АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

 Өз елімізде өзбекше оқып жүр

Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында 120 қазақ баласы өзбек мектебінде оқып жүр. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысы тілдерді дамыту басқармасының бастығы Балқия Көмекбаева хабарлады.

Оның айтуынша, өзбек мектебінен қазақ сыныптарын ашуға болады. Тіпті мектеп салудың қажеті жоқ. Тек өзбек мектептерінің ішінен қазақ сыныптарын ашса болғаны. Ал Сайрам ауданының әкімдігінің өкілдері бес-алты балаға бола қазақ сыныптарын ашудың қажеті жоқ деген ойда екен. Себебі олар облыс­тық тіл басқармасы бастығының айтып отырған 120 баланың қазақ екендігіне күмән келтіріп отыр.

– Бұлардың ішінде біраз ата-ана өздерінің балаларын өзбек ұлты бола тұра, «қазақ» деп жаздырғандар. Соны­мен бірге қос ұлтты отбасыдан шыққан балалар да бар. Содан кейін есептеп көрдік, бір сыныпта 3-ақ бала оқып жа­тыр, – дейді Сайрам ауданы әкімдігінің өкілі.

Ал тілдерді дамыту басқармасының бастығы Б.Көмекбаева мұнымен келіс­пейді. Өйткені бүгінгі таңда облыста 14 мыңнан аса өзбек ұлтының балалары қазақша білім алып жатыр. Оның ойынша, қазақ сыныптары ашылса, онда оқуға ниет білдіретін өзге ұлттың өкілдері көп.

 

 

Гүлбаршын САБАЕВА

Айкын газетiнен алынды