АЛТЫНОРДА
Новости

«Протон» құлаған орында санитарлық көрсеткіш нормаға сай

434_13b238e3e429d6050ab49a439d7cf6fbАстана. 4 шілде. Baq.kz – «Протон-М» құлаған аумақта жүргізілген зерттеудің бастапқы нәтижелері бойынша, ондағы санитарлық көрсеткіш нормаға сай екендігі анықталды. Бұл туралы Қызылордаға келген еліміздің бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин мәлімдеді.

Оның айтуынша, төтенше жағдай болған сәтте-ақ санитарлық қызмет мамандары оқиға орнына жақын маңдағы елді мекендерді анықтап алған. Олар – Төретам, Ақай, Жосалы кенттері және Байқоңыр қаласы. Аталған елді мекендерде санитарлық мониторинг жүргізілген.

Нәтижесінде улы заттардың шекті мөлшерден аспағаны белгілі болды. Қазіргі уақытта ресейлік тарап полигон аумағында детоксикациялық жұмыстарды қолға алды. Осы шаралар аяқталғанға дейін төтенше оқиғаның салдарын анықтау үшін су, топырақ және ауа сынамалары алынбақ.

Абырой болғанда, зымыран полигон территориясына құлаған кезде ауа-райы желсіз болған. Бұл улы бұлттың таралып кетпеуіне мүмкіндік берген. Жарылыс кезінде гептил толық жанып кетіп, оның құрамындағы өнімдерді өткінші жауын залалсыздандырған.

Бұрын қабылданған қауіпсіздік (көлік қозғалысын тежеу, сауда орындарын жабу) шаралары кеше түсте тоқтатылды. Ж.Бекшин «алаңдауға негіз жоқ» деп отыр.
 

http://www.baq.kz/kk/news/31676