Осы жобаны жүзеге асы­­ру­да­ғы қытайлық та, ирандық та та­­рап­­­­тар­дың ықыласы негізінен әлеуметтік-саяси себептерге байланысты болып отыр. Бұл орайда Иран Ислам Рес­публикасы үшін өз елінің ішіндегі тапшылықты 40 пайызға жабу міндеті тұрса, осындай міндет біздің алдымызда да тұр – біз мұнай өнімдері на­рығын тұрақтандырып, халықтың оған қисынды баға бойынша қол жет­кізуін қамтамасыз етуіміз керек. ҚХР мүддесі шикі мұнайды Қы­тайдың өз нарығына тұрақты және кепілді жеткізуді қамтамасыз етуде болып табылады. Сондықтан жоба экономикалық жағынан мақсатқа сай, – дейді Ра­қым­бек Әміржанов.

Болашақ МӨЗ-ді салу орны туралы мәселе әзірге ашық күйінде тұр, ол ТЭН аясында қаралмақ. Әзірге оның кен орындары мен порттарға жақын болуы қарастырылып отыр, өйткені мұнай өнімдерінің негізгі көлемі экспортқа кетеді.

Мереке ТАҢАТАРОВ.

http://egemen.kz/