АЛТЫНОРДА
Новости

Порошенко: Ресей әскерін әкетіп, шекараны жапсын

Австралияда сапармен жүрген Украина президенті Петр Порошенко Ресей билігін Украина территориясынан әскерін әкетіп, ресей-украин шекарасын жабуға шақырды.

Петр Порошенко Австралия премьер-министрі Тони Эбботпен бірлесе өткізген баспасөз жиынында «Ресей Украинамен шекарасын жапса, елде бірнеше аптада бейбітшілік пен тұрақтылық орнайтынына» сенім білдірді. «Украина тек өзінің тәуелсіздігі, территориялық тұтастығы үшін ғана соғысып жатқан жоқ. Біз еркіндік, демократия және бейбітшілік үшін соғысып жатырмыз» деді ол.

Киев пен Батыс елдері Мәскеуді Донбасста әрекет ететін ресейшіл сепаратистерді қаржыландырып, әскери дайындықтан өткізеді және Украинаға әскер жөнелтеді деп айыптайды. Бірақ Ресей мұны жоққа шығарып, Украинаның шығысындағы қақтығыстарға қатысы жоғын айтады.

Тони Эббот та Украинадағы қақтығысты тоқтатып, ондағы ресейлік әскерилерді шығаруға шақырды. Ол «Ресей қыркүйекте қол қойылған келісімді сақтауы тиіс» деді. Эбботтың айтуынша, Австралия Украинаның Ресейге энергетикалық саладағы тәуелділігін азайту үшін Киевке уран мен көмір беруі мүмкін.

Желтоқсанның 9-ынан бастап Петр Порошенконың бастамасымен Украинаның шығысында ұрысты тоқтату режимі жарияланған. Таяу күндері Минскіде қақтығысты реттеу жөніндегі келіссөздердің келесі кезеңін өткізу жоспарланып отыр.

http://www.azattyq.org/archive/news/20141211/330/330.html?id=26736867