Жексенбіде Парижде бір жарым миллионнан астам адам терактіден құрбан болған Charlie Hebdo журналының журналистерін еске алу маршына шықты. Маршқа қатысқандар арасында әлем елдерінің 40-қа жуық басшылары бар.
Акцияға үш радикалды исламшыл жасаған шабуылдардан қаза тапқан 17 адамның туыстары да қатысты.
Маршқа жиналғандар акцияны әуелі бір-бірінің қолынан ұстаудан бастады. Маршта Франция президенті Франсуа Олланд, Германия канцлері Ангела Меркель, Ұлыбритания премьер-министрі Дэвид Кэмерон, Италия премьер-министрі Маттео Ренци, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху, Палестина басшысы Махмуд Аббас, Иордания королі, Түркия премьер-министрі, Еуропа Одағы басшылығының өкілдері мен басқа да саясаткерлер болды.
Еске алу шеруінде қоғамдық тәртіпті сақтауға мыңдаған полицей мен әскерилер жұмылдырылды.
Франция ішкі істер министрлігінің есептеуінше, қаңтардың 11-і күні ел бойынша өткен экстремизмге қарсы акцияларға шамамен 3 миллион 700 мыңнан астам адам қатысқан.
Жексенбіде Париждегі теракті құрбандарын еске алу акциялары әлемнің бірнеше елінде — Лондонда, Мадридте, Каирде, Сиднейде, Токиода да өтті.
Еуропа елдерінде өткен акцияларға ондаған мың адам қатысты. Акцияға қатысқандар Франция әнұраны — Марсельезаны айтты. Кейбіреулер Charlie Hebdo журналының қаза тапқан карикатурашыларын еске алып қолдарына қарындаш ұстап шықты.
Брюссельде өткен акцияға шамамен 20 мыңға тарта адам қатысты. Жиналғандар қолдарына «Біз өшпенділікке бірге қарсы тұрамыз» және «Сөз бостандығы» деген сөздер жазылған плакаттар ұстап шықты.
Берлиндегі акцияға жиналғандар саны 9 мыңға, ал Стокгольмдегі акцияға қатысушылар саны 3 мыңға жуықтады.
Мадридте негізгі шеруден өзге мұсылмандар ұйымдастырған акция да болды. 2004 жылы Испания тарихындағы ең қанды терактілер болған Atocha теміржол станциясындағы акцияда жүздеген мұсылмандар ислам атынан жасалып жатқан зорлық-зомбылықты айыптайтындарын мәлімдеді.
http://www.azattyq.org/archive/news/20150112/330/330.html?id=26788261