АЛТЫНОРДА
Новости

Польшада қазақ әйел президент сайлауына түспек

Польша президент сайлауына кандидат Балли Мажец. Варшава, 16 наурыз 2015 жыл.Польшада президент сайлауына түсуге өтініш беру мерзімі аяқталды. Кандидат болуға өтініш түсіргендер арасында Қазақстанда туған қазақ әйел Балли Мажец те бар.

Балли Мажец (қыз кезіндегі аты-жөні – Балжан Наурызбаева) – Польшаның президент сайлауы тарихындағы жалғыз қазақ әрі мұсылман әйел. Ол сайлау науқанында бұл жайтты айрықша атап көрсетпек.

Бірақ Азаттық тілшісімен әңгімелескен Балли Мажец сайлау науқанында мұсылман азшылығынан үлкен қолдау күтпейтінін айтты. Оның айтуынша, Польша мұсылмандарының негізгі дені — бірнеше ғасырлық тарихы бар Польша татарлары және Польшаны көбінесе Батыс елдеріне қоныс аудару үшін «транзиттік өткел» ретінде пайдаланатын оңтүстік елдердің мұсылман босқындары.

Балли Мажец «Мұсылмандығыма назар аудартудағы мақсатым — Польша қоғамын «егер президент болсам, саны бір миллиард адамнан асатын мұсылман әлемі мұны жақсы қабылдар еді» деген ойға жетелеу» дейді. Ол «Польша өзін толерантты және әр текті халықтан тұратын ел ретінде танытып, Польша билігінің сыртқы беделі жақсара түсер еді» деп санайды.

 — Бірақ мен мұсылмандықты қатаң ұстайтын адам емеспін, — дейді Балли Мажец.

Балли Мажецтің Польша президент сайлауына неліктен кендидатурасын ұсынғанын түсіндіріп отырған видеоүндеуінен алынған скриншот.Балли Мажецтің Польша президент сайлауына неліктен кендидатурасын ұсынғанын түсіндіріп отырған видеоүндеуінен алынған скриншот.

Балли Мажецтің күйеуі — католик дініндегі поляк. Екі ұлы да — католик. Ол «мұсылман немесе католиктердің, қазақ немесе поляктардың ғана емес, бүкіл Польша халқының президенті болғым келеді, ал азаматтардың діни көзқарасына араласпас едім» дейді.

Балли Мажец «этникалық факторға назар аударудағы мақсатым — Польшада тұратын санаулы этникалық қазақтар мен қазақстандықтардың қолдауына ие болуды көздегеннен емес, постсоветтік елден шыққан адам ретінде көрші Ресей мен Батыс елдері арасында дәнекер бола алатынымды білдіру» дейді.

ЖЕРЛЕСТЕРМЕН ҚАРЫМ-ҚАТЫНАСЫ

12 жылдан бері өзін «Польшадағы қазақ қауымы» қоғамдық ұйымы басшысы ретінде санайтын Балли Мажецтің Еуропада тұратын қазақстандық жерлестерімен арақатынасы соңғы жылдары жараспағаны байқалады. Біраз жыл бұрын Балли Мажец өзін қазақ саяси эмиграциясы белсендісі ретінде де танытқан. Ол сегіз жыл бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Словакияға ресми сапарына наразылық акциясын ұйымдастырғаны үшін ұсталған. Кейін Словакияның ішкі істер министрі одан ресми түрде кешірім сұраған. Ол өзіне Қазақстанға виза беруден бас тартқан Польшадағы Қазақстан елшілігімен де біраз уақыт дауласқан еді.

Соңғы жылдары Мажец әлеуметтік желілерде кейбір қазақстандық саяси эмигранттарды қатты сынап жүр. Мысалы, ол оппозициялық саясаткер әрі бұрынғы банкир Мұхтар Әблязовті сынайды.

 — Мен Мұхтар Әблязов мырзаны ешқашан қолдаған емеспін. Өйткені дені дұрыс оппозиция қазақстандықтардың игілігі үшін күресуі тиіс деп санаймын. Мейлі билік басындағылар болсын, мейлі өздерін оппозиция ретінде көрсеткісі келетіндер болсын, ешкім Қазақстанды тонамауы керек, — дейді Балли Мажец.

Азаттық тілшісі Балли Мажецтен Әблязовтің қазір Польшада тұратын Мұратбек Кетебаев, Игорь Винявский сияқты қазақстандық жақтастарына қатысты позициясын сұрады.

Балли Мажецтің айтуынша, олар өздерін демократиялық оппозиция ретінде көрсеткісі келгенімен, мүлде олай емес. Өйткені олар Әблязовтің ақшасына күн көріп жүр әрі оны сол ақшаның көмегімен қолдайды.

Азаттық тілшісі Мұхтар Әблязовтің жақын серіктерінің бірі Мұратбек Кетебаевпен хабарласа алмады. Ал Игорь Винявский Facebook желісінде «Уақытымды зая кетіріп, Балли Мажец туралы ештеңе айтқым келмейді» деп қысқаша жауап жазды.

Жезқазғандағы журналист әрі азаматтық белсенді Берік Жағыпаров.Жезқазғандағы журналист әрі азаматтық белсенді Берік Жағыпаров.

Ал Қазақстан белсенділері арасындаБалли Мажецтің сайлау науқанын қолдайтындар бар. Мысалы, «Молодежная газета» басылымының бас редакторы Берік Жағыпаров, «Заман жарғысы» қоғамдық бірлестігі төрайымы Әсем Асанханова, «Жезқазған өңірінің шағын және орта бизнес кәсіпкерлері одағы» төрағасы Болат Балапанов және «Байқоңыр қозғалысы» төрағасы Серікбол Дүйсембеков оған «Отандасымызды мақтан тұтамыз» деген тақырыппен хат жолдады.

Берік Жағыпаровтың Азаттыққа хабарлауынша, Жезқазған аймағы белсенді жұмысшылары Польшадағы президент сайлауында Балли Мажецтің кандидатурасын қолдауға шақырып, Польша жұмысшыларына үндеу жолдамақ. Олар қазір осы үндеуге қол жинап жатыр.

САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАСЫ 

Азаттық тілшісінің «Президент сайлауына нақты кандидат ретінде қатысу үшін тиісті 100 мың қол жинай аласыз ба?» деген сұрағына Балли Мажец «Қазір осы мақсатта жұмыс істеп жатырмыз» деп жауап берді.

Балли Мажецтің сайлауалды бағдарламасында «Польша 1989 жылы қол жеткізген азаттықтан айырылып қалмау жолында, азаматтық құқықтар үшін күн сайын күресу керек, өйткені әлі қиянат жасаушылар көп» деп жазылған. Балли Мажец кедейлікпен күресті екінші орынға қояды. Бір қызығы, Балли Мажец бағдарламасының үшінші тармағы қазіргі заманға сай әскери техника мен қару-жарақпен жабдықтау арқылыармияны жаңартып, Польшаның қарулы күштерінің жауынгерлік әзірлігін күшейтуге арналған.

 — Солдат саны мен қару-жарақты көбейте бермей, қазіргі заманға сай сапалы армия ұстау керек, — дейді Балли Мажец.

Наурыздың 16-сы күні Польшаның орталық сайлау комиссиясы Польша президенттігіне кандидат Балли Мажецтің сайлау штабын тіркеді. Президенттікке үміткерлер саны — 25 адам. Сайлау мамырдың 10-ы күні өтеді. Үміткерлер тізімінде Польшаның қазіргі президенті Бронислав Комаровский де бар.

http://www.azattyq.org/content/kazakhstan_poland_president_election/26908734.html