Жақында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Теміртаудағы металлургиялық комбинатына технологиялық аудит жүргізілмекші.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Теміртауға барған жұмыс сапарында мәлімдеді.
Аймаққа ат басын бұрған Үкімет басшысы алдымен № 5 кокстық батареяның түтін трубасын қалпына келтіру жұмыстарының және №1 газдан тазарту конверторы жүйелері құрылысының барысымен танысты. «Арселор Миттал Теміртау» АҚ атқарушы директорының жөндеу жұмыстары бойынша орынбасары Вадим Басин жұмыстың жоспарланған кесте бойынша жүріп жатқанын, өндірісте іркіліс жоқтығын хабарлады. Кестеге сәйкес тамыздың басында қайта құру жұмыстары аяқталып, бесінші және жетінші кокстық батареялар қалыпты жұмыс тәртібіне көшетін болады.
«АМТ» АҚ жұмысы мен Теміртаудың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселелері бойынша кеңес барысында С.Ахметов тұтастай алғанда қала тіршілігінің «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның тиімді және тұрақты жұмыс істеуіне тәуелді екенін атап өтті.
Соңғы уақытта комбинатта өндірістік көрсеткіштердің кеміген. Үкімет басшысының айтуынша, оған домна пештерінің ырғақты жұмыс істемеуі мен жабдықтардың тозуы себеп.
Сондай-ақ, проблемалар қатарында жаңғырту жоспарының, нақты міндеттердің, табиғатты қорғау шараларының толық орындалмауы, дайын өнімдерді сату саясатының барынша жетілдірілмеуі, еңбек қатынастарының мүмкіндігінше жақсартылмауы мәселелері аталды.
Кеңес барысында Премьер-Министр кәсіпорынға технологиялық аудит жүргізуге, кемшіліктерді жою мен өндірістік процестердің тиімділігін арттыру бойынша нұсқаулар әзірлеуге өкім етті.
Еңбек қатынастары мәселесіне көңіл бөлген С.Ахметов бүгінгі күнге нақты еңбек құрамының белгіленген нормативтен төмен екенін атап көрсетті. Компанияның қызметкерлер санын қысқарту саясатын сынға алды.
«Бұл нормативтерді кәсіпорынның өзі дайындап, ол кәсіподақпен келісіліп, ИЖТМ оны бекіткен болатын. Енді нормативті төмендетуге ешкімге ерік берілмейді. Бұл жерде жауапкершілік мәселесі тұр, осы ережені ұстану қажет»,-деді бұл мәселеге байланысты Премьер-Министр.
Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің мәліметінше, АМТ комбинатында вальцовщиктер 41 адам болуы керек болса, іс жүзінде олардың саны- 34 қана. Агломерациялық өндірісте 454 адам болуы керек, ал жұмыс істеп жүргені 403 адам. Кокс-химия өндірісінде 858 адам жұмыс істейді екен. Ал, норма бойынша 867 адам болуы керек.
Үкімет басшысы сонымен бірге компания травматизмді төмендету жөніндегі шараларды өткізуге жауапкершілікпен қарау қажеттігін атап өтті.
Сондай-ақ С.Ахметов өндірісте жарақат алуды азайтуды, сақтандыру төлемдері бойынша оң шешім қабылдауды, табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру бойынша саясатты қайта қарауды тапсырды.
«Бұл нормативтерді кәсіпорынның өзі дайындап, ол кәсіподақпен келісіліп, ИЖТМ оны бекіткен болатын. Енді нормативті төмендетуге ешкімге ерік берілмейді. Бұл жерде жауапкершілік мәселесі тұр, осы ережені ұстану қажет», — деді бұл мәселеге байланысты Премьер-Министр.
Сондай-ақ, С.Ахметов өндіріс жарақаттылығын азайту, сақтандыру төлемдері бойынша шешім қабылдау, табиғатты қорғау шараларын жүзеге асыру бойынша саясатты қайта қарау қажет деп есептейді. Компанияның өз жұмыскерлері алдындағы әлеуметтік жауапкершілігі мәселелеріне назар аудартқан, Үкімет басшысы компания басшылығының жұмыскерлерінің әлеуметтік қамсыздандырылуына қамқорлық жасауы тиіс екенін атап көрсетті.
Бұдан басқа, Серік Ахметов ИЖТМ-ға өндірісті жаңғырту мен әртараптандыру тұжырымдамасын ішкі нарық сұранысын есепке ала отырып қайта қарауды тапсырды. Кешенді шаралар қабылдаудың қажеттілігін айтқан Үкімет басшысы компания жағымен қатар мемлекет тарапынан да кешенді шаралар қабылдану қажеттігіне тоқталды. Ол жауапты тұлғаларға кәсіпорынның ырғақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша тұрақты әрі қатаң бақылауды жүзеге асыруды тапсырды.
«Компанияның жұмысы Мемлекет басшысының айрықша назарында», — деді С.Ахметов.
АМТ-ның металлургиялық комбинатының ғимараттары мен құрылыстарына технологиялық аудит өткізу қажет. Үкімет басшысы Теміртаудағы жиында осы мәселеге айрықша тоқталды.
«Ғылыми-зерттеу институттарын жұмылдыра отырып, технологиялық аудит өткізу керек. Осы тексерістің нәтіижесінде табылған проблемаларды жою жөнінде ұсыныстар дайындау керек», — деді Серік Нығметұлы.
Ресми деректерге қарағанда 2012 жылы комбинатта 18 апат болған. Оның екеуі ірі апат. Ал, биылғы жыл басынан бері 8 апат болыпты. Соның біреуі ірі апат.
Кеңестің екінші маңызды тақырыбы Теміртаудың әлеуметтік-экономикалық дамуы мәселесі болды. Бұл орайда Қарағанды облысының әкімі Б.Әбдішев баяндама жасады.
Аймақ басшысының мәлімдеуінше, облыста өнеркәсіп өнімдері өндірісінің көлемі 0,8%-ға, ауылшаруашылық кешенінің өндіріс көлемі 3,6%-ға, тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 10,1%-ға, негізгі капиталға инвестиция 1,5 есеге өскен. Шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны 5%-ға артқан.
Аймақтың дауына мемлекеттің салалық бағдарламалар арқылы қолдауы ықпал етуде.
Атап айтқанда, мемлекеттік және салалық бағдарламаларды жүзеге асыру аясында 2015 жылға дейін 367 миллиард теңге игеріліп, облыс жұртшылығының 77%-ы қамтылады.
2011 жылдан бастап облыста Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы аясында 13 миллард теңгеден астам қаржы бөлінген.
Жалпы алғанда бағдарлама инфрақұрылымды және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамыту, кәсіпкерлікті және тірек ауылдарды дамыту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу, оқуты мен қоныстандыру арқылы еңбекпен қамту жолы арқылы 15 мыңнан астам адамды қамтыды.
Бизнестің жол картасы-2020 бағдарламасы аймақта кәсіпкерліктің дамуына жаңа мүмкіндіктер ұсынды. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері шағын және орта бизнестің 290 жобасына қолдау көрсетілген. Қолдау құны 2,5 миллиард теңге. Нәтижесінде 33 мыңнан астам жұмыс орны сақталып, жаңадан 6,5 мың жұмыс орны ашылған.
ТКШ-ны жаңғырту бағдарламасы аясында 2016 жылға дейін 544 үйді жөндеу жоспарланған. Бұл жөндеу күтіп тұрған үйлердің санын 19%-ға азайтуға мүмкіндік бермек.
Тұрғын үй құрылысы туралы айтатын болсақ, 2011 жылдан бері 670 мың шаршы метр тұрғын үй пайдаланылуға берілген.
2020 жылға дейін тағы көлемі 3 миллион шаршы метрден астам баспана тұрғызу көзделген.
Бұл 38 мың отбасының баспана мәселесін шешіп, кезекті толығымен жоюға мүмкіндік бермекші.
Алайда сонымен қатар өңдеу саласында өндірістің төмендеуі байқалады. Оның себебі Қазақмыс Корпорациясына қарасты кеніштеріндегі кен құрамында мыстың азаюы, Иран бағытындағы өткізу нарықтарын жоғалту және «АрселорМиттал Теміртау» өндіріс орындарының апатты жағдайда болуы екеніне тоқталды облыс әкімі.
Осы орайда ішкі резервтер есебінен өнеркәсіпте жартыжылдық қорытындысы бойынша ілгерілеушіліктің сақталуына қол жеткізіліп отыр. Бұл өсім жыл соңына дейін жалғасады деген үміт бар.
Сөз соңында Бауыржан Әбдішев Үкімет басшысына Теміртауда республикалық деңгейде шешілуге тиісті бірнеше проблема бар екеніне тоқталды. Олардың арасында қауіптілігі аса жоғары 2 миллион тонна қалдық көмілген «Апан» полигонын Қоршаған ортаны қорғау министрлігінің «Жасыл Даму» балансына беріп, республикалық бюджеттен қаржыландыру, комбинат аумағына жинақталған қатты минералдық қалдықтарды мемлекет меншігіне өткізу, «Қолжетімді баспана», ТКШ-ны жаңғырту және Шағын қалаларды дамыту бағдарламаларына республикалық бюджеттен мақсатты трансферттер бөлгізу секілді мәселелер бар.
Бұл мәселелер сараланып, алдағы уақытта тиісті шешімдер қабылданатынын айтқан Үкімет басшысы көптеген проблемалық мәселелерді шешу үшін даму бағдарламаларына енгізілген мемлекеттік қолдау шараларын барынша пайдалануды нұсқады.
Қ.Жұмағалиұлы
ҚАРАҒАНДЫ