Қазақстандағы президенттік сайлаудың «»ардагері», Табиғат» атты экологиялық ұйымның башысы Мэлс Елеусізов президенттік сайлаудан бас тартатыны туралы мәлімдеді, деп хабарлайды «Алаш айнасы» порталы.
Бұған дейін М.Елеусізов президенттікке үміткер ретінде Орталық сайлау комиссиясына келіп, қажетті құжаттарды тапсырған болатын. Бүгін ол тіл емтиханын тапсырып, мемлекеттік тілді еркін меңгергенін дәлелдеуі тиіс еді. Алайда М.Елеусізов сайлаудан бас тартатынын мәлімдеп, аталған шешімнің негізгі себептерін атап берді.
«Біріншіден, ақшаның жоқтығы (биылғы сайлауға қатысушы әрбір үміткер 1 миллионнан астам теңгені құрайтын жарнаны төлеуі тиіс. Егер ол 100 мыңға жуық дауыс жинаса, онда ол ақша қайтарылады — авт.). Мен ол туралы айтқанмын. Қысқа уақыттың ішінде мен сайлау науқанына қажетті қаржыны таба алмадым. Сондықтан өзімді де, басқаларды да қинамас үшін, өз кандидатурамды алып кетуге шешім қабылдадым. Екіншіден, қысқа уақыттың ішінде мен 100 мың дауысты жинай алмаймын. Негізгі екі себеп – осы «, — дейді М.Елеусізов.
Айта кетейік, «Табиғат» атты экологиялық ұйымының басшысы М.Елеусізов бұған дейін екі рет президенттік сайлауға қатысқан. Осы жолы да ол өзінің сайлау бағдарламасында экологиялық мәселелерді көтеруді көздеді.
Автор: Арман АСҚАР
Толығырақ: http://alashainasy.kz/politic/prezidenttk-saylauga-tusu-ushn-aksham-jok—meleuszov-65509/
материалды қалай болсын қолдану тек қана Alashainasy.kz сілтемесімен бірге рұқсат етіледі