АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Петр Своиктің көксегені не екен?

Жақында ғана Петр Своик «Матрица.kz» сайтында жарияланған «R-студиясына» берген сұхбатында мемлекеттік тілге байланысты шамдана айтыпты.
Ол алдымен, алғаш «Тіл туралы» Заңның қабылданғанына жиырма бес жылға жуық уақыт өтсе де, мемлекет, Үкімет мүшелері, шенеуніктер, депуттардың барлығы дерлік орыс тілінде сөйлейтінін, күллі заң қабылдау үдерістері орыс тілінде жүріп жатқанын алға тарта келе: «Сонда мен не үшін мемлекеттік тілді білуім керек?» дейді.

Мұнысымен қоймай, елімізде мемлекеттік тілді үйренуге жағдай жасалып отырған жоқ деп бір қайырды. Әрі қарай Қазақстан Республикасы Конституциясының 93-бабында жазылған: «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкiмет, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттiк тiлдi еркiн әрi тегiн меңгеруi үшiн қажеттi ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағ­дайдың бәрiн жасауға мiндеттi» деген баптың іс жүзінде орындалмай отырғанын, осылайша мемлекет өзінің міндетін «Қазақстан Республикасындағы Тiл туралы» Заңының 4-бабында жазылған «…Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп жазу арқылы жауапкершілікті азаматтарға ысырғысы келетінін дәлелдеп бақты. Петр Своиктің мұнысы енді «суға кеткен тал қармайдының» кері. Өзінің қазақ тілін білмейтінін осындай жолмен ақтап алғысы келгендей.
Қазіргі таңда әлемде дәл Қазақстан мемлекетіндей өз мемлекеттік тілін үйретуге жағдай жасап отырған мемлекеттер жоқтың қасы. Сонда мемлекеттік мекемелерде бюджет есебінен қомақты қаржы бөлініп, ашылған «Мемлекеттік тілді үйрету курстарының», «Тіл оқыту орталықтарының» бар екенін П.Своик қалайша білмей қалды деген заңды сұрақ туындайды. «Көрмес, түйені де көрмес» демекші, мемлекеттік тілдің жағдайы 1989 жылдармен салыстырғанда көш ілгері екенін жетістікті мойындағысы келмейтіндер ғана айтып жүр.
Елбасы жақында ғана Қазақстан халқына арнаған Жолдауында былай деді: «Қазақ тілі бүгінде ғылым мен білімнің, интернеттің тіліне айналды. Қазақ тілінде білім алатындардың саны жыл өткен сайын көбейіп келеді. Еліміз бойынша мемлекеттік тілді оқытатын 57 орталық жұмыс істейді. Олардан мыңдаған азаматтар қазақ тілін үйреніп шықты, әлі де үйренуде. Былтырғыға қарағанда, биыл қазақ тілін білемін деген өзге ұлт өкілдерінің саны 10 пайызға өскен. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Тек соңғы 3 жылда мемлекеттік тілді дамытуға рес­публика бойынша 10 миллиард теңге бөлінді. Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар. Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болды! Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн».
Бүгінде кейбір орыстілді басылымдар мем­лекеттік тілді пікір таластыратын оңтайлы тақырыпқа айналдырып алған­дай. Мәселен, олар Петр Своиктің қазақ тілі туралы ойының қандай екенін біле тұра, одан мемлекеттік тіл туралы көзқарасын сұраудан жалығар емес. Мұндай пікірлердің жөнсіз екенін есті жұрт біледі. Бұл мемлекеттік тілді үйренуге ықыластары кемдердің өздерін қорғау үшін жасап алған саяси құралдары. Олар бара-бара қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде толық үстемдікке ие болып, орыс тілі шетте қалып қоя ма деп жанталасуда. Мақсаттары осы жолда өлермендікпен жанын сала қызмет етіп, әр басылымдарға сұхбат беру арқылы қоғамдық пікірді қоздата беру. Осындай кезде, шіркін, заңдарымыз бірыңғай қазақ тілінде жазылып, халық қалаулылары, министрлер мен шенеуніктер тек мемлекеттік тілде ғана сөйлесетін болса, Петр Своиктер бүйтіп тайраңдамас еді ғой дейсің. Қайтейік, өз тілі бола тұра, өзгенің тіліне жармасып, айырылмай келе жатқан депутаттарға, министрлер мен шенеуніктерге бұдан кейін айтар сөз де жоқ. Әйтпесе, солардың намыстан өртенетін кездері болды ғой.

Дәуіржан Төлебаев

http://anatili.kz/