АЛТЫНОРДА
Новости

Өзгелердің өнегесі. Әзірбайжан латын әліпбиіне қалай көшті?

Астана. 05 ақпан. BAQ.KZ. Әзірбайжан он жылдың ішінде оң шешім шығарып, кириллицадан латын әліпбиіне көшті. Әзірбайжан елінің бұл бағыты әлеуметтік тұрғыда біраз қиындықтар әкеліп, елді қарсы қойып алуы мүмкін деген еді. Бірақ, олар жаңа әліпбиге тез үйреніп, латын алфавитін аз уақытта игеріп әкетті. Бұл – басқаларға үлгі боларлық бастама, әсіресе бүгінгі қазақ үшін.

2001 жылдың 1 тамызы Әзірбайжан елінің ұлттық әліпбиі күні болып белгіленді. Әзірбайжан тілінің дыбысталуы, акустикалық сипаты латын қарпіне салғанда жымдасып кеткендігін, дәл келетінін көпшілік мойындады. Әрі түркі тілдерінің тобына жататын әзірбайжан тілінің болашағы үшін кириллицадан гөрі латын қарпі пайдалы екендігін ерте ұқты. Оның үстіне кеңестік дертпен уланған халыққа өткенін ұмыту ең басты мәселе болатын. Ал, біз әлі күнге дейін «көшеміз бе, көшпейміз бе?» деген ойдың арасында жүрміз.
Әріп ауыстыру оңай деп кім айтты? Бірақ, қиын деп бас тартсаң кейін бармақ тістеуің де мүмкін. Міне, осы қиындықтарды жеңіп, Әзірбайжан басқа елдерге үлгі тастады. Мемлекеттік іс-қағаздар, жарнама, басылымдар мен маңдайшадағы жазулар, кітаптар мен құжаттардың қарпін өзгертуге тура келеді. Ресми статистикалар бойынша, сол кездері 124 басылым әзірбайжан тілінде жарық көреді. Олардың 10-ы күн сайын жарық көретін болған. Негізі, бұл елде 300 газет-журналдар тіркелген. Бірақ, оның көбі әртүрлі себептермен, мысалы қаржы жағдайына немесе мемлекет ұстанған саясатқа қарсы болғандықтан жұмысын тоқтатқан. Соның 12-сі орыс тілінде жарық көрсе, екеуі күн сайын басылып шығады екен.
Әзірбайжан латын қарпіне көшкенде әрбір үшінші адам газет беттеріндегі жаңалықты оқи алмаған, немесе түсінбей қойған. «525-ji» тәуелсіз газетінің бас редакторы Рашад Маджид мемлекет латын әліпбиіне ресми түрде көшпей жатып-ақ бастаманы қолға алған. «Басында газеттің таралымы мен сатылымы күрт төмендегенмен, уақыт өте жойылды» депті бір сөзінде. Сол секілді басқа да газеттердің редакторлары қаріп ауыстыру бастамасын қос қолдап қолдаса да, қиын сәттерде биліктің көмегіне мұқтаж болды. Жасы отыздан асқандардың дені кириллицадан латынға көшкеніне наразылық танытты. Ал, жастар жағы берілген жоқ. Әзірбайжан тілінде жарық көретін ақпараттар оқылусыз қалды. Халықтың дені орысша газет-журналдарды сатып алуы шығарған.
Көпшілік сырттай қарсы болғанмен, іштей қуанды. Бұрын қолданған латын қарпіне көшуі өткенін қайтарып алғанымен бірдей. Сондықтан, бұл бастама мемлекеттің бостандыққа қайта қол жеткізгендігі деп саналды. Әзірбайжан мемлекетінің кеңестік империядан іргесін бөлек салып, Еуропаға иек артуы латын қарпін қолдауына тура келді.

http://baq.kz/news/22870