АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Өзбекке телінген қазақ батыры

Безымянный(29)Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Омарқұлұлы Рақымов.
Ол – Ұлы Отан соғысының даңқты батыры, Қазақстан мен Орталық Азиядан шыққан тұңғыш генерал Сабыр Омарқұлұлы Рақымов (1902-1945). Ұзақ жылдар бойы өзбек халқы оны өзінің ұлттық батыры, өзбектен шыққан тұңғыш генерал деп құрметтеп келді. Есімін өз тілдеріне бейімдеп Собир Рахимов деп жазды. Батырға арнап елінде ескерткіштер орнатты, есімін Ташкенттегі метро станциясына, аудандарға, көшелерге, мектептерге берді. 1949 жылы өзбек жазушысы Камиль Яшен «Генерал Рахимов» пьесасын жазды, 1967 жылы «Өзбекфильм» киностудиясы  «Генерал Рахимов» атты көркем фильм түсірді. Бірақ 2010 жылдан бастап Өзбекстанда С.Рақымовқа деген құрмет «өзгере» бастады. Ташкенттегі 1981 жылы орнатылған ескерткіші орнынан алынды, қаладағы оның есімімен аталатын аудан «Олмазор» деп ауыстырылды. Басқа қалаларында да батыр генералға жасалған құрметтер тоқтатылып  өзбек халқының жадынан өшіруге бет алынған сияқты.

Өзбек деректеріне қарағанда мұның бірқатар себептері бар. Біріншіден, Өзбек мемлекеті социализм кезеңіндегі құндылықтарға деген көзқарастарын қайта қарауда. Ел президенті Ислам Каримовтың «Кеңес кезеңіндегі көнерген дүниелерді жаңарған өзбекстандық жауһарлармен алмастыру керек» деген жарлығы бар. Соған сәйкес өзбек билігінің Ұлы Отан соғысының тарихи маңызына, сипатына деген ресми көзқарастары да өзгеруде. Бұл өзбек ұлтының мүддесі үшін жүргізілген соғыс емес деп, 9 мамырды –Жеңіс мейрамы емес, соғыста шейіт болғандарды еске алу, қаралы күн ретінде атап өтуде. Осыған орай екінші дүние жүзілік соғыстың батырлары да енді өзбек елін қорғағандар емес деген сыңай байқалады.

Екіншіден, С.Рақымов 1925-1927 жылдары Орталық Азияда басмашыларға қарсы соғыс қимылдарына қатысып ерлік көрсеткен, жауынгерлік орденмен марапатталған азамат. Кеңестік заманда еңбекші халықтың жаулары деген басмашыларды қазіргі Өзбекстан басшылығы Өзбекстанның тәуелсіздігі үшін күрескерлер ретінде бағалауда.

Ал бұл мәселеге байыптай қарасақ, Өзбекстан тарихындағы тарихи тұлғалар, батырлар, атақты адамдарды мадақтауда өзбек ұлтынан шыққандарға  басымдық берілетіні байқалады.

С.Рақымов өмірдерегін 70-ші жылдары Шымкент педагогика институтында ұстаздық  еткен, филология ғылымдарының кандидаты Әсілхан Оспанұлы, Л.Юсупов, 90-шы жылдары Е.Дүйсебеков, танымал журналист, қоғам қайраткері Әкім Ысқақ зерттеп С.Рақымовтың өзбекстандық қазақ екенін дәлелдеген. С.Рақымовтың қазақтығы қазақ баспасөзінде біраз жылдардан бері көтеріліп келгенімен еліміздің ресми билігі оны кейінгі жылдары ғана мойындай бастады. Алматыға келіп дүниеден өткен С.Рақымовтың жары Құралай Натуллаева (Сабырова) өмірден озғанша жұбайының қазақ екенін «Сабыр-Ұлы жүздің баласы, Суанның ішіндегі руы Қанбағыс, Мәмбетбек датқаның немересі» деп айтумен өтті. Сабыр өзімен бірге майданда болған жұбайы Құралайға «Менің арманым-қазақ болып өлу» деп үнемі айтып жүреді екен. Құралай апамыз жұбайын қайта қазақ қылу үшін 50 жылдай ізденіп, Сабыр оқыған әскери училищенің, туған жері Қазығұрттың мұрағаттарынан «Сабыр Омарқұлұлы», ұлты «қазақ», деген құжаттар тапқан. 1996 жылы халықаралық сотқа шағымданып, ерінің аманатын 50 жылдан кейін орындап 2006 жылы өмірден озады. Құралай Натуллаева (Сабырова) соғыс кезінде әскери дәрігер болған және Әліби Жангелдиннің туған қызы болып келеді (Ә.Жангелдин бірнеше рет жанұя құрған көрінеді). С.Рақымов та екі рет үйленіпті. Алғашқы әйелі татар қызы Макира (оны жұрт Әмина деп атаған). Екінші әйелі Құалайдан көрген ұлы Рахметолла (Роман) Мәскеуде тұрады, ал қызы Дариға (Дарико) танымал кеңестк генерал Батовтың келіні, қазір Кемерово облысына қоныс тепкен. Әскери мектепке генералдың есімін алуға байланысты Ұлықпан Бәшенов Құралай Натуллаевамен бірнеше рет кездескен және осы деректерді оған генералдың жесірі айтқан.

Батыр генералға қазақтардың «ортақтасуы» өзбектерге ұнамасы анық. Кезінде Б.Момышұлы С.Рақымовтың жесірін Ташкенттен Алматыға бірнеше рет көшіріп әкелген екен, бірақ өзбектер қайыра алып кетіп отырған.

Майданға бірнеше рет концертпен барғанда генералмен кездескен әнші Роза Бағланова да С.Рақымовты  ұлты  қазақ  деп  өтті.

Сабыр Рақымовтың құрметіне Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында көшелер, туған жері Қазығұртта ауыл аты берілді. 2003 жылы Шымкенттегі республикалық әскери мектеп-интернатқа оның есімі беріліп ескерткіші орнатылады. Жалпы оңтүстік өңірдің халқы бұл генералдың қазақ екенін ертеден жадынан шығармағанын айтқан жөн.

С.Рақымовтың өмірбаянын зерттеген, Шымкенттегі республикалық әскери мектеп-интернаттың бастығы Ұлықпан Бәшеновтың деректеріне қарағанда, бұл қазақ азаматы, Оңтүстік Қазақстанның Қазығұрт тауының етегіндегі «Көкібел» елді мекенінде 1902 жылы 25 қаңтарда дүниеге келген. Әкесі Омарқұл деген қазақ, ал шешесі Бақарайым өзбек қызы болған. Омарқұл ерте қайтыс болған соң өзбек әйелі 1909 жылы Сабырды ертіп Ташкент қаласы маңындағы «Тақтапұлда» тұратын әкесінің қолына көшіп барады. Көп ұзамай шешесінен айрылған жиенін нағашы атасы ұлтын өзбек етіп, Рахимов деп өз атына жаздырып Ташкенттегі балалар үйіне тапсырады. Сабыр жастайынан осылай қиындық көріп өседі, Ержеткен соң Сабыр Қызыл Армия қатарына шақырылып, 1922 жылы Баку қаласындағы әскери мектепте білім алады. Түркістан әскери округында әскери қызметте болып басмашыларға қарсы ұрыс қимылдарына қатысып ерлік көрсетіп жауынгерлік Қызыл Ту орденімен марапатталады. 1930 жылы командирлердің білім жетілдіру курсында оқып, әртүрлі әскери округтарда қызмет атқарады. 1937 жылы байдың тұқымы деген жаламен түрмеге түсіп, 19 ай қамаудан кейін босатылады. Екі жылғы үзілістен соң 1940 жылы қайта әскерге алынып, Батыс әскери округына қызметке жіберіледі.

Ұлы Отан соғысына 1941 жылы маусымда майор шенінде, мотоатқыштар полкі командирінің орынбасары ретінде кіріседі. Белоруссия, Смоленск жеріндегі ауыр қорғаныс шайқастарына қатысып, жараланып 4-5 ай госпитальда емделеді. Емделіп шыққан соң 56-шы армияның 1149-шы атқыштар полкінің командирі болып ұрысқа қатысады. 1941-1942 жылдары Оңтүстік майданның құрамында Ростов, Таганрог үшін шайқастарға қатысады. 1942 жылдың басында екінші рет жараланып төрт ай емделеді. Госпитальдан шыққан соң полковник шенінде 56-шы армияның құрамындағы 395-шы атқыштар дивизияның командирінің орынбасары, кешікпей командирі етіп тағайындалып, 1942-1943 жылдары оңтүстік өңірдегі, Солтүстік Кавказдағы ұрыстарға қатысады. 1943 жылы көктемде С.Рақымовқа «генерал-майор» атағы беріліп, К.Е.Ворошилов атындағы Бас Штаб академиясына оқуға жіберіледі.

Оқуын аяқтаған соң 1944-1945 жылдары 37-шы гвардиялық дивизияның командирі ретінде Шығыс Пруссия, Польша жеріндегі ұрыстарға қатысып талантты командир ретінде көзге түседі. 1945 жылы 26 наурызда Польша жеріндегі шайқаста Сабыр Рақымов қаза табады. Өзбектер  мәйітін Ташкентке әкеліп Кафанов атындағы паркке жерлеп, кейін ескерткішін орнатады. 1965 жылы 6 мамырда КСРО билігінің шешімімен оған Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

С.Рақымов жауынгерлік ерліктері үшін Ленин орденімен, 4 мәрте жауынгерлік Қызыл Ту орденімен (бір ескеретін жәй, Ұлы Отан соғысына дейін мұндай орденмен 4 мәрте Кеңес елінің әйгілі қолбасшысы К.Блюхер ғана марапатталған болатын), 2-ші дәрежелі Суворов, 2-ші дәрежелі Кутузов орденімен, Қызыл Жұлдыз орденімен, бірнеше медальдармен марапатталған. Кеңес елінің маршалы А.Гречко қазақ генералының әскери талантын жоғары бағалаған. И.В.Сталиннің өзі Солтүстік Кавказды фашист басқыншыларынан азат етудегі ерлігі мен әскери шеберлігіне тәнті болып Рақымовты «темір тегеурінді генерал» деп бағалаған. 1966 жылы Польша мемлекеті жаңа жасалған кемеге С.Рақымов атын береді. Кеңес елінде бейнесі кескінделген почта конверті де шығарылады.

Қазақстанның ұлтжанды азаматтары С.Рақымовтың қазақ екенін дәлелдеп, оның есімін ұлтына қайтару бағытында 70 жылдары-ақ әрекет жасағанымен, ұлт зиялылары, ресми билік тарапынан қолдау таппаған. Оған дәлел, шымкенттік ғалым Әсілхан Оспанұлының Қазақ КСР Ғылым Академиясының  Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнография институтына Сабыр Рақымовтың қазақ екенін, оның есімін құрметтеу жөнінде жазған хатына келген жауап куә:

«№ 1/88 25 марта 1976 г. Доценту Чимкентского педагогического института, кандидату филологических наук Асилхану Оспанулы.

Уважаемый тов. Оспанулы!

На ваше письмо от 20 января 1976 года на имя Президента АН Казахской ССР сообщаем, что Герой Советского Союза, генерал Сабир Омарович Рахимов является, прежде всего сыном нашей Родины. Поэтому вопрос о его национальной принадлежности не может быть предметом специального разбирательства. Подвигом генерала С.Рахимова должны гордиться не только узбекский и казахские народы, но и одинаково все народы нашей многонациональной страны. Материалы о его жизни и деятельности, боевые подвиги на фронтах Великой Отечественной войны с фашистскими захватчиками служат и будут служит ярким примером беззаветной преданности социалистической Отчизне.

Что касается  Вашей просьбы  «дать указание соответствующим научным учреждениям» об использовании Ваших материалов о генерале С.О.Рахимове считается нецелесобразным, т.к. этот вопрос каждый автор решает самостоятельно.

С уважением зав. отделом истории Казахстана периода Великой Отечественной войны, доктор исторических наук Т.Б.Балакаев».

Бұл құжат, қазақтың тұңғыш генералын ұлтына қайтаруға сол кездегі қазақтың тарихшы ғалымдарының ешқайсысы әрекет жасамағандарын көрсетіп тұр. Мүмкін «ұлтшыл» атанудан қауіптенді ма екен?

60 жылдан астам ұлттық батыры ретінде әспеттеп келіп, енді өзбек ағайындар өзекке тепкен тұңғыш қазақ генералының туғанына 2012 жылы 110 жыл толады. Сондықтан ұлтының атын шығарған батыр қолбасшының мерейтойын ел көлемінде атап өтіп, келер ұрпаққа аманаттау бүгінгі күннің міндеті. Қоғам қайраткері, қаламгер Әкім Ысқақ «Қазақтан шыққан батырлар арасында тұңғыш болып генерал лауазымын иеленген адамды бүгінгі ұрпақ неге танымайды? Оны өзбектер өз ұлтына кіргізіп алғандықтан ба? Әлде қазақтардың немқұрайлығының кесірі ме?»-деп әлеуметке орынды сауал тастайды.

Сейітқали Дүйсенов

Толығырақ: http://alashainasy.kz/alashuni/ozbekke-telngen-kazak-batyiryi-67307/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі