Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапар аясында Ташкентте Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримовпен кездесті. Мемлекет басшылары ауқымды келіссөздер жүргізу барысында бұрын қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру жайын талқылады.
Тарихқа көз жүгіртсек, өзбек ағайынмен ынтымақтастықтың негізінде 1998 жылы қабылданған «Мәңгілік достық туралы келісім-шарт» жатыр. Енді серіктестікке тың серпін қажет. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық әріптестік туралы шарт екі ел арасындағы Мәңгі достық және экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге қатысты құжат болып есептеледі.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев сапар аясында өңірдегі тыныштық пен қауіпсіздік, екі мемлекеттің одан әрі өзара ықпалдастығы мен ортақ ұстанымына байланысты бірқатар мәселелерді атап көрсетті.
– Қазақстан мен Өзбекстан – өңіріміздегі бейбітшілікті, қауіпсіздікті, сауда мен әл-ауқаттың артуын қамтамасыз ететін негізгі мемлекеттер. Біз ортақ жауапкершілікті терең сезіне отырып, жағдайға келіссөздер жолымен ықпал етуге ұмтыламыз. Өңірде су ресурстары, энергетика, азық-түлік жөнінде бірқатар мәселелер бар, халықаралық тәжірибедегідей, біз оны басқа мемлекеттердің араласуынсыз өзіміз шешуге тиіспіз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Өз кезегінде Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Орталық Азия өңіріндегі және әлемдегі жедел өзгеріске түсіп жатқан жағдайлар жөніндегі ортақ ұстанымды әзірлеу қажеттілігі осы шартқа қол қоюға ықпал еткенін атап өтті. Сонымен қатар Өзбекстан басшысы әлемде бұрынғысынша болжап білмейтін дағдарыстық үдерістер байқалып отырғанына қарамастан, екі ел арасындағы тауар айналымының өскенін айтты. Нақты айтқанда, 2012 жылғы тауар айналымы 9,6 пайызға өсіп, 2 миллиард 700 миллион долларды құрап отыр. Шыны керек, бұл екі ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстардың едәуір жақсара түскенін айғақтайды.
Бұл орайда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің маңызды әріптеске айналып отырғанына, тауар айналымының 30 пайызға өскеніне, сондай-ақ инвестициялық белсенділікті арттыру қажеттігіне тоқталды. Жалпы алғанда, Өзбекстанның өз транзиттік әлеуетін дамыту жөнінде белсенді шаралар қабылдағаны Қазақстан үшін де маңызды. Бұл мәселе Елбасы назарынан тыс қалмады. Атап айтқанда, Алматы-Ташкент бағыты бойынша жаңа жолаушылар пойызы мен әуе қатынасын дамыту мәселелері, екі елдің Арал теңізін құтқару ісіне белсене атсалысатындығы қозғалды.
Сонымен қатар Қазақстан Президенті мәдени-гуманитарлық серіктестікті тереңдетуге назар аударды, оны одан әрі нығайту үшін 2013-2015 жылдарға арналған мәдениет саласындағы ынтымақтастық бағдарламасына қол қойылды.
Екі ел арасындағы бауырмалдастықтың тағы бір белгісі ретінде Ташкент қаласында Қазақстан елшілігінің жаңа ғимараты мен оның алдында Абай ескерткішінің ашылуын айтуға болады. Ескерткіштің ашылу салтанатында Ислам Каримов өзінің ойланып, толғанған тұстарында ұлы ойшылдың қара сөздерін бір шолып шығатынын мақтанышпен айтты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Абайдың тек қазақ халқының ұлы ақыны ғана емес, күллі түркі әлемі рухани дүниетанымын жаңғыртуға үлес қосқан тарихи тұлға екенін баса айтты.
Қазақстан Президенті жиналған қауымды Абай ескерткіші мен Қазақстан Елшілігінің жаңа ғимараты ашылуымен құттықтап, бұл оқиға екі мемлекеттің достық пен бауырластықты нығайтуға деген ұмтылысын білдіретінін атап өтті. Өз кезегінде Өзбекстан Президенті И.Каримов екі бауырлас халықтың достығының беріктігіне сенімін білдіріп, Абай ескерткіші мен Қазақстан Елшілігінің жаңа ғимаратының ашылуы Өзбекстан астанасына жаңа көрік беріп тұрғанын айтты. Өзбекстан басшысы Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауымен Әлішер Науаи ескерткіші орнатылатынына сенім білдірді.
Елшіліктің жаңа ғимаратының және Абай ескерткішінің ашылу рәсімінен кейін екі мемлекеттің көшбасшылары «Шейхантахур» кешенінде болып, Шейх Хавенди Тахурдың және қазақтың данагөй абызы Төле би кесенелерін аралап көрді.
Сөз соңында Мемлекет басшысы өзінің Өзбекстанға сапары қазақ-өзбек қарым-қатынастарын нығайтуға ықпал етіп, оны сапалы жаңа деңгейге шығаратыны жөніндегі пікірін білдірді. Өзбекстан Республикасының Президенті И.Каримов Нұрсұлтан Назарбаевқа ресми сапармен келу туралы шақыруын қабылдағаны үшін алғысын айтып, бұл сапар екі ел арасындағы қарым-қатынастарды тереңдету үшін стратегиялық мәнге ие екенін атап өтті.
Ақбота ИСЛӘМБЕК