АЛТЫНОРДА
Новости

Психолог қызметін балгерлер атқарып жүр

Натаэланың бал ашатын заттары.Қазір экстрасенс, көріпкел-балгер, дуашы-сиқыршы қызметіне сұраныс көбейді. Мамандар мұның себебін адам дамуының тежелуімен, өз өмірі үшін жауапкершіліктен қашумен байланыстырады.

Балгер Натаэла. Алматы, 20 қаңтар 2014 жыл.

Балгер Натаэла. Алматы, 20 қаңтар 2014 жыл.

 

Кейбір алматылықтар шаштараздан гөрі көріпкелге жиірек барады. Көріпкелдің көмегіне жүгінетіндердің арасында жас-кәрісі аралас, түрлі мамандық иелері бар.

КӨРІПКЕЛДІҢ БИЗНЕС-КЕҢЕСІ

Алматы облысы Есік кентінің тұрғыны Александр Шмидтің жасы 27-де. Бір баласы бар үйлі-баранды жігіттің жұбайы екінші балаға жүкті. Александрдың жеке кәсібі — мал фермасын ұстайды. Ірі қара мал өсіріп, ет сатады. Жас жігіт Азаттық тілшісіне «Натаэла деген көріпкел әйелге бал аштырып жүргеніне екі жыл болғанын» айтады.

— Әке-шешемнен қалған жеке кәсіппен айналысқаныма көп болды. Бизнесім жүрмей қиналған сәтте досымның ақылымен көріпкелге бардым. Ол менің жолымды тазартып, ақша көзін ашып берді. Сол кезден бастап ісім өрледі, — дейді Александр Шмидт.

Александр Шмидт. Алматы, 21 қаңтар 2014 жыл.Александр Шмидт. Алматы, 21 қаңтар 2014 жыл.

Жас жігіт аптасына бір рет көріпкелге телефон соғып, клиентті таңдау туралы кеңеседі. Александрдың тауарын (етті) қарызға сұрайтындар көп. Ал Натаэла қарызды кімге беріп, кімге бермеу керектігі туралы кеңес береді. «Жолын ашып тұру» үшін айына бір рет келіп кетеді.

— Бір кісі 400 мың теңге қарыз алып, көпке дейін қайтармай жүрді. Көріпкел арнайы дұға оқып еді қарызды екі аптада әкеліп берді, — дейді фермер.

«ӘЖЕМНІҢ ДӘПТЕРЛЕРІ»

Көріпкел Натаэла 2009 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің психология факультетін бітірген. Натаэланың айтуынша, бала кезінен аян беретін түстер көріп, экстрасенсорлық қабілеті тоғыз жасында байқала бастаған. «Ондай түстерді қазір де көремін» дейді ол. Ол таныс, туыстарының өмірінде болатын қайғылы оқиғаларды алдын ала болжап отырған. Анасы «жамандықты шақырма» деп талай ұрысқан. Бірақ көрген түстері аянға айналып, жұртты таңғалдырған соң туыстары мұны  пайда көзіне айналдырған.

— Бұл кәсіппен әжем де ұзақ айналысқан, адамдарға көмектескен. Бұл қасиет маған әжемнен дарыған. Теориялық білімім де жеткілікті, кітаптар мен магиялық дуаларды көп оқыдым. Әжемнен қалған дәптерлер бар. Кәсіби көріпкелдікпен айналысқаныма жеті жылға жуықтады. 18 жасымда бастағанмын, — дейді Натаэла көріпкел Азаттық тілшісіне.

Натаэланың бал ашатын заттары.Натаэланың бал ашатын заттары.

Оның алдына таныс, достарынан, туыстарынан естіген жұрт келеді. Күніне кем дегенде 10 клиент қабылдайды. Бір қабылдауының бағасы — 10 мың теңгеден басталады. Оның айтуынша, егер клиент риза болмаса, ештеңе төлемеуіне болады. Ал бал аштыруға ақшасын аямайтын тұрақты клиенттері кейде қыруар ақша тастап кетеді.

— Адамдар тығырыққа тірелген кезде келеді. Мен шындықты ғана айтамын. Егер клиентімнің өмірінде әлдебір қайғылы жайттар болатынын болжасам, ондайды жайлап жеткізуге тырысамын. Өйткені адам болжамға байланысты жоспар құрып алуы мүмкін. Ал мен олардың болашағын түзеймін. Алдыңда не күтіп тұрғанын білсең, алдын ала қам жасауға болады, — дейді Натаэла.

Натаэла бал ашудан басқа да қызметтер көрсетеді. Көріпкел әйелдің айтуынша, ол маскүнемдік дертінен емдейді, әулетке жабысқан қарғыстан арылтады, күйеуі тастап кеткен әйелге ерін қайтарып береді, мамандық таңдауға қатысты кеңес береді. Кейде тосын өтінішпен келетіндер де бар. Оның айтуынша, ірі тонау ісін тергеу амалдары тығырыққа тірелген кезде алдына тергеуші де келген. «Ақыры менің ақыл-кеңесімнің арқасында тонаушы бес айдан кейін табылды» дейді Натаэла.

ПСИХОЛОГТЫҢ ПІКІРІ

Психолог Татьяна Журавлева балгер, көріпкелдер алдына келген адамның ойындағы ақпаратты оқып алатын жақсы психолог дейді.

Алматы көшелерінің бірінде отырған құмалақшы Раушангүл. (Көрнекі сурет)Алматы көшелерінің бірінде отырған құмалақшы Раушангүл. (Көрнекі сурет)

— Көріпкелдің эмпатиялық (басқа адамды сезу) қасиеттері бар. Алдына келген жанның ыңғайына бірден көшіп, қай бағытта сөйлеуді біліп отырады. Бал ашу құралдарындағы белгілер адамның түпкі түйсігіндегі ақпараттарды шығарады, — дейді Татьяна Журавлева Азаттық тілшісіне.

Психологтың пікірінше, көріпкелге жұрт демеу іздеп, өзін жұбату үшін барады. Әдетте адамдар көріпкелдік болжамның жағымсыз сәттерін елемейді.

— Олар сәл бірдеңе болса анасына жүгіретін кішкентай бала сияқты. Үп-үлкен кісілер «өмірімді балгер, көріпкел жөндеп береді» деп ойлайды. Балгер, көріпкелдерге әдетте иланғыш адамдар барады, — дейд Татьяна Журавлева.

http://www.azattyq.org/