Күні кеше қаба сақалды Солженицин, бүгінгі Ресейде саясат алаңында сайқымазақтың «рөлін» ойнап жүрген Жириновскийдің «қазақ жері орыстарға тиселі, солтүстік өңірді Ресейге қосу керек» деп айтқаны жай нәрсе екен.
Тіпті олардың сандырақтарына «ит үреді, керуен көшеді» деп қарап, онша елемеуге де болады. Өйткені олар ойындағасын айтқан тұста қазақ елі енді ғана тәуелсіздік алып, етек-жеңін қымтап жатқан кез еді. Ондай пікірді еліміз енді-енді бой түзеп, еңсесін көтере бастаған алғашқы кезде, қазақтың нанын жеп, суын ішіп келген, бойында шовинистік «рухы бұрқыраған» өзгелер де «қазақтар орыстарсыз мемлекет бола алмайды» деп мұқатып қалуға тырысқан.
Құдайға шүкір, кешегі Қазақстан мен бүгінгі Қазақстанды салыстыруға келмейді. Бүгінде, шекарасын бекіткен, шаңырағын тік көтерген, әлем таныған елге айналдық. Сөйтіп жүргенде «жер астынан жік шықты, екі құлағы тік шықты» демекші, «өзбек – өз ағам» деп еркелеп жүрген көршілеріміз осқырына қарады. Ойындағысын айтты. Көкейіндегісін білдірді. Сонда олар не дейді? «Егер Нұрсұлтан Назарбаевтың ойы (Түркияға барағанда Елбасы Түркі одағын құрсақ деген баяғы Тұрғыт Өзалдың бастамасын жаңғыртуға тырысқан) расымен де шынайы болса, онда ол бейбіт жолды таңдай отырып, қазақ халқын түркі халықтарының бірі саналатын өзбектермен, Қазақстанды түркі мемлекеті Өзбекстанмен біріктірсін. Сол арқылы ол оның бұрынғы беделін қалпына келтіруге үлесін қосар еді. Қазіргі Қазақстанның барлық аумағы қазақ тарихшыларының өздері дәлелдеген Қоқан хандығын айтпағанда, 1312 жылдан бері Өзбекстан деген атты иеленген бірінші өзбек мемлекетіне тиесілі екені анық».
Осылай деген Рүстемжон: «Қазақстан Өзбекстанға Каспий жағалауына шығатын жер бөліп беруі керек. Өзбектер ол жерге өздерінің жағалау құрылыстарын, сонымен бірге жүк және жолаушылар теңіз терминалдарын салады. Әгәрәки Қазақстан бұған келіспейтін болса, Өзбекстан әскери-саяси һәм экономикалық қысым жасау арқылы дегеніне жетеді» дейді. Осылай қорқытып-үркіткісі келеді. Бұлай деп мұқым өзбектің атынан гәпіріп отырған экономика ғылымдарының докторы, академик Рүстемжон Абдуллаев деген ака.
Бұл оның өз пікірі ме, әлде барша өзбектің көкейін тесіп жүрген ой ма, белгісіз. Не де болса, қазақ жеріне көз алартты. Кешегі дүниені дүркіретіп өткен түркі жұртының бір тармағы, бауырласымыз осылай деп жатқанда, ойдағы орыс, қырдағы қытай не демесін? Бұған қарсы уәж айтатын тарихшыларымыз ауыздарына су толтырып алғандай, үнсіз қалды. Әлде Рүстемжон аканың айтқаны дұрыс па? Өйткені үнсіздіктің өзі келісімнің белгісі емес пе? Тек саясаттанушылар ғана дүрлігісіп қалды. Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев: «керісінше, Өзбекстан мен Қырғызстан Қазақстанға қосылғаны жөн. Оның өзіндік себептері бар. Мәселен, біз көршілерімізде болып жатқан қиын жағдайды көріп отырмыз. Қырғызстан мемлекет болудан қалып барады. Әлсін-әлсін болып жатқан мемлекеттік төңкерістер, әртүрлі ұрандар көтерілген мәнсіз-мағынасыз шерулер, инвесторларға қарсы рэкеттік іс-әрекеттер, жаппай көшу – бұл елді әбден әлсіретті. Мұндай қиын жағдай Өзбекстанның да басында бар. Экономикада қол жеткізген азын-аулақ табыс болғанымен, елдің жалпы ішкі өнімінің белгілі бір бөлігі гастербайтерлер есебінен түзілуде. Ұлттық валюта құнсыз. Діни факторлар бой түзеп, экстремизм өркендеп барады…» дейді Әшімбаев. «Бұларға қарағанда, Қазақстан қуатты. Ішкі-сыртқы саясаты мығым. Экономикасы серпінді. Көп ұлттың өкілдері отырғанымен, ауызбіршілік бар, ынтымақта өмір сүруде. Демек, бұл екі ел құқықтарын сақтай отырып, автономия ретінде Қазақстанға өз еркімен қосылып жатса, жаман болмас еді-ау» деп уәж айтады Данияр ініміз.
Бұған да шүкір. Ендігі әңгімені тарихшылар айтуы тиіс. Өйткені жараны іріңдемей тұрып сылып тастамаса, бүкіл денеге жайылып кететіні бар. Бүгін бір өзбек осылай доң-айбат жасаса, ертең тағы бірі Оңтүстік Қазақстан ежелгі өзбек жері деп сайрап шықпасына кім кепіл? Өзбекстанда бүкіл БАҚ биліктің бақылауында екені белгілі. Билікке жақпайтын дүниені олар жібере қоймасы хақ. Аяқасты мұндай мақаланың шығуы тегін емес. Демек, өзбек билігі де академиктің айтқанын құп көргендей. Қазақтардың шамына тиіп, аңдысын аңдығысы келеді. Қазірдің өзінде академик Рүстемжонның мақаласы екі елдің саясаттанушылары арасына от тастады. Үрледі. Екі жақ ғаламтор желілері арқылы айтысты бастап жіберді. Мәселен, Данияр Әшімбаевтың пікіріне қарсы Бекзод Иботов деген біреу (өзбек) «Армандапсың…» деп айқайлатып ат қойып, қарсы пікір жариялады. «Ашамбаев или Ашинбаев… нуу не важно деп келген автор, «оның басында ми жоқ. Барына күмәндімін» дейді. «Қазақстанға держава болу қайда-а-а» дейді. Даяр мұнайды сатуды қазақ тұрмақ, жабайы араб тайпалары да біледі. Бұл дамудың жолы емес… Ресейдің ықпалындағы мемлекет… Ата-бабаң қой бағып жүргенде, өзбек жерінде ғылым өркендеп жатты… Сендерге салса, біздің ұлы аталарымыз Темірлан, Навои, Бируни, ибн Синаларды да қазақ деп атай салмақсыздар. Өзбекстан саны жағынан басым, армиясы күшті, тоғыз жолдың торабына орналасқан алып ел…» деп жазады әлгі пақырың.
Бұған қарсы дау айтып жатқандар да бар. Қалай десек те, Рүстемжон Абдуллаевтың сандырағы көрші отырған, бауырлас елдер арасына ши жүгірту, сына қағу деп ұққан жөн сияқты. Тіпті арандату деп қабылдасақ та артық емес. Қазақтар кезінде Өзбекстанға өтіп кеткен жерлерді (Мырзашөл және Бостандық ауданы) қайтарып алу турасында дау көтерсе, не болмақ? Тіпті Қарақалпақстан да кезінде қазаққа қарады. Кейіннен түрлі саяси қитұрқы әрекеттерден соң Өзбекстанға қарап кетті. Даулар болсақ бізде де дәлел-дәйек жеткілікті ғой. Бірақ өнбес дауды қуып қажеті бар ма? Рүстемжон «біз көппіз, армиямыз мақты» деп қорқытпақ болады. Ақиқатына келсек, бүгінде 30 миллионға тақап қалған өзбек халқының қаншасы қазақ, қаншасы тәжік, қаншасы қырғыз бен түрікпен екенін біле ме екен? Ертең әлдеқандай жағдай бола қалса, қазақ қазақпын деп, тәжік тәжікпін деп, қанына тартпай тұрмайды дейсің бе? Өзбек үшін өлем дейтіндер аз. Армия дейді. Армиясы кіммен соғысып шыңдалды екен? Ешкіммен. Құр даурығу. Керісінше, бүгінгі Қазақстан қарулы күштері сапасы жағынан да, атыс құралдары, техника жағынан да оқ бойы озық тұр. Біздің армияның техникасы да, атыс құралдары да жаңартылған. Орта Азияда (соның ішінде Өзбекстанда) жоқ зениттік-зымырандық С-300 кешендері де бар. Бұл – биіктігі 40, қашықтығы 200 шақырымнан ондаған нысанды бір уақытта атып түсіретін ғаламат зымырандық қару. Демек, Қазақстан аспаны тегіс қымтаулы деуге болады. Бұл – бір. Екіншіден, сыртта қаңғып, өзге елдің отымен кіріп, күлімен шығып жүргендер де сол өзбек пен қырғыз емес пе? Қысқасы, осыдан 15 жыл бұрын екі ел арасында Мәңгілік достық туралы келісімге қол қойылған болатын. Ал кешегі маусым айының ортасында қазақ басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Өзбекстанға жасаған кезекті ресми сапарында Стратегиялық әріптестік туралы келісімге мөр басылды. Яғни бұл келісім көрші жатқан бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынастың жаңа парағын ашқан болатын. Соны бәзбіреулер бұзғысы келетіндей. Екі ел арасында қалыптаса бастаған осындай дүрдараздықты үшінші бір күштер қоздырып, өз мақсаттарына пайдаланып кетуі де мүмкін. Сондықтан екі ел арасына ши жүгіртетін, ойы бұзық, пиғылы теріс айтқыштардан сақ болған жөн.
Ұлықбеков Сейсен