АЛТЫНОРДА
Новости

Президенттіктен үміткер Порошенко – жұмбақ саясаткер

Украина президенті болудан үміткер Петр Порошенко. Париж, 7 наурыз 2014 жыл.Петр Порошенко – Украинаның ең ауқатты адамдарының бірі. Ол мемлекеттік деңгейдегі саясатқа 1998 жылдан бері араласып келеді. Бірақ көпшілік үшін ол – әлі қоғамдық бейнесі толық қалыптаспаған елеусіз тұлға.

48 жастағы кәсіпкердің сайлауда жеңіп, Украинаны қазіргі экономикалық және саяси дағдарыстан алып шығуға, Ресейге қарсы тұруға шамасы жете ме?

КЛИЧКО ҚОЛДАЙТЫН ПОРОШЕНКО

Сауалнама жүргізгендер Петр Порошенконы Украинада мамырдың 25-інде өтетін президенттік сайлаудың басты үміткері ретінде көрсетіп отыр. Жауап берушілердің 25 пайыздайы Порошенконы қолдайтындарын айтқан. Енді тек әліптің ақырын күту қалды.

Наурыздың 29-ы күні Порошенкоға айтарлықтай қолдау көрсетілді. Сауалнамалар нәтижесінде 9 пайызбен екінші орында тұрған үміткер – бокстан

Виталий Кличко Петр Порошенконы қолдайтынын білдіріп тұр. Киев, 29 наурыз 2014 жыл.Виталий Кличко Петр Порошенконы қолдайтынын білдіріп тұр. Киев, 29 наурыз 2014 жыл.

бұрынғы әлем чемпионы, жұртқа ұнамды Виталий Кличко жарыстан шығып, Порошенконы қолдайтынын айтты.

«Украинаның мүддесі үшін, оның біртұтастығын сақтап қалу үшін президенттік сайлауға біріккен демократиялық күштерден ортақ ұсынылған кандидат Петр Порошенкоға қолдау көрсетемін» деді Кличко.

Кличко Киев мэрі орны үшін сайлауға түсетінін айтты. Ал Порошенко президенттік болу үшін бұрынғы премьер-министр Юлия Тимошенкомен, Аймақтар партиясы мүшесі Михаил Добкинмен, оң қанаттағы «Свобода» партиясының жетекшісі Олег Тягнибокпен және басқа да үміткерлермен таласады. Үміткерлерді тіркеу сәуірдің 4-іне дейін жалғасады.

Жоғарыда айтылған Киевтегі Кличконың қатысуымен өткен баспасөз конференциясында Порошенко да кампаниясын бірлікке шақырудан бастады.

«Елімізге бірлік қажет. Бұл бізді алғашқы турдың өзінде-ақ – президенттік сайлауда және астана әкімін сайлауда жеңіске жеткізеді» деді ол.

48 жастағы Порошенко әйгілі «Рошен» шоколад фабрикасының иесі ретінде танымал миллиардер. Оның дәулетін 1 миллиард 300 миллион долларға жуық деп бағалайды.

«САЯСИ ХАМЕЛЕОН»

Порошенко 2000 жылы Аймақтар партиясының негізін қалаған. (Бұл саяси құрылымның кейін Виктор Януковичті билікке алып келгені белгілі). Алайда Порошенко бір жылдан соң президент Леонид Кучмадан кетіп, Виктор

Петр Порошенко (оң жақта) парламентте отыр. Киев, 13 қараша 2013 жыл.Петр Порошенко (оң жақта) парламентте отыр. Киев, 13 қараша 2013 жыл.

Ющенконың «Наша Украина» партиясының басты қолдаушысы әрі қаржылай демеушісі болады.

Порошенко 2004-2005 жылдарда «Қызғылт-сары» революцияны қолдап, Ющенконың үкіметінде қызмет етті, 2009-2010 жылдары сыртқы істер министрі қызметін атқарды.

Порошенко 2012 жылы президент Януковичтің қол астында сауда және экономикалық даму министрі лауазымын иеленді. Ол бұл орында сегіз ай қызмет еткен. Бұдан соң парламентке Украинаның орталығындағы Винница қаласынан сайланған тәуелсіз депутат ретінде қайта оралды. «Еуромайдан» шерулеріне қаржылай көмек көрсетті деген сөздерге қарамастан, ол шеру кезінде ешқашан жетекші роль атқарған емес.

«ЕЛЕУСІЗ САЯСАТКЕР»

Киевтік тәуелсіз сарапшы Иван Лозовой Порошенконың сауалнама кезінде көп дауыс алғанына таңданатынын айтады.

«Ол соңғы бірнеше жылда ешбір әрекетімен көзге түскен емес. Оған қатысты оқыс оқиғалар да болған емес. Соңғы бірнеше айда да назар аударарлық ештеңе жасаған жоқ. Оның телеарнасы бар, соны ауық-ауық форум ретінде пайдаланып тұрады. Телеарна оны ұзақ сұқбатқа шақырып отырады. Әрине, өзге саясаткерлерді де шақырады, сондықтан бұл азды-көпті үйлесімді көрінеді. Бірақ ол бұрын-соңды сәл де болса назар аударатындай ештеңе жасаған емес» дейді сарапшы.

Лозовой «Порошенко сауалнамалардағы нәтижесін асырып көрсету үшін ақысын төлеп қойған болар деп» күдіктенеді. Бұл – Украинада қалыпты жағдай. Оның айтуынша, жуырда өткен бір сауалнамада «Порошенконың «Солидарность» партиясы жайлы естуіңіз бар ма?» деген сауалға респонденттердің бәрі дерлік «жоқ» деп жауап берген.

Порошенконың саяси қайраткерлігі шарықтау шегіне наурыздың 12-сі күнгі саяси

Петр Порошенконың (оң жақта) ресейшіл шерушілер арасына түсіп қалған кезі. Симферополь, 28 ақпан 2014 жыл.Петр Порошенконың (оң жақта) ресейшіл шерушілер арасына түсіп қалған кезі. Симферополь, 28 ақпан 2014 жыл.

дағдарыста жеткен болар. Сол түні ол Қырым астанасы Симферопольға сапар шегіп, түбектің Ресейге қосылуына жол бермеуге талпыныс жасаған. Интернетте тарап кеткенвидеода қаланың қараңғы көшесінде жүрген Порошенко, оның соңынан ұрандап келе жатқан жүздеген ресейшіл шеруші бейнеленген.

Киев-Могилев академиясының саясаттану профессоры Андреас Умланд «Порошенконың украиналықтардың алдындағы беделін Симферопольдегі сол түнгі оқиға көтерген болар» деп болжайды.

«Ресейшіл шерушілердің не Ресей солдаттарының қуғаны Порошенконың жай ғана олигарх емес, сенімді әрі байсалды саясаткер болып көрінуіне көп үлесін қосқан шығар» дейді сарапшы.

«ПОРОШЕНКОҒА ҚАУІП – ТИМОШЕНКОДАН»

Порошенко Украинаның Еуропа Одағымен интеграциялануын жүйелі түрде қолдап келді. Ресей Порошенкоға бағытталған сауда соғысында «Рошен» кәмпиттеріне эмбарго жариялағанда, ол қоғамның қолдауына ие болды.

Сыртқы істер министрі болғанда Порошенко Украинаның НАТО-ға мүше болуын жақтайтын. Алайда бұл позициясын президенттік сайлау науқанында пайдаланар-пайдаланбасы белгісіз.

Сарапшы Лозовой: «Порошенконың таяп қалған науқандағы перспективалары танымал Кличконың оған қолдау көрсету-көрсетпеуіне байланысты. Кличконың Майдан шерулеріндегі елеулі рөлі оның беделін асырады» дейді.

Сарапшының сөзінше, Порошенконың мүмкіндігі оның қанша қаражат жұмсайтынына да байланысты.

«Тіпті бір не бір жарым ай ішінде телеарна арқылы ауқымды блиц ұйымдастыруға аса қомақты қаражат кетеді. Біз ондаған миллион доллар жайлы

Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко жақтастары алдында сөйлеп тұр. Киев, 29 наурыз 2014 жыл.Украинаның бұрынғы премьер-министрі Юлия Тимошенко жақтастары алдында сөйлеп тұр. Киев, 29 наурыз 2014 жыл.

айтып отырмыз. Ең кемінде 10 миллион доллар. 1 не 2 миллион доллар сияқты азын-аулақ қаражат Украина бойынша ештеңеге ықпал етпейді» дейді Лозовой.

Сайлаудағы Порошенкоға әсер ететін басты қарсыластың бірі – Тимошенко.

«Әрине, Украинада Тимошенкодан біраз шаршағандық бар. Дауыс берушілердің көбі «оның ел басқаруға мүмкіндігі болған еді» деген ойда. Алайда ол – ұлттық компанияларда қызмет еткен әрі қарапайым халықпен араласқан саясаткер» дейді Лозовой.

«Халықтың алдына шығып пікір сайыстырғанда Порошенконы Құдай сақтасын. Тимошенко оның тас-талқанын шығарады. Бұл – оған зор уайым» дейді сарапшы.

Ал ресейлік саяси сарапшы Владимир Фесенко Азаттыққа берген сұхбатында «Порошенко Тимошенко сияқты шулы саясаткер емес, әрі жауапкершілігі де одан жоғары, негативті рейтингі оған қарағанда әлдеқайда төмен» екенін айтады.

«Оған потенциалы мықты саяси лидер және дағдарыс жағдайындағы білікті басшы ретінде қарайды» дейді Фесенко.

(Азаттық тілшісі Роберт Коалсонның мақаласын ағылшын тілінен аударған – Әзина Мақұлжан).