Қазақстанның Халық суретшісі, Қазақстанға еңбегі сіңген өнер қайраткері Гүлфайруз Ысмайылова 84 жасқа қараған шағында бақи дүниеге аттанды. Мұхтар Әуезов өнерін ұштауға қуаттандырған, Бауыржан Момышұлы «қызым» деп еркелеткен қазақтың аяулы қызы Гүлфайруз Ысмайылова өмір бойы қазақ әйелінің сұлулығын сомдап өтті. «Ботагөз» фильмінде басты кейіпкердің рөлін, «Қыз Жібек» киносында Жібектің шешесінің рөлін сомдап, актерлық қырымен танылды.
Соңғы аталған фильмге қазақтың тұрмыс-салт, киім-кешек детальдарын көрсету үшін 1500 эскиз салуының өзі – суретшінің ерен еңбегінің көрінісі. Қазақтың Абай атындағы мемлекеттік академиялық Опера және балет театрында 16 жыл бас суретшілік қызмет атқара жүріп, «Алпамыс», «Ер Тарғын», «Ақан Сері – Ақтоқты», «Жұмбақ қыз», «Аида» операларының декорациясына үлкен еңбек сіңірді. Артына М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Қастеев, Д.Нұрпейісова, К.Байсейітова, Ш.Жиенқұлова, Р.Бағланова секілді қазақтың талай көрнекті тұлғаларының портреттері мен таңғажайып полотнолар қалдырды. «Халықтар достығы», «Құрмет», «Парасат», «Достық» ордендерінің кавалері, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері атанды. Қош болыңыз, қазақ қызының даңқын асырған сұлулық жаршысы!
«Айқындықтар»