АЛТЫНОРДА
Новости

Парижде мигрант депортациясына қарсылық танытты

гггПарижде 17 қазанда мектептегі жоғары сыныптардың мыңдаған оқушылары мен студенттер мигрант отбасының елден шығарылуына қарсылық танытып, көшеге шықты.

Наразылық шеруі 15 жастағы қыз Леонардо Дибранидің Косовоға депортациялануынан соң басталды. Жасөспірімді мектептен шығып бара жатқанда сыныптастарының көзінше ұстап әкеткен. Ресми орындардың мәлімдеуінше, билік этникалық сыған Дибранидің отбасына саяси баспана беруден бас тартқандықтан олардың Франция территориясында бұдан былай қалуына құқығы жоқ.

Дибранидің отбасы Францияға 2009 жылы заңсыз барғаны хабарланған. Содан бері олардың өздерін депортациялау туралы сот шешіміне берген бір де бір шағымы қанағаттандырылмады.

Заңсыз миграцияны шектеуге тырысатын Францияда мұндай депортациялар жиі болып тұрады. Бірақ оқушылар мен студенттер балалардың депортациялануын заңсыз деп атап, сыған қызы мен оның отбасын қайтаруды талап етеді.

Франция премьер-министрі Жан-Марк Айро Леонардоның құқығы бұзылғаны анықталса, оның отбасына Францияға қайтып келуге рұқсат етілетінін айтты.

 

http://www.azattyq.org/